Көлік министрі атыраулықтармен кездестi
Министр Марат Қарабаев көлік және логистика, автожол құрылысы, азаматтық авиация және т.б. салалар бойынша сұрақтарға жауап беріп, қоғам белсенділері мен өңір тұрғындарының ұсыныс-тілегін тыңдады,- деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.
Өңір тұрғындары республикалық жолдарды жөндеу, жолаушылар тасымалын субсидиялау, ҚТЖ және авиарейстер санын ұлғайтуға қатысты мәселелерді көтерді.
-Мені өңірдегі қоғам белсенділерінің жолды күтіп ұстау жұмысына белсене араласатыны қуантты. Олар бірігіп жұмыс жасауға дайын екенін айтты. Біз, әрине, оны қолдаймыз,- деді М.Қарабаев.
Көлік министрі көтерілген мәселелер кезең-кезеңімен шешілетінін айтты. Соның бірі — «Атырау – Астрахан» тасжолының құрылысы. Министрдің айтуынша, тас жол биыл пайдалануға берілгенімен, жұмыстар толықтай тек келер жылы аяқталмақ.
-Атыраудағы ең үлкен мәселе – осы тас жол. Бұны біз бірнеше рет айттық. 277 шақырымның бәрі толығымен іске қосылады. Ал қаланың шығаберісіндегі және Аққыстаудағы 16 шақырымдық айналма жолды келесі жылы толығымен салып бітіреміз, — деді министр.