Компания көлікпен көмектесті
18 шілде, 2020 жыл. Пандемия кезеңінде дер кезінде және сапалы медициналық көмек алу мәселесі өткір тұр.
Кеше «Теңізшевройл» компаниясы осы мәселеден тыс қалмай көмек қолдарын созып, учаскелік дәрігерлердің қозғалысы үшін уақытша тегін пайдалануға көлік берді.
Нақтырақ, Жылыой аудандық ауруханасының автотұрағы екі микроавтобуспен және екі пикаппен толықтырылды. Ал, осы аптаның басында ТШО Алматыдан Атырауға үш тоннаға жуық дәрі-дәрмек тасымалдауға арналған ұшақ берген болатын.
«ТШО және оның ұжымы біздің қоғамның ажырамас бөлігі болып табылады және біз медициналық мекемелердің кез келген сұрауларына жауап беруге тырысамыз. Біз, Атырау облысының барлық тұрғындары секілді, мүмкіндігінше осы күресті тезірек жеңіп шыққымыз келеді» — деді «Теңізшевройл» компаниясының үкіметпен және жұртшылықпен байланыс бөлімінің бас менеджері Рзабек Артығалиев.
Сонымен қатар, ол «Теңізшевройл» кәсіпорнының бас директоры Имер Боннер өзін жергілікті қоғамдастықтың бір бөлігі деп санайтындықтан, аймақ тұрғындарына барынша қолдау көрсетуге тырысатынын айтты.
Бүгінгі таңда кәсіпорын облыстағы денсаулық сақтау мекемелеріне қажетті медициналық құралдар мен жабдықтар сатып алуға 2 млрд. теңгеден астам қаражат бөлді. Бұрын хабарланғандай, кәсіпорын медициналық қызметкерлерге арналған бір реттік қорғаныс костюмдерін, маскалар, респираторлар, реанимация және тыныс алу аппараттары, реанимация және екі жедел жәрдем көлігі, пирометрлер, дезинфекциялық құралдар, биологиялық материалдарды тасымалдауға арналған контейнерлер сатып алып, облыстық медициналық мекемелерге берді.
Атыраудағы тауарлар мен көрсетілген қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті термосканермен және сегіз пирометрмен қамтамасыз етілді. Сондай-ақ Ұлттық сараптама орталығының және Атырау облысы ЖИТС орталығының зертханасына бір-бірден ПТР аппараты мен РНҚ/ ДНҚ экстракторы тапсырылды. Ал, Атырау инфекциялық ауруханасын 6 оттегі концентраторымен қамтамасыз етті.
Майра ОРАЗҒАЛИЕВ