Конституциялық құқықтық кепілдік – әлеуметтік әділ мемлекеттің негізі

1b947dd199070413e08161d00b2f3046 Жаңалықтар

Atr.kz/23 тамыз, 2019 жыл.  Қазақстанның неғұрлым дамыған отыз елдің қатарына кіруі, қоғам мен мемлекетті кезектілікпен жан-жақты жаңғырту жолында 2017 жылы Қазақстан Республикасы қолданыстағы Конституциясына біршама түзетулер енгізді.

Конституциялық реформа Негізгі Заңымыздың тәуелсіз Қазақстан қоғамын жаңғыртудың құқықтық өзегі болуына ықпалын тигізді.

Енгізілген түзетулер Конституцияның құқық жүйесіндегі үстемдігін және еліміздің бүкіл аумағында сөзсіз орындалуын қамтамасыз етуге, мемлекетті басқаруды жетілдіруге, азаматтардың конституциялық құқықтары мен бостандықтарын қорғауды күшейтуге, олардың өз конституциялық міндеттерін орындауын қамтамасыз етуге бағытталған еді.

Осылай үшінші жаңғыру және ғаламдық бәсекеге қабілетті жағдайдағы мемлекет үшін тұрғындардың тұрмыс сапасын арттырудың саяси-құқықтық алғы шарттары жасалды. Сонымен бүгінгі күні жаңа конституциялық шынайлық жағдайында өмір сүріп жатырмыз.

Мемлекет дамуының жаңа дәуірінде әлеуметтік әділ мемлекет орнықтыру бағыты қуатты серпінге ие бола отырып, Конституцияның мемлекеттілік құрылыс саласындағы ережелер мен нормаларының қолданылуының тиімділігін арттыру, адамның және азаматтың әлеуметтік құқықтары мен бостандықтарына кепілдік беру жөніндегі жұмыстарының қарқынын жеделдетуді талап етеді.

Осы тұрғыда, билік органдарының, азаматтық қоғам институттарының және азаматтардың ең басты міндеті қоғамдық келісім мен саяси тұрақтылықты, ел Конституциясының ережелері мен нормаларын құрметтеу жағдайында жұмыс жасауы. 

Конституцияда көрініс тапқан, бекітілген құндылықтар мен адам толыққанды игерген нақты құндылықтар сәйкес келгенде ғана әлеуметтік теңдік орнайды. Адамның құқықтары мен бостандықтар  мазмұны заңда көрініс табу арқылы оның практикада қолданылуын анықтайды.

DSC 9592

Конституциялық Кеңестiң қорытынды шешімдерінде құқықтардың немесе бостандықтардың нақты бiр түрiнiң конституциялық құқық деңгейiне жеткiзiлуi және Конституцияда оның кепілділігінің жариялануы мемлекеттің осы құқықтар мен бостандықтарды өзі құрайтын жүйелер мен құрылымдар арқылы жүзеге асыруды қамтамасыз етуді міндетіне алғандығын білдіреді, деп бірнеше рет түсіндірілген болатын.

Мемлекет үшін адамға, оның материалдық жағынан әл-ауқаты болуына қамқорлық жасаудан аса маңызды міндет жоқ. Мемлекет адамның лайықты өмір сүру үшін қолынан келген барлық жағдайды жасауға міндетті.

Ел Конституциясында əлеуметтік мемлекет құрудың мәні дегеніміз мемлекеттің қажетті экономикалық, əлеуметтік жəне құқықтық жағдайлар жасай отырып, неке мен отбасы, ана мен әке және бала, азаматтардың денсаулығы және білімі, олардың әлеуметтік қамсыздандырылуы сияқты мәселелердің өкімет тарапынан қорғалуын қамтамасыз ететініне кепілдік беретінімен түсіндіріледі.

Республиканың Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Ә. Назарбаев «Кез келген экономикалық жетістіктер мен геосаяси жеңістер, əрбір адамның əл-ауқатының артуына əкелмесе, оның үлкен мəні де, құны да болмайды» деген еді. Елбасы әрқашан, тіпті экономикалық дағдарыс күшіне мініп тұрған жылдарда да жүргізіп жатқан саясатының басты бағыттарының бірі қазақстан халқының әл-ауқатын көтеру мәселесі болғаны қазақстан халқына аян.

Мемлекет басшысы Қ.К. Тоқаев «Мен Қазақстанның үшінші жаңғыртылуын, Бес институттық реформа мен мемлекетіміздің басқа да аса маңызды стратегиялық құжаттарын жүзеге асыру бойынша жұмыс істейтін боламын. Басқаша айтқанда, мен Елбасының стратегияларын жүзеге асыруға ден қоямын» деген. 

Бүгінгі таңда Қазақстан Республикасының 2025 жылға дейінгі Стратегиялық даму жоспары (Қазақстан Республикасы Президентінің 2018 жылғы 15 ақпандағы Жарлығы), Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы  Н.Ә.Назарбаевтың «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» (2018 жылғы 10 қаңтар) және «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» (2018 жылғы 5 қазан) Қазақстан халқына жолдаулары, «Президенттің бес әлеуметтік бастамасы» атты халыққа үндеуі (2018 жылғы 5 наурыз) сияқты мемлекеттік жоспарлау жүйесінің қолданыстағы құжаттарында, сондай-ақ Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан Республикасының сайланған Президенті қызметіне ресми кірісу рәсіміндегі сөйлеген сөзінде  (2019 жылғы 12 маусым) айқындалған бағыттағы істері орындалып жатыр.

«Nur Otan» партиясының кезекті съезінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасымен əзірленген, партияның 2030 жылға дейінгі «Бақуатты қоғам: онжылдықтың 10 мақсаты» бағдарламасы қабылданды. Бағдарлама Конституциямызда баяндалған әлеуметтік құқықтар мен кепілдердің іске асырылуын толыққанды қамтамасыз ететін, әлеуметтік теңдікке бағытталған «халықтың әлеуметтік құжаты» болды.

Конституцияның басты ерекшеліктерінің бірі оның республиканың бүкіл аумағында тікелей қолданылуы және бұлжытпай орындалуы. Қолданыстағы Конституцияда мемлекет адамның және азаматтың әлеуметтік құқықтарына шынайы кепілдіктер берген.

Оларға неке мен отбасы, ана мен әке және бала мемлекеттің қорғауында болуы; әркімнің еңбек ету және кәсіпкерлік қызметпен айналысу бостандығы; тұрғын үймен қамтамасыз ету үшін жағдайлар жасау; заңмен мөлшері көрсетілген медициналық тегін көмек алу; тегін орта білім алу; конкурстық негізде ақысыз жоғарғы білім алу; жасына қарай әлеуметтік қамсыздандыру; әлеуметтік сақтандыру; сонымен бірге ауырған, мүгедек болған, асыраушысынан айырылған жағдайда әлеуметтік қамсыздандыру және қайырымдылық көтермелену т.б. жатады.

Бүгіндері осы конституциялық құқықтар қолданыстағы заңдардың нақты нормаларында баянды етіліп, адамдардың күнделікті өміріне берік енді.

Конституция адамның негізгі құқықтары мен бостандықтарын бекітіп, еліміздің азаматтарының құқық алдындағы теңдігін қамтамасыз етті, бұлар сөзсіз қазақстандықтардың әл-ауқатын арттыру және тұрмыс сапасын жақсарту үшін қолайлы жағдай жасайды.

Неке мен отбасы, ана мен баланы қорғау, сондай-ақ ата-ананың конституциялық міндеттерін орындау конституциялық мәні бар құндылықтар мен мақсаттарға жатады.

Конституциялық Кеңестің 2015 жылғы 18 мамырдағы № 3 нормативтік қаулысында Конституцияның осы ережелері балалардың арнайы құқықтық мәртебесін, құқықтары мен бостандықтарын, оларды іске асыру кепілдіктерін салалық заңнамада бекіту және реттеу үшін, мызғымас конституциялық құндылық ретінде баланы қорғаудың кешенді мемлекеттік жүйесінің әлеуметтік-экономикалық және саяси-құқықтық бастауларын қалайды деп түсіндірген.

Конституциялық Кеңес Қарағанды облысының Кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының «Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы» Қазақстан Республикасы Кодексі 47-бабының 5-тармағын конституциялық емес деп тану туралы ұсынысын қараудың қорытындысы бойынша табиғи жаратылыстану заңдарына байланысты жүктілік кезеңінде және бала өмірінің алғашқы жылдарында баланың мүдделерін оның анасынан айырып қарау мүмкін еместігін атап өтті. Бұл маңызды кезеңде олардың заңды мүдделерін барабар қорғауға кепілдік беру қажет. Осы ретте Үкіметке ана мен баланың құқықтары мен бостандықтарын неғұрлым толық қамтамасыз ету мақсатында аталған кодекске түзетулер енгізу туралы мәселені қарау ұсынылды.

      Кеңестің құқықтық ұстанымдарын іске асыру үшін «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне баланың құқықтарын қорғау жөніндегі функцияларды жүзеге асыратын ұйымдардың қызметімен байланысты мәселелер бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының 2019 жылғы 1 сәуірдегі Заңымен Кодекстің аталған нормасы жаңа редакцияда жазылған және онда анасының баланың әкесінен өзін күтіп-бағу бойынша шығыстарға ақша қаражатын алу мерзімдері белгіленген.

      Қабылданған шаралар негізінен терминологиялық түсініспеушіліктерді жойды.

      Конституциялық Кеңес ана мен бала институттарын қорғау мақсатында әлі де қосымша заңнамалық шаралар қабылдау қажет деп есептейді.

Конституцияда көзделген еңбек ету бостандығы дегеніміз əркімнің кəсіп жəне қызмет түрін таңдауын, өзінің еңбекке қабілеттілігіне иелік етуін, белгілі бір мамандық, біліктілік немесе лауазым бойынша қандай да бір жұмысты орындауға еркін келісуінде көрініс табады.

Сонымен қатар жұмыссыздықтан әлеуметтік қорғалуды да баяндайды.

Ал мемлекет еңбек саласындағы əлеуметтік функцияларды орындаудан өзін-өзі шеттетпейді, оған еңбек бостандығы, демек еңбек етуге құқығы туралы конституциялық норманы іске асыру  үшін тұтастай қамтитын жағдайлар жасау (жұмыссыздық бойынша жәрдем ақы төлеу, әлеуметтік жұмыс орындарын ұйымдастыру, жұмыс күшінің ұтқырлығын арттыру үшін ерікті түрде қоныс аудару, мүгедектерді жұмысқа орналастыру, міндетті әлеуметтік сақтандыру, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру, айлық еңбекақының ең төменгі мөлшері, жұмысын жоғалтуға байланысты жәрдемақылық төлемдер, нәтижелі жұмыс үшін дербес үстемақылар, сыйлықақылық төлемдер және т.с.с. шаралар) міндеті жүктеледі.

Қазақстан Республикасы жалақының ең төменгі мөлшерін конституциялық деңгейде белгілеген мемлекеттердің қатарына жатады. Еңбектің қандай да бір түріне тəн талаптармен айқындалатын айырмашылықтар, ерекшеліктер, артықшылықтар мен шектеулер кемсіту болып саналмайды жəне бұл мемлекеттің əлеуметтік жəне құқықтық қорғауға аса мұқтаж адамдар туралы айрықша қамқорлығымен байланысты.

Мəселен, Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесінің  «Арал өңіріндегі экологиялық қасірет салдарынан зардап шеккен азаматтарды əлеуметтік қорғау туралы» Қазақстан Республикасы заңының 13-бабының конституциялылығын тексеру туралы» 2005 жылғы 29 сəуірдегі № 3 қаулысында əлеуметтік-негізделген өлшемдерге қарай отырып өтемдер мен жеңілдіктерді саралауды кемсітушілік деп есептеуге болмайтыны атап көрсетілген.

Конституциялық Кеңес «Қазақстан Республикасы Конституциясы 14-бабының 1 жəне 2-тармақтарына, 24-бабының 2-тармағына, 77-бабы 3-тармағының 5) тармақшасына ресми түсіндірме беру туралы» 1999 жылғы 10 наурыздағы N 2/2 қаулысында Конституцияның 24-бабының 2-тармағы тиісті заңмен айқындалатын əлеуметтік қорғаудың нақты түрлерін белгілемейтіні көрсетілген.

Қолданыстағы Конституция науқастанған жағдайдағы азаматтардың əлеуметтік қамтамасыз етілуі туралы конституциялық құқығын іске асыруды мемлекет тарапынан əртүрлі жүйелерді құру жəне басқа да қажетті жəне қолжетімді шараларды, оның ішінде бұл міндеттемені меншік нысанына қарамастан жұмыс берушіге жүктеу арқылы жүзеге асыру жолымен кепілдік берген.

Бұл туралы «Қазақстан Республикасы Конституциясының 61-бабының 7-тармағын жəне 28-бабының 1-тармағын ресми түсіндіру туралы» Қазақсатн Республикасы Конституциялық Кеңесінің 1999 жылғы 12 наурыздағы №3/2 қаулысында: «…Нақтылы əлеуметтік қамсыздандырылу құқығына, оның ішінде науқастанған жағдайда, не мемлекеттік əлеуметтік сақтандыру қаражаты есебінен, … немесе мемлекеттік бюджет қаражаты есебінен … яки меншік нысанынан тəуелсіз жұмыс берушіге осы міндетті заңды түрде жүктеу арқылы кепілдік берілуі мүмкін» деп конституциялық құқықтық ұстанымын рәсімдеген.

Денсаулықты сақтауға деген конституциялық құқық мемлекеттің құқықтық, əлеуметтік, экономикалық, ғылыми сипаттағы тиісті жағдайлар жасау жолымен азаматтардың денсаулығын сақтау; денсаулық сақтау жүйесін дамыту; азаматтардың қауіпсіз, тиімді жəне сапалы медициналық көмек алу құқықтарының теңдігін қамтамасыз ету; салауатты өмір салтын қалыптастыруға жəрдемдесу, азаматтардың қауіпсіз, тиімді жəне сапалы медициналық көмек алу теңдігін, оның қол жетімділігін қамтамасыз ету, мемлекеттің, жұмыс берушілер мен азаматтардың жеке жəне қоғамдық денсаулықты сақтау мен нығайту үшін ортақ жауапкершілігі міндеттерімен жəне басқа да шаралармен кепілденеді.

Азаматтарға денсаулық сақтау құқығына кепілдік беретін маңызды нормативтік құқықтық акт Халық денсаулығы туралы ҚР кодексі болып табылады.

Азаматтардың орта білім алу міндеті Конституцияда бекітілу арқылы білім алу құқығына және осындай құқықты тек мемлекеттік оқу орындарында іске асыруына кепілдік береді.

Азаматтардың орта білім алу міндеті əлемнің көптеген дамыған демократиялық мемлекеттерінің конституцияларында бекітілген. Көрсетілген міндет олардың азаматтығына қарамастан, осы мемлекеттің юрисдикциясындағы барлық жеке тұлғаларға қатысты.

Сонымен бұл міндет Қазақстан Республикасының аумағына тұрақты тұратын шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдарға да жүктеледі, сондай-ақ отбасына қосылу мақсатында Республикаға келгендердің де білім беру саласындағы уəкілетті орган белгілеген тəртіппен мектепалды, бастауыш, негізгі орта жəне жалпы орта білім алуына Республика азаматтарымен құқығы бірдей.

Қазақстан Республикасы өзіне адам мен азаматтың әлеуметтік құқықтарын тану жəне оларға кепілдік беру, оларды кез келген қол сұғушылықтан қорғау жөніндегі міндеттемелер конституциялық деңгейде бекітілген және ол міндеттерін іске асыру арқылы әділ әлеуметтік мемлекетті орнықтыру үдерісіне белсенді кірісті.

У. Шапак,

Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесінің мүшесі, заң ғылымдарының докторы.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз