Коронавирустың бір белгісі конъюктивит болуы мүмкін
Atr.kz/30 наурыз, 2020 жыл. Коронавирус дертіне шалдығудың бір белгісі конъюктивит болуы мүмкін.
Бұл туралы Американдық офтальмология академиясының дәрігерлері мәлімдеді деп хабарлайды Қазақстанда коронавирусқа қарсы күреске жұмылдырылған жедел штаб.
«Бұл жерде әңгіме жеңіл формадағы фолликулярлы конъюктивит туралы болып отыр. Бұл конъюктивиттің кез келген вирустан туатын аурудан еш айырмашылығы жоқ. Сондықтан, көз дәрігерінің қабылдауына әрі конъюктивитпен, әрі дене қызуымен келген пациенттерге ерекше назар аудару керек» делінген Американдық офтальмология академиясының бас дәрігері Джеймс Чодоштың мәлімдемесінде.
Еске сала кетелік, елорда уақытымен 00.30 сағаттағы мәлімет бойынша, елімізде коронавирус індетін жұқтырғандар саны 284 адамға жетті. 20 адам вирустан жазылып шықты. Бір адам көз жұмды.
Атырауда қазір 12 адам аталмыш дерттен емделіп жатыр. Қазіргі таңда елорда, Алматы және Атырау қалалары карантин жағдайында. Ақтау қаласына бірқатар шектеулер енгізілді.
Баян ЖАНҰЗАҚОВА