Жарнама
ЖаңалықтарШаһар шырайыҚоғам

Кім айтты, Атырауда алма өспейді деп?

Жеміс ағашы аялай білсе, тұзды топырақта да өсетіні дәлелдене түсуде

Атыраудың табиғаты жартылай шөлейтті, топырағы тұздылау келетіні рас. Ауа райы да қолайлы емес. Бірақ, «қара талдан басқасы тамыр жаймайды» дейтін көзқарасты тас-талқан ете бұзып, Алматы мен Оңтүстік өңірлерде жайқалып тұратын алманың сан алуан түрін өсіруге бағыт ұстанғандар қатары көбейіп келеді. Демек, қауын мен қарбызды былай қойғанда, Атыраудың тұзы бетіне шығып жататын топырағында алма да өседі екен.

алма ж

Мұны өздерінің бағбандық еңбегімен дәлелдеуге тырысқандардың бірі –«АтырауАгроӨнімдері» серіктестігінің ұжымы. Бұл серіктестіктің Атырау қаласынан 45 шақырым қашықтықтағы Сарайшық ауылының тұсында 300 гектарлық алма бағы бар. Серіктестік директоры Тамила Розметованың айтуынша, Волгоград ауыл шаруашылығы академиясында өсірілген алма ағаштары Атыраудың табиғатына тез жерсініпті. Қазір  алқапта өсірілген 40 мың алма ағашы тамшылату әдісімен суарылады. Әсіресе, алманың «Богатырь», «Яндуковский», «Мельба» секілді 32 түрінен алынған өнім маңдай тердің өтелгеніне дәлел бола алады. Қазір бақтағы алма түрлерін өсіру үшін Сарайшық ауылының  50 тұрғыны тұрақты жұмыспен қамтылыпты.

– Біздің  алма бағымыз орналасқан алқаптың да топырағы тұздылау. Сол себептен, алғашқыда алма түрлерін өсіруімізге ден қойғанымызда, әрине, тәуекелге бел байлағанымызды жасыра алмаймын. Себебі, бағбандық кәсіп, оның үстіне алма ағашын баптау тынымсыз еңбекті қажет етеді. Біздің бұл кәсібімізге үрке қарағандар да кездесті. Дегенмен, ортақ мүддеге жұмылған әріптестерімнің ерінбейтін еңбекқорлығының жемісін бере бастағаны қуантады. Мемлекет тарапынан көрсетілген көмектің де әсері молынан тиді. Өйткені, алма бағының әр гектарына  субсидия беріліп отыр. Алғашқы жылы 200 тонна алма аламыз деген ойымыз іске асты,-дейді Тамила Розметова.

«АтырауАгроӨнімдері» серіктестігінің тұзды топырақта өсірген алмасының басым бөлігі Атырау қаласындағы базарларда сатылуда. Сонымен бірге, Атырауда өсірілді демесең, дәмі тіл үйіретін алма түрлеріне Батыс Қазақстан облысындағы  кәсіпкерлердің  сұранысы арта түсіп, биыл 100 тоннасын сатып алыпты. Көршілес облыста Атыраудың алмасынан шырын дайындалады екен. Сондай-ақ, Ресейдің Орынбор облысына 10 тонна алма жіберілген. Тұтынушыға  алманың кептірілген түрі  де ұсынылады. Биыл Белоруссиядан 7 мың түп алма көшетін алуға келісім жасалыпты.  Сондай-ақ, 4 гектарға құлпынай мен таңқурай өсіру де жоспарланып отыр.

алма

Міне, осылайша, мұнайлы Атырауда да алма ағашының тамыр жайып, жемісін беретіні дәлелденіп келеді. «АтырауАгроӨнімдері» серіктестігі алманы Махамбет ауданы аумағында өсіріп отырса, бұл істі өзге ауданда  өрістетуді қолға алғандардың бірі – «қара алтынның» алғашқы тамшысы алынған Жылыой ауданында кәсіпкерлікті жан-жақты өркендетуді мұрат тұтқан ағайынды   Балжігітовтер  отбасы. Олардың Ақтөбе өңірінен бастау алып, Жылыой ауданы аумағымен ағып өтетін Жем өзенінің бойынан алма бағын өсіруге оң қадам жасағанына бірнеше  жылдан асып барады. Осы мақсат үшін алынған 200 гектар жердің бір бөлігіне алма  беретін 2000 түп жеміс ағашын отырғызды.

– Әзірге бұл жобамызды жария еткіміз келмейді,-дейді бізбен әңгімесінде  «Атырау-Сауда» ЖШС директоры Әлімжан Балжігітов. – Бұлай етуіміздің өзіндік себебіне тоқталсам, жеміс ағаштарын  баптап, күту үшін көбірек еңбектену қажет. Сол себептен, әзірге алма ағаштарын аздап егіп, жемісін терсек дейміз. Бәлкім, болашақта бұл жер молынан жеміс беретін ну орманға айналар деген үмітіміз бар.

Атырау қаласында алмаға қоса өрік, шие секілді жеміс ағаштарының өнімін теріп, ауласын баққа айналдырып отырған жекелеген азаматтарды да білеміз. Тіпті, жеміс ағаштарын аудандарда да өсіретіндер бар. Мәселен, «Мерейлі отбасы» республикалық  байқауына Атырау облысынан алғаш рет қатысқан  Наурызғали Бешімовтің Құлсарыдағы үйінің ауласында алма ағаштары жайқалып өсіп тұрғанын көрдік. Демек, жеміс ағаштары аялай білген адамға ғана жемісін беретін болғаны ғой.

Жолдасбек Көшербайұлы

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button