Киіктер біздің аймақта неге тұрақтамайды?
Atr. kz / 19 – ақпан. Қазақстанда 1957-1958 жылдары екі миллионнан аса ақбөкен болған.
Үкімет киіктерді «Қызыл кітапқа» енгізді. Киіктер мамырдың басында төлдейді. Сол кезде «құралайдың шаңы» аталатын жел соғады.
Кейбір деректерге қарағанда, республикада небәрі жүз мың шамасында киік қалыпты. Үкіметтің 2012 жылғы 25 шілдедегі №969 қаулысына сәйкес оларды аулауға рұқсат етілмейді. Бұл тыйым 2020 жылға дейін созылады. Атаулы мерзімге қол созымдай ғана мерзім қалғанымен, алынған шара нәтижесін бермеді. Өйткені, өткен ғасырдың жетпісінші-сексенінші жылдары сағымды дала төсінде топ-тобымен жүйткіген жануарларды көзіміз көрген-ді. Бұдан бірер жыл бұрын бұрғышылардың бұрынғы мекені Биікжалдың ар жағындағы Тортайдың жазығына барғанбыз. Көкжиекке қанша қарасақ та, бірде-біреуі жанарға шалынбады. Шіркіндердің тәкаппарлығы сондай, зулап келіп қалған көлікке де жол берместен, алдын кесіп өтетін. Олардың жылдамдығын мылтықтың оқпанынан атылған оқпен ғана теңестіруге болар. Кейде тым көбейіп кететіні соншалық, егінге түсіп, тары мен бидай алқаптарын отап кететін. Көршілес Батыс Қазақстан мен Ақтөбе облыстарынан бері қуған кез де кездескен. Енді кітаптардан суретін ғана көретін күйге келгендейміз.
Енді таң қаларлығы – киіктердің бізде неге мекендеп қалмайтыны. Рас, қыс жылы болған жылдары кейбірі тау-тастың баурайын паналайды. Ал, неліктен осы аймақты тұрғылықты таңдамайды? Кейбір мамандардың айтуынша, біздің ауа райымыз да, жеріміз де қолайсыз көрінеді. Киік – қыста шөбін қар астынан тебінгілеп табатын жануар. Атырауда аса көп қар жаумайды, өкпек желі демесек, қыста қақаған аяз да шамалы. Жайылымы тарылса, Нарын тәрізді бас сауғалайтын құм да бар. Сонда не ұнамайды?
Мерген СӘРСЕНОВ.
(Толық нұсқасы «Атырау» газетінің №13 санында)