КОНСТИТУЦИЯМ – КЕМЕЛІМ, ӨЗІҢЕ ҒАНА СЕНЕМІН!
Конституция – еліміздің тәуелсіздігін, демократиялық құндылықтарын айқындайтын негізгі құжат. Қазақстанның Ата Заңы әлемдегі ең жас Конституциялардың бірі болып саналады. Десек те, ол санаулы жылдар ішінде уақыт сынынан сүрінбей өтіп, өзінің заман талабына сай екендігін жан-жақты дәлелдеді.
Тәуелсіздік тарихында тұңғыш рет бүкілхалықтық талқылауға салынған да, елдің сындарлы пікірлері ескерілген негізгі заң да осы – 1995 жылы қабылданған Конституция. Ресми мәліметтерге қарасақ, құжатты талқылауға 3 миллион 345 мың адам қатысқан. Жұртшылық тарапынан сарапталған 31 мың 886 ұсыныс түсіп, соның дені заң жобасында көрініс тапқан.
30 тамыз – Конституция күні қарсаңында бірқатар азаматқа сауал жолдаған болатынбыз.
1) Қазақстанның Ата Заңы әлемдегі жалпыадамзаттық құндылықтарды дәріптейтін ең үздік 50 Конституцияның бірі болып саналады. Мұның өзі оның үлкен әлеуетін білдірсе керек. Ендеше, оның басты ерекшелігі неде деп ойлайсыз?
2) Тәуелсіз еліміздің тірегіне айналған – басты заңды нығайтып, оған деген құрметті арттыру жолында қандай жұмыстар атқарылуы керек?
Әли ӘБІШЕВ,Атырау мұнай және газ университетінің ректоры, экономика ғылымдарының докторы, профессор:
Қастерлі қағидаға айналуы керек
– Конституция қағидаттарына сәйкес, еліміздің демократиялық жолмен даму бағыты айқындалды. Құқықтық мемлекет қалыптастыру қағидалары қоғамда және азаматтардың санасында түпкілікті бекітіліп, өз жемісін беруде.
Ең бастысы, Қазақ елінде кейбір көршілеріміздегідей, «ертеңіміз қалай болады?» деген үрей жоқ, араб елдеріндегідей тығырыққа тірелтетін дағдарыстардан да аулақпыз. Ал, ондай дағдарыстар туындауының бір негізі – конституциялық қайшылықтардан, даму бағытын айқындаудың олқылығынан орын алып жатқаны да белгілі. Керісінше, халықтың ақжарқын жүзі мен ертеңге деген сенімін байқаймыз. Осының бәрі – қолданыстағы Ата Заңның өзгелерден артықшылығында.
– Конституцияны қорғау, оны құрметтеу еліміздің әрбір азаматының парызы. Өйткені, заңға құрмет – елге құрмет, әрбір ата-ана өз ұрпағына Ата Заңымыздың маңыздылығын, оның қоғамда алатын орнын үнемі түсіндіріп отыруға міндетті. Тәуелсіз еліміздің тірегіне айналған Ата Заңға деген құрметті арттыру жолында атқарылатын жұмыстар бір күндік немесе бір сәттік болмауы тиіс, ол жүйелі жүргізілуі қажет.
Атырау мұнай және газ университетінде Конституция күніне орай конференциялар, семинарлар, апталықтар ұйымдастырылады. Бір ғана мысал, «Ата Заңым – тірегім» атты апталықты өткізу оқу орынның жыл сайынғы дәстүріне айналды. Біз осы шаралар аясында бас құжаттың мән-мағынасын, маңызын баяндап, жастардың Конституцияға деген зор ілтипатын қалыптастыруды көздейміз.
Өмірбек БЕКЕЖАН,Атырау мемлекеттік университетінің кафедра меңгерушісі, философия ғылымдарының докторы, профессор:
Маңызы аса зор құжат
– Конституция Тәуелсіз мемлекетіміздің құқықтық іргетасы болып табылады. Оның құқықтық мәртебесінің өсуі – мемлекет пен халық қатынасын екі жақты тиімді реттеуінде. Қоғам мен адамның еркін және табысты дамуына ықпал етуінде болып табылады.
Сондай-ақ, адам құқықтары мен міндеттерінің өзара үйлесімділікте болуының алғышарттары да осы Конституция арқылы жүзеге асырылады. Мемлекеттік құжаттың мәртебесі – азаматтардың, қоғамдағы барлық әлеуметтік топтардың басым пікірі арқылы анықталуы керек.
Конституция қоғамдағы қайшылықты, келеңсіз жағдайды ұтымды және көпшіліктің көңілінен шығардай шешуге құқықтық мүмкіндік берсе, демек оның жоғарғы заңнамалық миссиясының орындалғаны. Екіншіден, конституциялық заңнама барлық тараптан бірдей сақталуы керек. Кейбір билік институты немесе органдар тұрғысынан оны айналып өтуге тырысушылық фактілерінің орын алуы – Ата Заңның мәртебесін түсіреді. Сондықтан, оның баптарының қатаң сақталуы билікке де, халыққа да бірдей сын.
– Конституциялық заңды құрметтеу – әрбір азаматтың парызы. Бірақ, ол азаматтар үшін әлдебір культтік символ емес, Конституция қоғамдағы заманауи талаптарға, сұраныстар мен проблемаларға уақытында жауап беруге, құқықтық реттеуге мүмкіндік беретін негізгі тетік болуы шарт. Конституция қағаз жүзінде әдемі жазылған құжат, догма болмауы керек.
Барша азаматтардың, әсіресе жастардың арасында Конституцияның негіздерін, баптарын түсіндіру, жұмысын да кең көлемде жүргізу қажет. Себебі, бұл – құқықтық сауаттылықтың әліппесі. Өзінің базалық құқықтарын білмеген азамат оны іске асыруды да білмейді және негізгі міндеттерін де ұғына алмайды.
Айнұр МҰҒАУОВА, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің аға оқытушысы, заң ғылымдарының кандидаты:
Барлық заңдылықтың қайнар көзі
– Дамыған демократиялы елдерде әрекет ететін заңдар мыңдап саналады. Сол заңдардың бәрінің бастау алар негізі – Конституция. Мемлекет пен қоғамның негізгі құжаты ре-тінде Конституция бүкіл заң шығару ісінің қайнар көзі болып табылады.
Адамның төлқұжатсыз заң шеңбе-рінде танылмайтыны сияқты, Конституциясыз мемлекет те танылмайды. Біздің еліміздің Конституциясының ерекшелігі – Президенттік республика, унитарлы мемлекет, мемлекеттік билік тармақтарының заң шығару, атқарушы және сот билігі болып тармақталуында.
Сан қилы тағдырмен Қазақстанда бас қосып, бірігіп, тату-тәтті өмір сүріп отырған 130-дан астам ұлттар мен ұлыстардың заңмен қорғалуын қамтамасыз етіп отырған Конституциямыздың қоғамдағы орны өте зор. Бізді әлем қазба байлықтарымызбен ғана емес, береке-бірлігіміз жарасқан көпұлтты мемлекет ретінде де таниды.
Құқықтық нормалардың әлеуметтік, техникалық болып екіге бөлінетінін ескерсек, әлеуметтік норманы (жаман-жақсы, салт-дәстүр, тәрбие, т.б.) нақты ұстанған елдің қиындыққа тап болмайтыны, қоғамдық тәртібінің берік екендігі дәлелденіп жүр. Азаматтарымыз құқықтық сана тәрбиесі мен білімін үнемі көтеріп отыруға мән берсе екен.
Білім ошақтары мен еңбек ұжымдарында өтетін тәрбие жұмыстары мен дәріс сағаттары – теңізге тамған тамшыдай ғана. Сондықтан, Ата Заңымыздың беделін өзгеге үлгі ете алатындай деңгейге жетуіміз қажет.
Жазып алған: Мәлике МӘЛІК.