Концертке суретке түсу үшін барамыз ба?
«Қара алтынды» аймаққа айналған Атырауға Алатау баурайы – Алматыдан, жаңарып, жасарған, Еуразия кіндігінің бас шаһары – Астанадан ат басын тіреп, жұртшылықты концерттік бағдарламаларымен сусындатуға келетін өнер жұлдыздарының қатары жыл сайын көбеюде.
Бұл – жақсы құбылыс, әрине. Жұмыстан бос уақытта театрға, мәдениет сарайына барып, құлақ құрышы қанатындай әуезді әндерді тыңдап, езуіңді жиғызбастай күлкіге көмдірер әзіл-қалжыңды естіп, сахна саңлақтарының қойылымдарын көріп, рухани ләззат алғанға не жетсін!
Өткен айда «Ұлы дала баласына» айналған талантты әнші Төреғали Төреәлінің Махамбет атындағы драма театрында концерті өтті. Әу баста жыр сүйер қауымға суырып салма айтыскерлігімен танылған Төреғали әдемі әзілімен, кестелі жыр шумақтарымен ән кешін өзі жүргізді. Екі-үш ән орындалғаннан кейін залдағы көрерменнің бірі тәй-тәй басып жүрген баласын сахна төріне шығарды да, Төреғалимен екеуін фотосуретке түсіре бастады. Сол-ақ екен, баласын жетектеп, «суретке түсіп қалайық» дейтіндер көбейді. Бірінен соң бірі көтеріліп, әншімен естелік суретке түсуге көшті. Тіпті бір келіншек: «Баламның өзің сияқты жұлдыз, әнші болғанын қалаймын. Аузына түкіріп, батаңды берші» демесі бар ма? Көрермен де, концерт те жайына қалды. Төреғали да қысылды. Оның «Фотосуретке түсуді соңына қалдырайық. Мынау зал толы көрерменнен ұят болады. Олар ән кешіне келді ғой. Сабыр сақтайық, қадірлі ағайын» деген сөзін тыңдап жатқан жан жоқ. Төреғали концертінің қауіпсіздігін қамтамасыз етуші жігіттердің де тәртіпке шақырған әрекетінен ештеңе шықпады.
Концерт көруге келген көпшілік әр жерден ренішін білдіріп жатыр. Сөйтіп, бір жарым сағаттық концерттік бағдарламаның үштен бір бөлігі бала-шағаның жұлдызды әншімен суретке түсуіне кетті.
Театр қойылымының басталғанына жарты сағат өтті. Залда шыбынның ұшқаны білінбейтін, мүлгіген тыныштық. Жұрт назары тарихи тақырыпқа жазылған драмалық көрініске ауған. Кенет ортаңғы тұстан ұялы телефон безілдеп қоя берді. Бір жас жігіт қайда отырғанын ұмытқандай, дауысын көтере сөйлей жөнелді. Залдың тағы бір шетінен сәбидің жылаған дауысы шығады. Театр қызметшілерінің ескертуінен соң олар залдан шығып кетуге мәжбүр болды…
Концерт залында, театрда, не стадионда болсын, көрермен мәдениетінің төмендігі қынжылтады. Ендеше, оны қалыптастырудың жолын бірге іздейік. Ал, сіз қалай ойлайсыз, қадірлі оқырман?
Бақытжан Жұмат