«Атырау» футбол командасы: МАҚСАТ – ҮЗДІК АЛТЫЛЫҚҚА ЕНУ

Облыс әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетов футболшылармен кездесуде осындай талап қойды

15 наурыз күні футболдан ХХІІІ ел чемпионаты басталады. Маусым қарсаңында облыс әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетов аталмыш додада өңір намысын қорғайтын «Атырау» футбол командасының ойыншыларымен кездесіп, сәттілік тіледі. Кездесуге, сондай-ақ, облыс әкімінің орынбасары, облыстық футбол федерациясының президенті Шыңғыс Мұқан қа-тысты. 

 – Биылғы маусымға «Атырау» футбол командасы жаңа құрамда шыққалы отыр. Мен – мұнайлы өңір командасының ең белсенді жанкүйерінің бірімін. Облыс басшылығы тарапынан футбол спортына үнемі қолдау білдіріліп, барлық жағдай жасалып отыр. Өткен жылы ашылған футбол орталығында 300-ге жуық жергілікті балалар жаттығуда. Футбол манежын салу жоспары қарастырылып жатыр. Сондай-ақ, «Мұнайшы» стадионындағы көгалды ауыстыру жұмыстары да жүргізілмекші. Жанкүйерлер сіздерге үлкен үміт артып, жақсы нәтиже күтеді. Команда сапына қосылған жаңа ойыншылардың барлығының өмірбаянымен толық таныстым. Мықты ойыншылар бар. Маусымға жан-жақты дайындалуға толық мүмкіндік болды. Соған орай, биыл кем дегенде үздік алтылық қатарына енуге үміт артып отырмыз, – деп, облыс басшысы Бақтықожа Салахатдинұлы ойыншыларға тілегін айтып, жаңа жейделерін табыс етті. 

Айта кетсек, «Атырау» командасы төрт рет маусымалды оқу-жаттығу жиындарын өткізді. Ең алғашқысы желтоқсан айында Атырауда өтсе, үшеуі Түркияда ұйымдастырылды. Оқу-жаттығу жиындарында тоғыз кездесу өткізген «атыраулықтар» оның алтауында жеңіске жетіп, екі рет қарсыласқа жол берді. Ал, бір ойын тең аяқталды. 

Команда құрамында қазір 25 ойыншы бар. Соның 16-сы сапқа жаңадан қосылса, қалған тоғызы өткен жылғы маусымда да жасыл алаңға «Атыраудың» жейдесімен шыққан болатын. Яғни, құрам сексен пайызға өзгеріп отыр. (Команданың биылғы маусымдағы құрамымен газетіміздің келесі санынан таныса аласыздар. – ред.)

– Команда сапында тоғыз ұлттың ойыншысы бар. Бәріміз бір үйдің баласындай тату-тәттіміз. Өйткені, біздің алға қойған мақсатымыз ортақ. Ол – Атырау облысының спорттағы, атап айтқанда, футбол ойынындағы абыройын асқақтату, жеңіс тұғырынан көріну. Бұған дейін көптеген клубтарда ойнаған едім. Алайда, облыс әкімінің арнайы келіп, футболшыларға ақ жол тілеген сәтін ешқашан көрмедім. Бүгінгі кездесу біздің жігерімізді одан әрі жани түсті. Біз Сіздің және жанкүйерлеріміздің тілегін орындауға бар күш-жігерімізді саламыз, – деді командаға жаңадан қосылған сербиялық, жартылай қорғаушы Марко Блажич. 

Кейін сөз алған «Атырау» футбол клубының бас бапкері Анатолий Юревич клуб облыс әкімінің қолдауын ұдайы сезініп отырғандығын және осылай «бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып» жұмыс жасау арқылы ғана үлкен жетістіктерге қол жеткізуге болатынын айтты.

Сенбі күні «Атырау» биылғы маусымдағы алғашқы кездесуін сырт алаңда өткізеді. Қарсыласы – алматылық «Қайрат» командасы. Жаңа маусымда «Атырау» командасына біз де сәттілік тілейміз!

Айгүл ЕРТІЛЕУ.
Суреттерді түсірген Ерлан АЛТЫБАЕВ.
Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз