
Көктемгі су тасқыны: 37 елдімекенге қауіп бар
ҚР Премьер-Министрі Олжас Бектеновтің төрағалығымен тасқынға қарсы іс-шараларды үйлестіру және қарғын су жүру кезеңінің салдарын жою туралы республикалық штаб отырысы өтті. Жиында Атырау облысының әкімі Серік Шәпкенов тасқынның алдын алуға бағытталған жұмыстар туралы баяндама жасады.
Аймақ басшысының айтуынша, қазір Жайық өзенінен қауіп төніп тұрған жоқ.

— Қазір Орынбордағы әріптестермен байланыстамыз. Жайық өзенінен аса қауіп төніп тұрған жоқ, десе де бөгеттер соғылып, жаға бекітілді. Жем мен Ойылдың тасу қаупі бар. Жемнің бойына бөгет соғылып, өзен сағасы тазаланды. Негізгі күштік құрылым дайын, — деді С.Шәпкенов.
Үкімет басшысы Жем мен Қиғаш өзендеріндегі қауіптің жоғары екенін ескере отырып, су айдындары бойында орналасқан елдімекендерді қорғау бойынша қажетті шаралар қабылдауды тапсырды.

Серік Шәпкенов республикалық штаб отырысынан кейін жауапты басшылармен жиын өткізді.
Аймақ басшысы әр ауданға жауапты адам бекітіп, учаскелерге негізгі күштік құрылымдарды бөлуді жүктеді. Ақтөбе және Орынбор облыстарымен ұдайы байланыста болып, деректерді күн сайын жаңартып отыруды тапсырды.

Облыс бойынша тасқын қаупі бар елді мекендердің тізбесі қайта қаралып, нақтыланды. Бақылауға алынған 51 елдімекеннің 14-дегі тасқын қаупі азайды, қалған 37-нде әлі де қауіп бар.
Бүгінде Қызылқоға ауданының тоғыз ауылдық округі мен бес елдімекенінде жалпы ұзындығы 41,2 км бөгет салынды. Жылыой ауданында 95,3 км өзен түбі тереңдетілді. Оның ішінде Курсай каналы – 47,2 км, Жем өзені – 48,1 км, бөгеттер – 65,3 км.
Қарғын су жүру кезіндегі залалды жоюға 1511 адам, 244 техника, 187 бірлік мотопомпа, 20 жүзу құралы, 3 тікұшақ жұмылдырылуға әзір. Сондай-ақ 48,5 тонна жанар-жағар май,
235 тонна инертті материал және 866 мыңнан астам қапшық, 69 дана шатыр, 5 мыңнан астам төсек жабдығы дайын. Тұрғындар қауіпсіздігі үшін 200 эвакуациялық пункт әзірленді.

Айта кету керек, 11 наурыздағы ақпаратқа сай, Иректі су қоймасынан судың жіберілуі — 201 м3/с. Еділ су қоймасынан су жіберілуі — 5450 м3/с.