Жарнама
ЖаңалықтарҚоғам

«Көпке дейін іссапарда жүргендей сезіндім»: белгілі жазушы Әлібек Асқаров астананың Сарырқа төсіне көшірілген алғашқы күндер туралы айтты

Ол кезде Әлібек Асқаров Баспасөз және бұқаралық ақпарат министрлігінің екінші басшысы лауазымында болған еді…

«Алматыдан жаңа астанаға көшкен ең алғашқы  мемлекеттік орган –  Баспасөз және бұқаралық ақпарат министрлігі екенін біраз адам  біледі. Мен де осы министрліктің екінші басшысы ретінде 1997 жылғы 2 маусымда Ақмолаға бет түзегендер сапында болдым. «Алматы-2» теміржол вокзалында үлкен шеру болып, аузы дуалы ақсақалдар бізге ақ жол тілесті. Әншілер әуелетіп ән шырқап, бишілер мың бұралып би биледі. Ұлан-асыр, шат-шадыман той болды.

Осы арада біз қол бұлғасып пойызға міндік, вокзал перронында жиналған қалың көпшілік «қош-қош» деп қала берісті. Сөйтіп, 3 маусымда түстен кейін  бала-шағамызбен улап-шулап, бұрын көрмеген Ақмола деген қалаға келіп түстік. Арқа төсіне көшіп келген бізді вокзалдан облыс әкімі оркестрмен, көптеген нөкерлерімен  қарсы алды.

Ақмоланы вагонның терезесінен көрген бетте-ақ көңіліміз жабырқап салғаны есімізде. Қала бұрқыраған шаң-тозаң, қаптаған құрылыс, іргетас қаққан тарсылдар. «Ару Алматыны тастап осы біз қайда келдік?» дегендей өкініш жүрегімізді тырмалағаны рас. Мынау сұрқай қала мемлекет астанасы болып, аяғынан тұрғанша өміріміз жетпес деп ойладық.

0 5

Қайта тұра қашатын емес, жауапты қызметтеміз. «Көппен көрген ұлы той» болған соң тағдырдың жазуына еріксіз мойынсұндық, ернімізді жымқырып шыдауға да, көнуге де тура келді. Өзімізді көпке дейін іссапарда жүргендей, түбі Алматыға қайтатындай сезініп жүрдік.

Әлі есімде, вокзал алдында митингі жасап, қарсы алушылармен амандасып, шүйіркелесіп жатқан кезде сіркіреп жаңбыр жауып берсін. Жаңбыр ұзаққа  созылған жоқ, жарты сағатқа жетпей қоя салды. Бұл жаңбырды сол жерде тұрған жұрттың бәрі «Алланың ақ нұрына», жақсылыққа балап жатты.

Сол жаңбыр біз үшін шын мәнінде Алланың ақ нұры болыпты. Жылдар өте жаңа қала бәріміздің ғажап мекенімізге айналды. Осы қалада тұрып құдандалы-жекжатты болдық, достар таптық, туыс таптық. Бүгінде Арқа өңіріне судай сіңіп, тастай батқан жағдайдамыз. Қала тарихының тірі куәгеріміз, бұрынғы облыс орталығы қалай мемлекет астанасына айналды, қалай өсті, қалай өнді, гүл-гүл жайнап қалай көркейді. Сол өзгерістердің бәрі әлі күнге  көз алдымызда өтіп жатыр» деді жазушы Әлібек Асқаров арнайы «Атырау» үшін берген сұхбатында.

Еске сала кетелік, 1997 жылдың 10 желтоқсан күні елорда Алматыдан Сарыарқа төсіне көшірілген болатын.

Баян ЖАНҰЗАҚОВА

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button