ҮКІМЕТТІК ЕМЕС ҰЙЫМДАР
Кәсіпкерлер одағының мәжіліс залында өткен шараға үкіметтік емес ұйымдар, мемлекеттік органдардың өкілдері қатысты.
Жиынды ашқан аймақтағы Азаматтық Альянсының президенті Әлия Бекқожиева Ұлт жоспарының 97-қадамындағы өзін-өзі реттеу мен жергілікті басқаруды дамыту арқылы азаматтардың шешім қабылдау үдерісіне қатысу мүмкіндігін кеңейту, мемлекетке тән емес қызметтерді бәсекеге қабілетті ортаға және өзін-өзі реттеуші ұйымдарға беру бастамасы жайлы айтып өтті.
Мұнан кейін аталмыш қауымдастықтың өкілі Динара Қожасова тақырыпқа байланысты баяндама жасап, мемлекеттік қызмет түрлерін іске асыруда қоғамдық ұйымдарға қойылатын талаптар жайында айтты.
Ал, «Оралман-Жайық» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Құдабай Қаржауовтың айтуынша, кез келген қоғамдық мәселенің мәнін түсіндіріп, шешімін табамын деп шапқылап жүрген қоғамдық қор белсенділері расында көмек сұрап келген әр тұрғынға аса жауапкершілікпен қарайды. Белгілі бір мәселені шешуде соңына дейін жүгіреді. Азаматтық сектор мемлекеттік органдарға жүктелген міндетті өз мойнына ала алады. Айта кетерлігі, бұл ретте үкіметтік емес ұйымдарды қаражатпен қамтамасыз етуде ешбір проблема орын алмағаны жөн.
Белгілі болғандай, үкіметтік емес ұйымдарға берілетін 35 қызметтің тізімі жасалған. Оның ішінде кейбірін бүгінге дейін іске асырып келе жатқан үкіметтік емес ұйымдар бар.
Сонымен қатар, жиын барысында облыстық табиғи ресурстар және табиғатты реттеу басқармасы, денсаулық сақтау басқармасы және өзге де мекеме қызметкерлері өз ой-пікірлерін ортаға салып, қызу талқылады. Қоғамдық бірлестік өкілдері белгіленген мемлекеттік қызмет түрлерінен басқа да қызметтерді аталған ұйымдарға тапсыру жөнінде өз ұсыныстарын жеткізді.
Шара соңында қоғамдық тыңдау ұсыныстарын дайындайтын сараптамалық жұмыс тобы құрылып, қорытындысы келер аптада шығатын болды.
Алтыншаш ҚҰРМАШЕВА.
Суретті түсірген Ерлан АЛТЫБАЕВ.