Көктем мінезді келіншек
Міне, үміттерді жалғаған, әдемілігімен бүкіл әлемді арбаған, адамдарды қуантудан талмаған тағы бір көктем Жер-Анаға қадам басты. Жыл сайын осы бір керемет кезеңде аналарды, қыздарды, қарындастарды құттықтаудан бастаудың өзі адамзат пен табиғаттың арасындағы бағзыдан келе жатқан байланысты білдірсе керек. Осындайда бірінші кезекте өзіңнің туған-туыстарың ойға оралса, екінші кезекте журналистика саласында ағайындай болып кететін жұмыстастар көз алдыңа келеді екен.
Біз «Атырау» газетінде алғаш жұмыс істеген жылдары редакцияда негізінен ер адамдар еңбек ететін. Мысалы, журналист жігіттердің арасындағы санаулы ғана қыздардың бірі Лиза Сейтімова болды. Сондықтан болар, ұжымдағы ер адамдар Лизаға үлкен құрметпен қарайтын, арасында «Лизажан» деп еркелетіп қоятын, оның жұмыстағы аз-кем кемшілігін көп ескере де бермейтін. Лизаның өзі де мінезі ашық, кез келген адаммен тез тіл табысатын, ойына келген сөзді іркілмей айта салатын, көпшіл, көңілді адам. Лизаның бір «әттеген-айы» жұмысқа сәл кідіріңкіреп келетіні бар. Ол кезде балалары жас, сондықтан, оған көп көңіл де аудара бермейтінбіз.
Менің таңертеңгі жұмыстарды реттеп, тиісті тапсырмаларды берген соң кабинеттерді аралап шығатын әдетім болушы еді. Сондай сәттердің бірінде Лизаның кабинетіне кірсем, орнында жоқ екен. Дәлізден асығып келе жатқан Лиза қарсы жолықты. Жұмысқа енді келе жатқан сәті. Мені көріп:
– Сәлеметсіз бе, ағай, біреудің кабинетінде неғып жүрсіз? – демесі бар ма. Мен қапелімде не дерімді білмей:
– Саған бір тапсырма берейін деп келіп едім, – дедім.
– Тапсырмаларыңызды айта беріңіз, мен алдыңызда тұрмын ғой, – деп тақ ете қалды.
«Сөз тапқанға қолқа жоқ» демекші, осы сөзге екеуміздің де күліп жібергеніміз бар. Соңынан «Лиза кешігіп келгені үшін менен кешірім сұрай ма десем, өзімді ұялтып тастады ғой» деп біразға дейін әзілдеп айтып жүргенмін. Бүгінде редакцияда білімді де білікті, беделді, үріп ауызға салғандай әдемі журналист қыздардың қатары көбейді. Бұрын Лизаны бүкіл ұжым «Лизажан» деп еркелетсе, бүгінде оны бәрі дерлік «Лиза апа» деп құрметтейді. Бұл осы журналистика саласында алғаусыз еңбек етіп, көптеген атақ-абыройға ие болып, ардагер журналист атанған, балаларын өсіріп-өндіріп, немере сүйген Лиза Шайхашқызының өнегелі өмірінің бір сәті ғана.
Мерекелі сәтте Лизаны және ұжымдағы барлық қарындастарымды мерекемен шын жүректен құттықтап, олардың әрқайсысына бақ пен береке тілеймін!
Нұрлан ҚАБЫЛОВ, сала ардагері
Қазақстанның Құрметті журналисі