КОРОНАВИРУС: алаңдауға негіз бар ма?

tass 38597123.jpg 1582534580 23561 vid657239e Жаңалықтар

Atr.kz/10 наурыз, 2020 жыл. Көпті дүрліктірген коронавирустық инфекцияның таралуының алдын алу – басты мақсат. Бұл ретте бүгінде облыста қандай жұмыстар атқарылуда? Дертті жұқтырмаудың жолдары қандай? Осы және өзге де сауалдарға жауап іздедік.

Облыстық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті басшысының орынбасары Амантай Жұмағалиевтен білгеніміздей, қазіргі уақытта коронавирустық инфекциямен аурушаңдық бойынша қолайсыз елдер қауіптілік деңгейіне қарай санаттарға бөлінді. Ақпанның жиырмасынан бастап бүгінге дейін облыста 1 А категориясы бойынша екі адам оқшауланды. Оның біреуі шетел азаматы.  Ал, 1 Б категориясы бойынша – 23, екінші категорияда – 8 адам медициналық бақылауға алынды.

«Олар – дерт жұқтырғандар емес. Сондықтан, тұрғындарға үркіп, қорқуға еш негіз жоқ. Олар аталмыш вирус тіркелген елдерден  келген азаматтар болғаннан кейін 14 күн бойы дәрігерлік қадағалауда болады. Бұдан кейін тұрғылықты жері бойынша медицина қызметкерлері  күн сайынғы қоңырау шалуы арқылы 14 күн ішінде тағы да бақылау жүргізеді. Мұның барлығы – вирустың таралуының алдын алуда атқарылып жатқан жұмыстар. Әрбір адам аурудың алдын алуы қашан да маңызды екенін дұрыс түсінгені жөн» дейді Амантай Төлегенұлы.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасынан білгеніміздей, аймақта қолдаушы терапияға арналған барлық қажетті дәрілік заттар мен медициналық мақсаттағы бұйымдар жеткілікті, жұқпалы ауруханаларда оқшаулауға арналған бокс орындары ұйымдастырылды, дәрігерлік және орта буындық медицина персоналдары дайындалды. Шетелден келгендерді карантиндік оқшаулауда 180 кереует дайындалды.   Коронавирус тіркелген жағдайда ауруханаларда 330 орын жасақталды.

Сондай-ақ, ақ халаттылар жаңа коронавирустық инфекцияның таралуына жол бермеу мақсатында жеке бас гигиенасын қатаң сақтау қажеттігін алға қойды. «Қолды және бетті сабынмен жиі және мұқият жуу керек. Антисептиктерді қолданып, адамдар көп жиналатын жерге бармаған жөн. Суық тию белгілері пайда болған жағдайда, мәселен, дене қызуының көтерілуі, мұрынның бітелуі, жөтел, тамақтың ауруы пайда болғанда, тұрғылықты жері бойынша дәрігерге бару қажет екенін ескертеміз. Тұрғындарға үйден өз еркімен емделуге болмайды. Туындаған сұрақтар бойынша тәулік бойы жұмыс істейтін Call-орталыққа 1406 нөмірі бойынша қоңырау шалуға болады» деген Амантай Төлегенұлы шетелден келген азаматтардың өзін жасырмауы қажеттігін де қаперге берді.

«Инкубациялық кезеңде біз осы адамдардың ауруды жұқтырмағанына толық сенімді болуымыз керек. Шетелдерден келгендердің арасында жұқпалы ауруды таратушылар болса деген қауіппен үшінші тұлғалармен байланыс жасау шектелуі тиіс. Бұл тәсіл барлық елдерде қолданылатын әдеттегі жұмыстар»  дейді Амантай Жұмағалиев.

Алтыншаш ҚҰРМАШЕВА

Гүлнафис ТАҢБАЕВА,

облыстық денсаулық сақтау басқармасы

басшысының орынбасары:

  • Бүгінгі таңда Қазақстанда коронавирус инфекциясы тіркелген жоқ. Министрлік қабылдап жатқан шаралардың барлығы  бірінші кезекте ел аумағына инфекцияның әкелінуінің алдын алуға бағытталған. Елімізде вирустың таралуына жол бермеу мақсатында ауқымды жұмыстар  жасалуда. Біздің аймақта облыс әкімінің өкімімен арнайы штаб құрамы бекітілді. Барлық жергілікті атқарушы органдардың қатысуымен жоспар жасақталды. Мұндай вирус тіркелген жағдайда қандай әрекет етудегі іс-шаралар бекітілді. Құзырлы орган өкілдерімен бірге шекара қызметінде күдікті деп табылатын шетелден келетін азаматтар қатаң бақылауға алынды.
http://atr.kz/bez-rubriki/atyrauda-e%d2%a3beka%d2%9by-ajyrmashyly%d2%93y-auyzdy%d2%9btaldy/
Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз