ШҰҒЫЛ! Коронавирусқа қарсы қазақстандық вакцинаны клиникалық зерттеу басталды
atr.kz/17 қыркүйек, 2020 жыл. Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитетінің Биологиялық қауіпсіздік проблемалары ғылыми-зерттеу институтында әзірленген коронавирус инфекциясына қарсы QazCovid-in вакцинасын клиникалық зерттеу басталды.
Бұл туралы atr.kz – ге Білім және ғылым министрлігінің баспасөз-қызметі хабарлады.
Құжаттар мұқият тексерілгеннен кейін Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі QazCovid-in® қазақстандық вакцинасын клиникалық зерттеудің I/II фазасын жүргізуге рұқсат берді.
«Бірінші және екінші кезең шеңберінде еріктілерді вакцинациялау жүргізіледі. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы вакцинациялауға рұқсат берді. Клиникалық зерттеуге тек 244 ерікті қажет болатын.
Алайда, Биологиялық қауіпсіздік проблемалары ғылыми-зерттеу институтына (БҚПҒЗИ) Қазақстанның барлық өңірінен клиникалық зерттеулерге қатысуға ниет білдірген еріктілерден он күннің ішінде түскен өтініштер саны әлдеқайда көп болды. Хабарландыру шыққаннан кейін бірнеше күн өткен соң өтінішдерді қабылдауды тоқтатуға мәжбүр болдық. Отандастарымызға ғылым саласына көрсеткен қолдаулары мен сенімдері үшін алғысымызды білдіреміз», – деп мәлімдеді ҚР Білім және ғылым вице-министрі Мирас Дәуленов.
Вакцинаны клиникалық зерттеу 18-50 жас аралығындағы дені сау ересек еріктілер арасында жүргізіледі. Вакцинаның қауіпсіздігін анықтауға бағытталған зерттеудің I фазасына коронавируспен ауырмаған және антиденелері жоқ 44 ерікті қатысады. Иммуногенділікті зерттеуге бағытталған екінші фазада 200 еріктінің қатысуы жоспарланып отыр.
БҚПҒЗИ-ға Қазақстанның барлық өңірінен клиникалық зерттеулерге қатысуға ниет білдірген еріктілерден 688 өтініш келіп түскенін айта кеткен жөн. Енді олар скринингтен өтіп, вакцинацияланатын еріктілер тобы құрылады.
Клиникалық зерттеулер аккредиттелген клиникалық база – ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің «Ұлттық фтизиопульмонология ғылыми орталығы» РМК және GCP стандарты бойынша сертификатталған база – «Сentre for Clinical Medicine and Research» ЖШС-де өтеді.
2020 жылдың 26 шілдесінде QazCovid-in вакцинасын БҚПҒЗИ бас директоры К. Д. Закария бастаған жеті әзірлеуші ғалым, кейін жиырма ғалым өздеріне салдырғанын естеріңізге сала кетейік. Қазақстандық ғалымдарда иммунитеттің жоғарылауы байқалып, талдау нәтижелері вакцинаның қауіпсіздігі мен жоғары иммуногенділігін көрсетті. Бүгінгі таңда қызметкерлердің жағдайлары жақсы, жұмыстарын жалғастырып жатыр.
Бұған дейін хабарлағанымыздай, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы (ДДСҰ) 2020 жылғы 15 мамырда қазақстандық коронавирусқа қарсы белсенділігі жойылған вакцинаны кандидаттық вакциналар тізіміне, ал 29 тамызда клиникалық сынақтарға жіберілген вакциналардың қатарына қосты.