Жаңалықтар

«KOKTEM FEST-2023»: Ұлық мейрам ұлықталды

Жыл басы – Наурыз мерекесі «INFINITY PLAZA» экопаркінде кең көлемде тойланды. Фестиваль таңғы сағат 08.00-де жүгіру марафонымен басталды. Жыл сайын ұйымдастырылатын жарысқа 400-ден астам тұрғын қатысты.

Жиылған жұртшылықты қала әкімінің орынбасары Нұржан Ермұханов мерекемен құттықтап, марафоншыларға сәттілік тіледі.

– Ырыс пен берекенің, ризық пен несібенің бастауындай болған Әз Наурыз құтты болсын! Бүгінде ұлық мереке көп ұлтты халқымыздың сүйікті мейрамына айналып, бірлік пен ынтымақтың, саяси тұрақтылықтың нығаюының негізі болды. Өткен жылға өкпе жоқ, келер күннен үміт көп,- деген Нұржан Мақсотұлы әрбір шаңыраққа береке мен молшылық тіледі.

Жарыс желаяқтары «старт» сызығына тұрып, «бастау» белгісі басылған соң жүгіруді белсене бастап кетті. Одан соң қатысушылар белгіленген аумақ – «INFINITY PLAZA» экопаркінен «Sultan Palace» қонақ үйінің маңына дейін, қашықтығы – 5 километр жүгіру жолына түсті.

Нәтижесінде, Санжар Базарбаев (суретте)  жүгіру мәресін ең алғашқы болып кесіп өтті.

–Жүгірумен айналысып жүргеніме үш жыл болды. Екі жыл қатарынан өз категориям бойынша алғашқылардың бірімін. Керемет әсер алдым, жүгіру барысында қиындықтар болғанына қарамастан ұйымдастыру жағы өте керемет, – деген «Western Runners» жүгіру мектебінің қатысушысы өз әсерімен бөлісті.

Шара қорытындысы бойынша жүзден жүйрік шыққандар марапатталып, «Infinity Fitness» фитнес клубына сертификаттарға ие болды. Марафон соңы Атырау қаласы Дина Нұрпейісова атындағы халықтық музыка Академиясы ұстаздары мен студенттерінің мерекелік концертіне ұласты.

Сондай-ақ, экопарк аумағында құрылған киіз үйде салт-дәстүр жаңғыртылып, қолөнер шеберлерінің көрмелері ұйымдастырылды. Ұлттық ойындардан сайысып, жергілікті өнерпаздар сахналық қойылым арқылы жаңа жылдың басталғанын айшықтайтын көріністер көрсетті. Тұрғындар жетi түрлi дәмнен жасалған наурыз көжеден дәм татты.

Айта кетейік, «INFINITY PLAZA» экопаркі аумағындағы мәдени-бұқаралық шара екі күнге созылды. Қонақтар қолданбалы өнер бойынша мастер-кластарға қатысып, жәрмеңкедегі ұлттық әшекей мен киімдерді тамашалады.

Майра ОРАЗҒАЛИЕВА

Related Articles

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Back to top button