Көліктердің автожолдарда жүруіне рұқсат етілген шектік салмақтары жарияланды
Егер шектік салмақтан асып кетсе көлік иелеріне айыппұл салынады.
ҚазАвтоЖол компаниясы көлік құралдарының Қазақстанның автожолдарында жүруі үшін рұқсат етілген салмақтарын жариялады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Компанияның мәліметінше, бұл шектік салмақтар жол инфрақұрылымының қауіпсіздігі мен ұзақ мерзімді қызмет етуін, сондай-ақ жолдардың сапасын сақтап тұру үшін енгізілген. Компания рұқсат етілген салмақтардың көлік құралының санатына және оның білігіне байланысты екенін атап өтті.
Дара автокөлік құралдары (М, N және О (тіркеме) санатты):
— екі білікті 18,0 тонна;
— үш білікті 25,0 тонна;
— М3 санатты буындастырылған автобустар 28,0 тонна;
— төрт білікті, оның ішінде екі басқару білігі бар 32,0 тонна;
— бес білікті 38,0 тонна;
— алты және одан да астам білігі бар 44,0 тонна;
Ал құрамында тартқыш пен тіркеме (жартылай тіркеме) бар автопойыздар үшін:
— үш білікті 28,0 тонна;
— төрт білікті 36,0 тонна;
— бес білікті 40,0 тонна;
— алты білікті 44,0 тонна;
— алты біліктен жоғары дара автокөлік құралдарына жол берілетін салмақтарының қосындысынан аспауы тиіс.
“Бұл нормалар тек жол жабынының сақталуына ғана емес, сондай-ақ көлік құралдары үшін қауіпсіз қозғалысты қамтамасыз етеді”, – делінген хабарламада.
Компания осы талаптарды сақтамаған көлік құралдарының иелері мен жүргізушілерге айыппұл салынатынын атап өтті.