Коронавирус жұқтырған дәрігерлерге өтемақы беріле ме?
atr.kz/25 қыркүйек, 2020 жыл. Нұрлыбек Қабдықапаров өтемақы талап етіп жатқан индерлік дәрігерлер мәселесіне түсінік берді.
«Коронавируспен күрес кезінде қатерлі дерт жұқтырған медициналық қызметкерлерге өтемақы төлеу мәселесі заң шеңберінде шешілуде» деп хабарлайды Атырау облысы денсаулық сақтау басқармасының баспасөз-қызметі.
«Бүгінгі күні коронавирус инфекциясынан көз жұмғандар және вирус жұқтырған медициналық қызметкерлерге өтемақы төлеу бойынша арнайы комиссияның бесінші отырысы болып өтті. Комиссия 232 медициналық қызметкердің құжаттарын қарады. Құжаттар бойынша шешім кезең-кезеңімен қабылданады.
Ал, Индер ауданы бойынша медициналық қызметкерлердің жазып жатқан арыз-шағымдарына байланысты өтемақы төлеу жайының бір күнде қаралып бітетін мәселе емес екендігін атап өткім келеді. Комиссия мүшелері керекті медициналық карталар, еңбекке жарамсыздық жөніндегі құжат және диагнозды басшылыққа ала отырып, шешім қабылдайды. Бастысы, медициналық қызметкерлер жетіспей жатқан құжаттарды уақтылы тапсыруы керек. Осыған сәйкес, мәселе заң шеңберінде шешіледі» деді Атырау облысы денсаулық сақтау басқармасының басшысы Нұрлыбек Қабдықапаров.
Еске сала кетелік, бүгінгі күні пандемиямен күрес кезінде коронавирус жұқтырған атыраулық медициналық қызметкерлерінің ішінде 88 адамға әрқайсысына 2 миллион теңгеден өтемақы төленді.
Және пандемия салдарынан көз жұмған үш медициналық қызметкердің отбасының әрқайсысына 10 миллион теңгеден өтемақы берілді.
Ал, коронавируспен күреске жұмылдырылған медициналық қызметкерлердің жалақысына үстемеақы ай сайын төленуде. Сондай ақ, Атырау облысында коронавирус инфекциясынан көз жұмғандар және вирус жұқтырған медициналық қызметкерлерге өтемақы төлеу бойынша арнайы комиссияның жұмысы жалғасуда.