ҚОР НАРЫҒЫНДА – ЖЕКЕМЕНШІК КОМПАНИЯЛАР

Қазақстанда тұңғыш рет ІРО-ға жекеменшік компаниялар шыға бастады. Енді қор биржасынан кез-келген инвестор «БАСТ» акционерлік қоғамының құнды қағаздарын сатып ала алады. Өткен сәрсенбі күні аталған тау-кен компаниясын нарыққа ІРО-ға шығарушы серіктес қызметін атқаратын «Фридом Финанс» АҚ роуд-шоу ұйымдастырып, акциялардың артықшылықтарын түсіндірді. Бірден айта кетейік, бұл капитал қоры – шағын болса да, листинг тәртібінен өтіп отырған алғашқы компания.

 

Бұған дейін елімізде кенжелеу қалған қор нарығын дамытып, жұртшылықты биржаның қыр-сырына үйретуге бағытталған «Халықтық ІРО» бағдарламасы жүзеге асты. Бірнеше мыңдаған қазақстандық «ҚазТрансОйл», «КЕГОК» акционерлік қоғамдары сынды алпауыт компаниялардың бағалы қағаздарын тиімді бағамен сатып алып, алғашқы пайдасын көре бастаған. Мемлекеттік бағдарлама болғандықтан, оның өз талабы да бар-тұғын. Шыны керек, аталған қос компанияда да акция сатып алушы инвесторлардың қаражатына аса бір қажеттілік жоқ еді. Есесіне, қарапайым халық ұлттық кәсіпорындардың акционерлері атанумен қатар, қор биржасының «әліпбиін» үйреніп алды.

Сала мамандарының түсіндіруінше, ІРО-ның мақсаты – шағын және орта бизнеске көпшілік рынокқа шығу арқылы қор биржасының жаңа әдісін үйрету. Жалпы, ол әдіс несиенің бір баламасы болып табылады. Сонымен қатар, компаниялар ІРО арқылы өз кәсібінің нарықтық бағасын жасап, оны сапалы даму деңгейіне көтеруге мүмкіндік береді. Ал, көпшілік компания мәртебесі инвестиция тартуға қолайлы жағдай жасайды.

KASE қор биржасының вице-президенті Андрей Цалюк шағын және орта бизнес үшін теңгемен несие алу мүмкіндігі төмендеген кезде қор нарығының тиімділігін пайдаланатын уақыт келгенін айтқан болатын. «Соның ішінде «БАСТ» АҚ мен оның қор нарығындағы серіктесі «Фридом Финанс» АҚ қор нарығына дер шағында шығып отыр. Бұл – шағын және орта бизнесті дамытудағы маңызды шаралардың бірі»,-деген еді.

«Фридом Финанс» АҚ Атырау филиалы директоры Ринат Гилизитдиновтың айтуынша, Шығыс Қазақстан облысындағы «БАСТ» АҚ – тау-кен компаниясы «Мақсұт» кенішінде мыс-никель рудасын өндірумен айналысады. Іргетасын 1996 жылы қалаған компания кен өндіру сатысына өту кезеңінде тұр. Қор арқылы алынған қаражатты флотациялық фабрика құрылысын аяқтауға және оны іске қосуға жұмсауды жоспарлап отыр. Ол бастапқыда жылына 250 мың тонна руда өңдемек. Сөйтіп, компанияның жылдық табысы 5 млн. долларға жетіп жығылуы тиіс.

– «БАСТ» АҚ-ның қарапайым құнды қағаздары ағымдағы жылдың 31наурызынан бастап сатылады. Орналастыру диапазоны: бір акция үшін 19 мың 843 теңге мен 21 мың 827 теңге аралығында болады. Кәсіпорынға белгілі бір мөлшерде қаржы керек болғандықтан, бағалы қағаз құны да жоғары. Өйткені, ІРО-ға орналастырылған акция саны – небары 18 мың 450 дана. Компания KASE биржасының сауда-саттық тізіміне былтыр енген болатын. «Екінші санатқа» жатқызылған компания 3,5-4,0 млрд.  теңгеге бағаланды. Жазылу ағымдағы жылдың 25 ақпанында басталды. Өтініштер 20 наурызға дейін қабылданады, – деді Ринат Гилизитдинов.

Рас, депозит және басқа да қаржы сақтау ұйымдарына қарағанда қор биржасында тәуекел басым. Оның үстіне, осы саланың «майын ішкен» тәжірибелі мамандар мыс рудасының құрамында таза мыс 0,40 пайыз ғана болатынын, сондықтан пайда көлемі де азаятынын айтады. Ал, енді бірі бұл қысқамерзімді уақытта қаражат табу көзі екендігін жасырмады. Акциялар биржаға шығарылған сәтте құнды қағазға талас басталады да, оның құны өседі. Сол кезде арзан бәсіне сатып алған инвестор оны қалаған кезінде келесі біреуге сатып жібереді.

«БАСТ» АҚ-ның маркет-мейкер рөлін атқаратын «Фридом Финанс» компаниясы баға белгілеуде және қор нарығынан кәсіпорынға түсетін қаржының тиімді жұмсалуына қатаң бақылау жүргізіп отыратынына сендірді. Соңғы мәлімет бойынша күні бүгінде инвесторлар 15 млн. теңгеге акция сатып алуға ниет білдірген.

Айбөпе САБЫРОВА.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз