ҚИЫНДЫҚ БӨЛІССЕ ҒАНА АЗАЯДЫ

Атырауда төтенше жағдайға қарсы шаралар қарқынды  жүзеге асуда 

Атырау толассыз жауған жауынның зардабынан әлі де айыға қойған жоқ. Бүгінде су басқан үйлер мен аула, көшелерді құрғату жұмыстары қарқынды жүруде. Төтенше жағдайға байланысты құрылған арнайы штабтың мәліметіне қарағанда, қазір бес мектеп пен 60 жеке иеліктегі үйдің ауласынан 22 506 текше метр су сорылып алынған. 143 техника табиғаттың тосын мінезімен арпалысуда. Көмекке батыс қазақстандық су соратын машиналар да келіпті.

 

Апат айтып келмейді

Жұртшылықтың арасында облыстық төтенше жағдайлар жөніндегі департаменттің телефондары бос болмайтындығын айтып шағымданатындар бар.  Соған орай бұдан бұрын журналистерге арнайы брифинг өткізген облыс әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетов өзінің пікірін білдірді.

– Атырауда үш айлық жауын-шашын мөлшері бір тәулікте жауды. Бұл мұнайлы өңірде бұрын соңды болмаған жағдай, – деді Бақтықожа Салахатдинұлы. – Нақтыланған алдын ала мәлімет бойынша 252 үй суға кетіп отыр, оның ішінде 119 үйдің ішіне су толған. Қазіргі күні жауыннан жапа шеккен адамдар қауіпсіз жерге көшірілді. Үйлерінен мүмкіндігінше заттары шығарылды, ол мүліктері сақтаулы. Жұртшылықтан «Төтенше жағдайлар жөніндегі департаментке қоңырау шала алмаймыз» деген реніштер айтылуда. Ол жерде бүкіл қоңырауларды қабылдауға үлгере алмай жатыр. Төтенше жағдайлар қызметінде зардап шегушілермен байланысу үшін бір сәтке де тынбайтын 6 телефон жұмыс жасайды.  Қазірдің өзінде 35 мыңдай қоңырау келіп түсті.

Аймақ басшысы қиын сәтті пайдаланып қалмақ болып жатқандар да барын жасырмады. Ең бастысы, бүгінде төтенше жағдай толық бақылауда. Оған Үкіметтен қосымша қаражат сұраудың да қажеттілігі байқалмайды. «Соған қарамастан зардап шеккендерге пәтер ұсынылмағанымен, қолдан келген барлық көмек беріледі», – деді Бақтықожа Салахатдинұлы.

Төтенше жағдайлар жөніндегі департаментінің соңғы берген мәліметіне қарағанда, облыс, қала және жеке адамдардың күшімен 11 526 текше метр су сорылып алынды. Ал, оның жалпы көлемі 22 506 текше метрді құрайды. «Атап айтқанда, №9, 11, 2 және «Сарықамыс» мектебі, Сланов, Гайдар, Уәлиханов, Грибоедов, Товарищеская, Жансүгіров, тағы басқа көшелер, сонымен қатар, Геолог-2, Сарықамыс, Өркен, Тасқала, Теңдік елді мекендерінің жеке иеліктегі барлығы 60 ауладан су сорылды. Дәл қазіргі уақытта №5 және №24 мектепте төтенше жағдайдың зардабын жою жұмыстары жүріп жатыр» делінген Төтенше жағдайлар жөніндегі департаментінің ұсынған ақпаратында. Департамент басшысы Сағымбек Өмірзақовтың айтуынша,  «112» шұғыл қызмет нөміріне 6 телефон аппараты шығарылған. Мұнда тәулік бойына жедел кезекшілер жұмыс істеуде. 

Зардап шеккендердің жайы қалай?

Жауыннан зардап шеккен 482 адам қауіпсіз жерге көшірілді. Олар қаладағы төрт оқу орнына бөлініп орналастырылған. Соның ең көбі – №2 және  И.Тайманов атындағы №27 орта мектептерде. Осы себепті біз тұрғындардың хал-жағдайын білу мақсатында аталған білім ошақтарына арнайылап бардық.

Шіркеу маңындағы №2 мектепке келгенімізде түс мезгілі болатын. Соған қарамастан мұнда көмек беруге келіп жатқандар аз емес. Көзімізше бір ер адам екі пакетке ет толтырып әкеліп ұсынып жатыр.

– Үйлері суға кеткен адамдарға барлық жағдай жасалуда. Оларға бірқатар атыраулықтың ерекше қамқорлық көрсеткенін де  айтқым келеді. Біздің мектепке зардап шеккендердің орналасқанын ести салысымен алдымен «Өнерпаз» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің өкілдері өздерінің көмектерін әкелді. Одан соң басқа құрылымдар да бірі тағамын, екіншісі киімін ұсынып жатыр. Әсіресе, жастардың белсенділігіне ерекше тоқталсам деймін. Аға-апаларының, қатарластарының қиындығына бей-жай қарамаған кейінгі буынның бұл әрекеті мені шыныменен қуандырды, – дейді №2 орта мектеп директоры Вера Миденова.

Аталған оқу орнына негізінен Тайманов, Товарищеская, Досымов, Молдағұлова көшелерінің үйлерін су басқан 214 тұрғыны орналасқан, оның 68-і – балалар.

– Мен Төлебаев көшесі 4-2а үйдің тұрғынымын. Қасымда отырған қызымның есімі – Марта. Тұрғын-жайымыз 60-жылдары салынған болатын. Кешегі жаңбырда оның іші суға толып кетті. Тіпті, отыратын орын қалмады. Үйіміздің қабырғасы сыртынан ырсиып жарылды. Суға малшынып, қатты тоңып қалып едік, шүкір етерлігі, осы мектепке жайғасып, есімізді жинап жатырмыз, – дейді біз тілдескен Қайша Сатыбалдиева.

Ал, Худин көшесінің бойында тұратын Жәния Нұрсафиеваның баспанасы қамыстан салынған екен. 1 жас 8 айлық баласын құшақтап отырған ана қазіргі көрсетіліп жатқан көмекке разы. Гүлнәр Бекмаханова болса ескі үйінің топан судың астында қалғанын жеткізді.

№2 мектепке орналасқандарға №5 емхананың дәрігерлері бекітілген. Бас дәрігердің орынбасары Дидар Қалданның баяндауынша, ақ халаттылар мұнда тәулік бойы кезекшілікте тұр. Қызулаған жас сәбилерге уақытында ем көрсетілуде. Тосын жағдайдың әсері шығар, ересек адамдардың қан қысымдары жоғарылап кеткен. «Балалардың арасында ауыр сырқаттылары бар. Сондықтан, біз тұрғындарды айрықша бақылауда ұстап отырмыз» дейді бас дәрігердің орынбасары.

Зардап шеккен 128 адам (оның 50-і бала) Вокзал маңы ауданындағы И.Тайманов атындағы №27 орта мектепке орналасқан. Мектеп директоры Ару Қосымбаеваның әңгімесінен ұққанымыз, уақытша қоныстанушыларға үш мезгіл тамақ ұсынылуда. Медициналық бекет жұмыс істейді, тәртіп те қадағаланып отыр.

– Біз үйімізден иығымызға ілетін бір киімді де ала алмай шықтық. Бәрі суға кетті. Төсектеріміз, кілем, линолиум қалқып жүр. Әйтеуір, басымыздың амандығына шүкір етеміз. Уақытша болса да, жылы баспана, ыстық тамақ беріп жатқан бүгінгі қамқорлыққа ризамыз, – дейді Уәлиханов көшесіндегі үйдің тұрғыны Алтын Есенгелдиева.

Бес баланың анасы Гүлшара Бақтыбаева, сонымен қатар, Айжан Мырзағалиева, Марфуға Сидеғалиевалар облыс басшылығының жедел әрекет етуі, ұтымды ұйымдастыруының арқасында жылы жерге келіп орналасып жатқанын атап айтты.

Атырауға нөсерлетіп жауған жауын осылайша тұрғындарды әбігерге салды. Дегенмен, олардың қай-қайсысы да атқарушы орынның қамқорлығын терең сезініп отыр. Қиындық бөліссе ғана азаяды десек, бүгінгі қауырт тірлік, шынайы қамқорлық – соның анық айғағындай.

Атырауға нөсерлетіп жауған жауын осылайша тұрғындарды әбігерге салды. Дегенмен, олардың қай-қайсысы да атқарушы орынның қамқорлығын терең сезініп отыр. Қиындық бөліссе ғана азаяды десек, бүгінгі қауырт тірлік, шынайы қамқорлық – соның анық айғағындай.Азамат Базарбаев.

 

Облыс  әкімі  Бақтықожа  Ізмұхамбетов:

«Облыстық комиссия өз жұмысына кірісті. Тексеру қорытындысы бойынша осы аптаның аяғына дейін мәліметтер нақтыланады. Зардап шеккендерге пәтерлер берілмегенімен, қажетті барлық көмек пен қолдау көрсетілетін болады. Сараптамадан кейін ауа райының құбылысынан зардап шеккен адамдардың өз үйлерін өздері жөндеп алуы үшін қаржы тауып, бөлуге тырысамыз».

 

 

 

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз