Көлік нөмірлері Атыраудан беріледі (+ФОТО)
Ендігі уақытта Атырауда көлік құралдарының мемлекеттік тіркеу нөмірлік белгілері шығарылады. Бұл жұмыс Мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығында жүзеге асырылады.
«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» КЕАҚ Атырау облысы бойынша филиалының қоғаммен байланыс менеджері Бекжан Ахметовтің хабарлауынша, көлік иелері мемлекеттік тіркеу нөмірлік белгілерінің телнұсқаларын қысқа мерзімде алатын болады.
- Біз үшін халықтың алтындай уақытының үнемделгені маңызды. Осы бағытта мемлекетте бірқатар жұмыс атқарылып, реттелуде. Бұған дейін өңірде көлік құралына мемлекеттік тіркеу нөмірлік белгілерін алу қызметі 20 күнге созылатын. Өйткені, автокөліктердің мұндай белгілері Ақтөбе қаласында жасалды. Қазір аталған қызметті 5 күнде Атыраудан алуға мүмкіндік туып отыр, — деді Б.Ахметов.
Осындай қызметті атқару үшін республика бойынша 12 станок алынған. Оның
бірі Атырау облысына жеткізілді. Құрылғы 1 күнде 500 нөмірді шығара алады.
Облыста биыл 11 айда Мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығында 83 580 қызмет көрсетілді. Оның ішінде жүргізуші куәлігіне қатысты –27 818, көлік құралына мемлекеттік тіркеу нөмірлік белгілерін беру бойынша 54 846 қызмет ұсынылды.
Алтыншаш ҚҰРМАШЕВА