ҚОҒАМНЫҢ ҚОЗҒАУШЫ КҮШІ
Негізінен ақпарат құралдарындағы өнім сапасы сөз болған кеңес барысында «Атырау-Ақпарат» ЖШС директоры Төлеген Берішбай хабарлама жасады. Елбасы Жолдауының серіктестікке қарасты ақпарат құралдарында насихатталу деңгейіне тоқталған хабарламашы күні бүгінде екі облыстық және жеті аудандық газетте түрлі айдарлардың ашылып, стратегиялық құжаттың негізгі басым бағыттары бойынша материалдардың тұрақты жарияланып жатқанын айтты. «Күні бүгінге дейін 430-ға жуық мақала жарық көрді. Соның 130-ы облыстық «Атырау», 82-сі «Прикаспийская коммуна» газетінде жарияланды. Біздің авторларымыз негізінен ардагерлер, мекеме және жоғары оқу орындарының басшылары болып табылады. Олардың қатарында Парламент депутаттары да бар. Және айта кетерлігі, мақалалар «қолдаймыз» деген жалаң бағытта емес, ой-пікірлер, ұжымның көзқарасы, сараптама түрінде берілуде» деп атап өтті серіктестік директоры Төлеген Берішбай.
Облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Әсия Қыстаубаева «жалпы ақпарат құралдарында сараптамалық, талдау материалдары әлі де жетіспейді» деген пікірде. «Стратегиялық құжат – ел дамуы үшін ерекше маңызға ие. Ендігі жерде Жолдауды іске асырудың мән-маңызы неде? Халық үшін қандай игіліктер жүзеге асты?» деген мәселелер көтерілуі керек. Мониторинг, баға беретін сарапшылардың пікірі аз» деп атап өтті ол. Кеңес барысында «Приходите со своим» деген тақырыппен «Время» газетінде жарық көрген мақала да сөз болды. «Онда автор әлеуметтік зерттеуге қатысқандардың 50 пайызы емханалардағы кезектерге разы емес» деп жазған. Шын мәнінде олар 50 емес, 24 пайыз болатын. Журналист кейін материалды естіген деректері бойынша жазғанын мойындады. Осының өзі кез келген фактілерді тереңінен зерттеу қажеттігін көрсетеді» дейді Әсия Қыстаубаева.
«Медицина дегеннен шығады, облыста денсаулығы дімкәс адамдар жыл санап азаюдың орнына көбейіп барады. Бірақ, облыстағы медициналық орталықтардың заманауи құрылғылармен жабдықталғанына қарамастан, атыраулықтар Ресей асып, Астраханға барғанды жөн көреді. Өкінішті жағдайлар туралы да көптеп мысалдар келтіруге болады» деген ой қосты «Алтын ғасыр» газетінің бас редакторы Жұмабай Доспанов. Бұл, әрине, қоғамда бар көзқарас. Бірақ, перзентханалардағы, кардиохирургиялық орталықтағы дәрігерлер ерлігін жоққа шығаруға болмайды. «500 грамм салмақпен туылған нәрестені өсіріп, адам қылу бұрын-соңды болып па еді? Сондықтан, осындай игіліктерді халыққа кеңінен жеткізу керек» деді бұл орайда облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Әсия Қыстаубаева.
Облыстық «Атырау» газетінің бас редакторы Исатай Балмағамбетов Елбасы Жолдауын насихаттау мәселесінің түрлі формада жүзеге асырылып жатқанын айтты. «Темірқазық», «Әділет әлемі», «Бизнесмен», «Шаңырақ» қосымшаларына биыл «Бірлігіміз жарасқан!», «Ерлік даңқы» сынды жаңа жобалар қосылды. «Жүректен-жүрекке» әлеуметтік жобасы бар. Орталықтан саясаттанушылардың, Парламент депутаттарының, қоғам қайраткерлерінің пікірлері, сұхбаттар жиі көрініс тауып отырады» деген бас редактор Исатай Балмағамбетов «ендігі кезекте мемлекеттік органдардың ақпарат құралдарымен байланысын жандандыру қажет» деген ұсынысын айтты.
Облыстық «Прикаспийская коммуна» газетінің бас редакторы Нәсіп Шалабаева да «мемлекеттік органдардың, жалпы жергілікті құрылымдардағы баспасөз хатшыларының жұмысы кей жағдайда сын көтермейді» деген пікірде. «Рас, кей мекемелерде баспасөз хатшысы штатта қаралмауы мүмкін. Мұндай жағдайда ақпарат құралдарымен тікелей жұмыс істейтін маман сұраймыз» деді ол.
Кеңес барысында БАҚ жұмысын ұйымдастырудың тиімділігін арттыруға байланысты өзге де мәселелер талқыланып, нақты шешімдер қабылданды.
Баян ЖАНҰЗАҚОВА.
Суретті түсірген
Ерлан АЛТЫБАЕВ.