Жарнама
Жаңалықтар

Қоғамдық келісім – кемел келешек кепілі

 Қазақстан халқы Ассамблеясының аясында құрылған Қоғамдық келісім кеңестері елдегі іс-шараларға белсенді қатысып, маңызды жұмыстардың қозғаушы күшіне айналып келеді. Облыстық әкімдікте өткен өңіраралық отырыста осы кеңестердің мақсат-міндеттері кеңінен баяндалды.

БЕРЕКЕ НЕГІЗІ – БІРЛІКТЕ

 bastytakirip21– Атырау облысында сексеннен астам ұлт өкілдері тұрады, 17 этно-мәдени бірлестік бар. Олардың бәрі де қоғамдық-саяси өмірге белсенді араласады, бұл өз кезегінде біздің әлеуметтік-экономикалық дамуымызға негіз болып отыр, — деді облыс әкімі Нұрлан Ноғаев.

— Қазақстанның асқаралы асуларды бағындырып, әлемге бейбітшілік сүйгіш ел ретінде танылуында Елбасының ықпалымен бірге сан түрлі ұлттар мен ұлыстардан құралған халқымыздың берекелі бірлігі де зор маңызға ие. Бүгінде Ассамблея ұлтаралық келісім мен татулықты нығайтуға септігін тигізіп келеді, ал оның жанындағы қоғамдық келісім кеңестері қоғам өкілдері санасатын пікірталас алаңына айналды. Жиынға қатысқан Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары – хатшылық меңгерушісі Ералы Тоғжанов қоғамдық келісім кеңестері әр азаматтың мүддесін мемлекет мүддесімен ұштастыруға, ел бірлігін нығайтуға үлес қосып жүрген ұйым екеніне тоқталды.

— Елбасы Ақтөбедегі террористік актілерге байланысты мәлімдемесінде «Қазір нағыз отансүйгіштікті көрсететін уақыт, халқымыздың қауіпсіздігі мен мемлекет тұтастығы үшін бәріне де дайын екенімізді көрсететін кез келді» деп айтқан еді. Әрбір мемлекет үшін азаматтардың қауіпсіздігі мен елдің бірлігі – ең басты мәселенің бірі. Қоғамдық келісім мен ел бірлігі арқылы біз жоғары әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткішіне қол жеткіздік, қолайлы инвестициялық климат қалыптастырдық, қаншама күрделі әлемдік дағдарыстардан шыға білдік, елдің келешегіне арналған батыл реформаларды жүзеге асырып келе жатырмыз. Елдің бірлігі арқасында тыныштық пен қауіпсіздікке, дамуға қатер төндіретін кез келген жағдайға қарсы тұрып, тосқауыл бола аламыз. Тәуелсіздіктің тірегі болған ең басты байлығымыз бейбітшілік пен келісімді сақтау, нығайту жолында азаматтарды жұмылдыра түсу – негізгі мақсатымыз да, бағытымыз да сол. Соңғы бірнеше жылдың өзінде сын сәтте ауызбірлік көрсете алмаған халықтардың, мемлекеттердің тұрақтылығына қатер төнгеніне куәміз. Мұндай қатерлердің өзі тұтас халықтардың тарихи трагедиясына айналды, біз кез келген сын-қатерге жауапты қарап, терең оймен саралауға тиіспіз. Елбасының сенімін ақтап, бүгінгідей жауапты шақта барша әлемге Қазақстан халқының елдігі мен бірлігін паш етуіміз керек. Бұл бағыттағы жұмыстардың басында қоғамдық қатынастарда пікір алмасу алаңдарын, диалогты қамтамасыз етуге бағытталған қоғамдық кеңестер тұруы тиіс, — деп атап өтті Ералы Лұқпанұлы. Қоғамдық келісім кеңестері Елбасы Жарлығымен 2013 жылы құрылған еді. Бүгінде облыс орталықтарында ғана емес, ауыл-аудандарда да кеңес жұмысы жүріп жатыр. Оның құрамында қоғамдық пікірдің көшбасшылары, қайраткерлер, ардагерлер, жастар, үкіметтік емес ұйымдар мен кәсіподақ өкілдері бар.

  Қоғамдық келісім кеңестері жұмысының басты бағыттарының бірі – қабылданатын ше-шімдердің ашықтығын, қоғамдық пікірмен үндесуін қамтамасыз ету. Өзекті сұрақтарды талқылап, мемлекеттік органдар үшін ұсыныстар дайындау да – кеңес міндетінде. Жиын барысында Ералы Тоғжанов Қазақстан халқы Ассамблеясының барлық аймақтардағы хатшылықтарына террористік қауіптің сары деңгейінде 40 күн бойы әр ауылда аталған кеңес отырыстарын өткізуге тапсырма берді. Ал оның жұмысына аймақтардағы беделді тұлғалар тартылуы тиіс.  

«БІРЛЕСІП КӨТЕРГЕН ЖҮК ЖЕҢІЛ»

   Қазақстан халқы Ассамблеясы Қоғамдық келісім кеңестерінің жұмысын ұйымдастырудағы Батыс Қазақстан облысының тәжірибесі – көпке үлгі. Хатшылықтың Оралдағы меңгерушісі Ғайса Қапақовтың айтуынша, Батыс Қазақстан облысында қоғамдық келісім кеңестерінің саны 239-ға жеткен. Ірі кәсіпорындар мен ауылдық елді мекендердің бәрінде де кеңес бар. Ассамблея жанынан ақсақалдар кеңесі, ғылыми-сараптамалық кеңес, қоғаммен байланыс жөніндегі кеңес және жастар қанаты құрылған. Осы құрылымдарға қоса 33 этномәдени бірлестік Жайық жұртының ынтымағын нығайтып, ырысын молайтуға мүдделілік танытып, жұмыс істеуде. Мектептер мен орта, жоғары оқу орындарындағы достық клубтарына бес мыңға жуық жас жұмылдырылыпты. Осындай жақсы істерін баяндаған Ғайса Қапақов өңірлік Ассамблея мүшелерінің ұстанымы «Бірлесіп көтерген жүк жеңіл» деген халықтық қағидамен үндес екенін атап өтті.

  Жиында, Жылыой ауданындағы Қоғамдық келісім ұйымының қызметі жайында аудан әкімі Мақсым Ізбасов баяндады. «Сексен мыңнан астам халқы бар Жылыой өңірінде қоғамдық келісім кеңестері жоспарға сай әр тоқсанда отырыс өткізіп, азаматтық институттардың жұмыстарын үйлестірудің маңызы зор екенін көрсетіп отыр. «Татулық пен келісімнің жол картасы» жобасы аясында аудан елді мекендерінің мәдениет күндері, «Ынтымағы жарасқан Кең Жылыой» атты білім беру ұйымдарының акциялары, «Достық – ынтымақ кепілі» атты театрландырылған шеру осы кеңестің ықпалымен ұйымдастырылды. Теңіз кені-шінде алыс-жақын шетелдерден келген түрлі ұлт өкілдері, отандық компаниялардың қызметкерлері арасындағы өзара түсі-ністіктің арқасында шетелдік компанияларды өңірдің әлеуметтік мәселелерін шешуге тартып келеміз. «Теңізшевройл» компаниясының «Игілік» бағдарламасымен Құлсары қаласы үшін үлкен проблемалық мәселе болып келген ауыз су құбырларын жаңарту жүзеге асты», — деген Мақсым Шафихұлы бірлік пен берекеге ұйыған ауданның жарқын жетістіктерін әңгімеледі.

 Еліміздің жан-жақты даму жолындағы ауқымды жұмыстардан «Ембімұнайгаз» акционерлік қоғамы да тыс қалған емес. Кәсіпорындағы Қоғамдық келісім кеңесінің жұмысы жайында бас директордың орынбасары Айболат Ғабдуллин хабарлама жасады.

«ЖАТ ДІН ЖАНЫҢДЫ ЖАЛМАЙДЫ»

  «Деструктивті діни ағымдар қазақ еліндегі достық пен келісімнің тұрақтылығын сынап жатыр. Осындай кезеңде біз ауызбірлігімізді жоғалтып алмауымыз керек». Өңіраралық көшпелі отырысқа қатысқан ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Дін істері комитетінің төрағасы Ғалым Шойкин осындай ой айтты.

— Мемлекеттің конституциялық тәртібіне, ел азаматтарының өмірлеріне, қазақстандық қоғамда берік орныққан тыныштық пен ауызбірлікке ешкімнің қастандық жасауына құқығы жоқ, — деді Ғалым Нұрмағамбетұлы. — Ақтөбедегі жағдайға қатысы бар адамдардың бейбіт өмір сүріп отырған тұрғындарды қорқытуды, қоғамымызға үрей мен бүлікті енгізуді көздегені анық. Дін атын жамылған лаңкестер кезекті рет өздерінің шынайы бейнесін көрсетіп отыр. Мұндай адамдар өздерін дін қорғаушылары ретінде көрсеткісі келгенімен, болған оқиғалар іс жүзінде шынайы ислам құндылықтарынан алыс екендерін анықтап берді. Еліміз осы күндері тұрақтылықты сақтау сынағын басынан өткерді. Біздің қоғам террористердің арандатуына жол бермеу және дінді желеу еткен фанаттардың әрекетін бір ауыздан айыптау арқылы өзінің жетілгенін көрсетіп отыр. Біз мемлекеттік құқық қорғау және арнайы қызмет органдары Ақтөбедегі жағдайды жіті зерттейтініне және кінәлілерге тиісті жазасын беретініне сенімдіміз. Қазір террористік қауіптің сары деңгейі жарияланғанымен, қоғамымыздағы ахуал тұрақты.

 Азаматтардың діни бостандығына қажетті жағдайдың бәрі бізде бар. Республика бойынша 2500-ден астам мешіт, 3600 діни бірлестік жұмыс істейді. Дін істері жөніндегі комитеттің бастамасымен 2013 жылы Астанада республикалық «Ақниет» оңалту орталығы ашылған. Ақтөбе мен Атырауда аймақтық оңалту орталықтары бар, оларда еліміздегі беделді теологтары қызмет етеді. Сондай-ақ, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының жанынан жетекші теологтар мен дінтанушылардан құралған топ теріс діни ағым жетегінде кеткендермен жұмыс жүргізіп келеді.

  Бір айта кетерлігі, бұл – саладағы маман тапшылығы проблемасы. Ғалым Нұрмағамбетұлы биыл Алматыдағы «Нұр-Мүбәрак» университетінде теріс діни ағым өкілдерімен жұмыс істейтін мамандар дайындайтын орталық ашылатынынан хабардар етті. Себебі, мешіттерді имамдармен қамтамасыз етуде шешімін күткен мәселе көп, қазір еліміздегі мешіттердің 30 пайызында ғана имамдардың жоғары діни білімдері бар екен. Сондықтан дін қызметкерлерінің біліктілігін арттыру, әдістемесін дайындау жұмыстары күн тәртібінде тұр. Еліміздегі тоғыз медреседе мемлекеттік білім беру бағдарламалары енгізілді. Алға қарай осы медреселерге колледж статусы берілмек. Деструктивті идеялардың таратылуына қарсы тұру мақсатында қоғамның барлық топтарын жұмылдыра отырып, жұмыс жүргізу маңызды, өйткені жат ағымның жетегінде кеткен әр қазақ баласы үшін біз бәріміз жауаптымыз.

  Ұлтаралық қарым-қатынасты нығайту, діни ахуалды назарда ұстау. Қазақстан халқы Ассамблеясы Қоғамдық келісім кеңестерінің өңіраралық отырысында талқыланған негізгі екі мәселе – осы. Әлемге бейбітшілік пен бірліктің жарқын үлгісін көрсетіп келе жатқан қазақ елінде осы екі құндылық құнын жоймауы тиіс.

Бақытгүл БАБАШ.

 

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button