Коронавируспен күрес атыраулық кәсіпкерлердің басын біріктірді (+ФОТО)
Аtr.kz/17 сәуір, 2020 жыл. Дәл қазір шартарапты қатерлі індет шарлаған шақта бірлескен көмек ауадай қажет болып тұр. Әсіресе, бірлескен істе береке барын ұғынған кәсіпкерлер барын салып жатыр.
Атырауда да жергілікті кәсіп иелері COVID-19 инфекциясымен күресті күшейтуге атсалысуда. Олар медицина қызметкерлері мен жедел штаб өкілдеріне белсенді түрде қол ұшын беруде. Игі іске өзгелерді де шақырып отыр.
Бұл қатарда шетелдік «ESS Support Services – Compass Group» компаниясын атап өтуге болады. Оның Қазақстаннан ашылған бөлімшесі жұмыс жасайды. Бүгінде аталған мекеме медицина қызметкерлеріне 1000 маска, 100 литр санитарлық тазартқыш сұйықтық таратуды қолға алды.
Қоғамдық тамақтану және көлік қызметтерін ұсынатын компанияда қазір бес мыңға жуық адам қызмет етеді. Солардың бәрі де қажетті гигиеналық қорғаныс құралдарымен қамтамасыз етілген. Соған қарамастан, қордағы құралдарды аурумен арпалысқан ақ халатты абзал жандарға таратуды жөн көріпті.
Бұған дейін де бұл мекеме балалар үйін жаңа кітаптармен, санитарлық заттармен қамтамасыз етіп келген. Демек, бұл бағытта аз-мұз тәжірибесі бар деген сөз.
Сол секілді, әртараптандырылған «Tesla-Tan» құрылыс компаниясы да қиын кезде қолдау көрсетуге асық. Мекеме өкілдерінің күшімен Береке ықшамауданындағы карантин орталығына 200 жиынтық төсек-орын сатып алынды. Енді мұндағы жаңа үйлерге науқастармен байланыста болғандарды алаңсыз көшіе беруге болады.
Осы орайда, Төтенше жағдай режимін қамтамасыз ету жөніндегі жедел штаб мүшелері де жанашыр жандарға зор алғыстарын білдірді. Олардың айтуынша, медициналық маска, қорғаныш костюмдері мен санитарлық тазартқыш құралдарға деген қажеттілік күн сайын артып келеді. Сондықтан әлі де болса кәсіпкерлердің көмегі керек-ақ.
Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ
(Суреттер АӨК қызметінен алынды)