«АРАЙ», «КҮНШУАҚ», «ЕРКЕМ-АЙ»…

«Балапан»  бағдарламасының  орындалуында жекеменшік  балабақшалардың  да  үлесі  бар

Мектепке дейінгі білім беру орындарының тапшылығын қысқартып, жекеменшік балабақшаларға деген халықтың сұранысын арттыру бағытында қандай жұмыстар жүргізу қажет? 

Осы мәселелерді сарапқа салу үшін облыс әкімінің орынбасары Шыңғыс Мұқанның жетекшілігімен жекеменшік балабақшалар мен мектепке дейінгі мемлекеттік мекемелердің басшылары бас қосқан жиын өткізілді.

 

– Мемлекет қарауындағы балабақшаларды қаржыландыру, орын тапшылығын азайту ісі – Кеңес заманынан бері үзілмей келе жатқан үрдіс. Бірақ, бүгінгі күні бұл жоспарды толығымен орындау мүмкін болмай отыр. Ендігі міндет – жекеменшік балабақшалар санын көбейтіп, оларға деген сұранысты арттыру, кәсіпкерлерге қолдау көрсету. Осы тақырып төңірегінде ұсыныс-пікірлер болса,  ортаға салуларыңызды сұраймын, – деді жиынды ашқан Шыңғыс Мұқан.

Алғашқы болып сөз кезегін облыстық білім беру басқармасының басшысы Берікқали Сәрсенғалиев алды.

– Мектепке дейінгі ұйымдар тапшылығы мәселесін шешудің тиімді жолы – меншік нысанына қарамастан, жекеменшік ұйымдарға мемлекеттік білім беру тапсырысын жүктеу.

Облыста мектепке дейінгі ұйымдар желісін өсіру бағытында мемлекеттік ұйымдармен қатар, жекеменшік балабақшалар ашу мүмкіндіктері зерттеліп, нақты жұмыстар жүргізіліп келеді. Соңғы екі жылдың өзінде 13 жекеменшік балабақша ашылды. Бүгінде облыста 25 жекеменшік балабақша, 2 жекеменшік шағын орталық бар. Оларда 1370 бала тәрбиеленіп, білім алуда. Бұл – мектепке дейінгі ұйымдармен қамтылған барлық баланың 2,5 пайызы. Жекеменшік балабақша ашу үшін мемлекет тарапынан біраз жеңілдіктер жасалған, – деді Берікқали Жоланұлы.

 «Әсел» балабақшасының меңгерушісі Самал Ертілеуова жекеменшік балабақшалардың тиімді тұстары көп екендігін жеткізді. «Әр жекеменшік мекеме басшылығы тапқырлық, іскерлік, еңбеккерлік қасиет танытса, мемлекеттік «Балапан» бағдарламасының беріп отырған мүмкіндігін орынды пайдалана алады. Біздің 80 орындық екі қабатты балабақша ғимараты қажетті арнайы медициналық, әрбіреуіне 20 баладан келетін төрт топ бөлмелерімен қамтылған. Бүгінде 20 тәрбиеші тәлім беруде. Ата-аналар тарапынан қойылатын талаптарға басты назар аударамыз. Педагог кадрларды тарту мәселесі күн тәртібінен түспейді, олардың біліктілігін көтеру ісі жолға қойылған. Балғындар қосымша ағылшын, орыс тілдерін де үйренуде» деді ол.

– Жасыратын несі бар, жекеменшік балабақшалармен жұмыс жасау кейде оңайға соға бермейді. Бала саны жөнінде мәлімет сұралған кезде, уақытында және толығымен берілмейді. Сондықтан, бұл мәселемен бірлесіп айналыспаса болмайды, – дейді қалалық білім бөлімінің басшысы Нұрсәуле Сайлауқызы.

№9 балабақшаның меңгерушісі Дина Айтқожина да көкейінде жүрген пікірімен бөлісті. «Жыл сайын бала саны артып келеді, сондықтан, балабақшалар жүйесін кеңейтіп, дамыту қажеттілігі туып отыр. Біздің ғимарат 140 орынға есептелген, бірақ, 240 бала тәрбиеленеді. Неліктен заманауи жабдықталған жекеменшік балабақшаларда бір топқа – 15, ал мемлекеттік мекемелерде 40 баладан келеді? Бұл сауалдың шешімін табу үшін жүйелі  бірыңғай кеңістік құратын уақыт келіп жеткен сияқты» дейді ол.

Шындығында да қалада, жекеменшік балабақшалар бала санын толтыра алмай отырғанын айтпасқа болмайды. Мысалы, 60 орындық «Жанерке» және 40 орындық «Қайнар-2» балабақшаларында бар болғаны – 12, 120 орындық «Ақниет» балабақшасында – 106, 75 орындық «Жас батыр» балабақшасында 30 бала тәрбиеленуде. 

– Жекеменшік балабақшалар қайырымдылық қоры емес, бұған да бір кәсіп тұрғысынан қарауымыз керек. Балабақша ашқан жеке кәсіпкерлер үшін несие алуға 7 пайыздық жеңілдік берілуде. Ата-ана талабынан шығу үшін мекемелер арнайы маркетинг жоспарын жасақтап, өздерін жарнамалап көрсетсе де артық етпейді. «Арай», «Күншуақ», «Ақ көгершін», «Тимоша», «Еркем-ай», «Балапандар», «Мирас», т.б. жеке балабақшалардың барлығы да мемлекеттік тапсырыспен жұмыс жасауға ниет білдіріп отыр.Мысалы, «Нұрсая» ықшамауданынан ашылған 60 орындық «Империя талантов» балабақшасында не бәрі 10 бала ғана тәрбиеленуде. Онда жүзу бассейніне дейін бар. Қанша бала қандай меншік иесіндегі мекемелерде тәрбиеленуде, барлығы мемлекет бақылауында болуы тиіс. Балаларды қандай жолмен, қандай бағытта тәрбиелеп жатқанын мемлекет жіті қадағалап отырады. Сондықтан, қойылатын талап та жоғары. Ал, егер аттестацияға байланысты кінәраттар болса, әр мекеменің шағымдануға құқығы бар. Егер ата-ана баласын мемлекеттік балабақша кезегін күтпей, бағасы қомақты болса да жеке балабақшаларға беріп жатса, онда сол мекеме барлық талапқа жауап беріп отыр деген сөз. Ал, бала санын толтыра алмай отырған мекемелер үшін қалалық білім бөлімі көмектесуге дайын болуы тиіс, – деді жиынды қорытындылаған Шыңғыс Жұмабекұлы.

Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз