Жарнама
Жаңалықтар

КӨКТЕМНІҢ ӘР КҮНІ – ЖЫЛҒА АЗЫҚ

Облыс әкімінің бірінші орынбасары Ғ.Дүйсембаевтың төрағалығымен өткен алқалы жиын осы маңызды мәселені талқылауға арналды. Оған аудан әкімдері, ауыл шаруашылығының жетекші мамандары, қаржы институттарының өкілдері, шаруагерлер мен қамту, жабдықтау қызметінің  жетекшілері қатысты.

Басқосуда облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Сырым  Рысқалиев көктемгі дала жұмыстарына дайындық барысынан хабардар етті. Биыл аймақтағы ауыл шаруашылығы дақылдарының егістік көлемі 6047 гектарды құрайды. Оның ішінде, 2435 га көкөніс, 874 га бақша, 1238 га картоп, қалған бір жарым мың гектарға мал азықтық дақылдар егілмекші. Облыс әкімінің тапсырмасы бойынша биыл 1,5 мың гектар егістікте тамшылатып суару технологиясын пайдалану міндеттелген.

Облыстың бас аграршысының мәлімдеуінше, көктемгі егіске қажетті ауыл шаруашылығы машиналары мен тракторлары толықтай дайындалған. Тауар өндірушілердің жанар-жағармай және басқа да шығындарының құнын субсидиялауға жергілікті бюджеттен 92,3 млн. теңге қаражат бөлінген. Науқанға   қажетті минералдық тыңайтқыштарға, гербицидтерге сұраныс берілді. Сәуір айында сұранысқа сай  бір мың тоннадан астам минералдық тыңайтқыш  жеткізілмекші. Облыста көктемгі дала жұмыстарын атқаруға байланысты жеңілдетілген бағамен екі мың тонна дизель отыны бөлініп отыр.

 Облыс әкімінің бірінші орынбасары Ғұмар Ислямұлы өңірдің табиғи-климаттық жағдайына бейім көпжылдық жеміс-жидек дақылдарын отырғызу, картоп егістігінің көлемін кеңейту, Жайық пен Қиғаш, Ойыл мен Жем бойына көкөніс, бау-бақша дақылдарын егіп, баптау арқылы жергілікті халықты өз өнімдерімізбен қамтамасыз етудің маңыздылығына тоқталды. Мемлекет те көмегін тигізіп отыр. Мәселен, бір гектар жерге картоп еккен диқанға мемлекет 70 мың теңге қайтарымсыз қаржы береді. 

Жиналыс төрағасы қала, аудан әкімдеріне барлық мүмкіндікті пайдаланып, өзендер мен өзектердің, каналдардың бойына көкөніс, бақша, картоп дақылдарының егістік көлемін ұлғайту, салаға тамшылатып суару әдісін кеңірек қолдану, үнем мен ұқыптылыққа көңіл бөлу, каналдардан су пайдаланған шаруашылықтарға су жеткізу қызметі құны шығындарын «Атыраусушар» мекемесімен уақытында есептесіп отыру қажеттігін қаперледі.

Алқалы жиында шаруагерлерді толғандыратын мәселелер бойынша «ҚазАгроҚаржы» АҚ-ның Атырау филиалының директоры А.Пра­шев­, «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ филиалының  директоры Н.Есмұханова, «Ауыл шаруашылығын қолдау қоры» АҚ филиалының директоры Г.Шалағұлова және басқалар түсінік берді.

 

Бақытжан ЖҰМАТ.

Беттегі суреттерді түсірген

Ерлан АЛТЫБАЕВ.

 

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button