КӨМЕК УАҚЫТЫНДА КЕЛДІ
Жауын болатын күні үйімізге қонақтар келген болатын. Олар түнгі сағат 1-дің шамасында кетуге жинақталғандарында су баспанамызға кіре бастады. Іле-шала «тілсіз жау» еденнің астынан шығып, бөлмелерге тола түсті. Мұны көріп біздің әбден есіміз шығып кетті. Отбасымызда 11 адам бар, соның 6-уы бала еді. Олардың бәрі де ұйықтамай, таңды кірпік қақпастан атқызды. Үйіміз 60-жылдары салынған, қабырғасы ұлу тас болатын. Алайда, тұрғызылғанына жарты ғасыр өткендіктен ол әбден ескірген. Бар баспанамыз құлап қала ма деген уайым біздің мазамызды кетірді. Осы уақытта көршілеріміздің де үйлерін су басты. Олар да дамылсыз төтенше жағдаймен арпалысып жатты. Ертеңгісін өзге тұрғындармен бірге жергілікті әкімдікке беттедік. Соның арқасында жеделдетіп тапсырма берілді, вакуумды машиналар келе бастады. Біздің ауламыздың өзінен 15-20 рет су сорылды. Іргелес отырған кейбір мекен-жайға 30-35 рет келген кезі бар. Бұл судың өте көп болғандығының анық көрінісі.
Құдай сақтап, арнайы техниканың күшімен су сорылып, қауіптің алды алынды. Егер көмек өз мезгілінде көрсетілмесе қайтар едік?! Бұл жағдайды көзіме елестеткім де келмейді. Бүгінде үйдегі пешімізді қыздырып, бөлмелерді кептіріп жатырмыз. Біртіндеп қалыпты өмірге түсіп те келеміз.
Сындарлы сәтте көмек көрсеткен облыс, қала басшыларына газет арқылы өз алғысымды айтқым келеді.
Гүлжихан ҚАЗЫҒАЛИЕВА, Худин көшесінің тұрғыны.
Атырау қаласы.