Киелі жерлер – ел мұрасы
Мұхамбетқали КИПИЕВ,
облыстық тарихи-мәдени мұраны қорғау, қалпына келтіру және пайдалану жөніндегі мемлекеттік инспекциясының басшысы:
Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында еліміздің одан әрі рухани дамуының бағыт-бағдары көрсетілді. Нақтырақ айтқанда, Мемлекет басшысы осы бағытта нақты қолға алатын бірнеше жобаларды ұсынды. Оның ішінде гуманитарлық ғылымдарға жататын тіл мен білімді және тарихты түлетуге қатысты нақты бағдарламалар жасау тапсырылған.
Атап айтсақ, таяу жылдардағы міндеттердің ішінен «Туған жер» бағдарламасын қолға алуды ұсынды. Бағдарламада білім беру саласында өлкетану жұмыстарын жүргізумен қатар, жергілікті деңгейдегі тарихи ескерткіштер мен мәдени нысандарды қалпына келтіру көзделген. Осы тұста айта кетер басты мәселе, облысымыздағы тарих және мәдениет ескерткіштерін қалпына келтіру жұмыстары Елбасының бастамасымен 2004 жылы қабылданған «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында жүргізілген болатын. Сондықтан да, бұл жұмыстар «Туған жер» бағдарламасы бойынша да өз жалғасын таппақ.
Ал, өлкетану туралы айтатын болсақ, Атырау облысының тарихи-мәдени мұраны қорғау, қалпына келтіру және пайдалану жөніндегі мемлекеттік инспекциясы 2014-2016 жылдар аралығында өлкемізге қатысты тарихи деректерден тұратын «XVIII-XX ғасырлардағы Атырау тарихы мен мәдениеті – орыс дереккөздерінде» атты бес томдық деректер жинағын шығарды. Бұдан басқа, 2015 жылы Қазақ хандығының 550 жылдығына орай облыстағы бірден-бір республикалық маңызы бар ортағасырлық қалашық – Сарайшықтың тарихына қатысты «Сарайшық – бабалар мұрасы» атты деректер жинағы жарық көрді. Сонымен бірге, былтыр «Атырау даласының тарихи-мәдени мұрасы» атты кітап-альбом басылды.
Елбасы мақаласындағы келесі бір міндет – «Қазақстанның қасиетті рухани құндылықтары» немесе «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасы. Бұл жобаның бұрын-соңды қолға алынбағанын Ұлт Көшбасшысының өзі де атап айтты. Яғни, біздің облыста да көркем, рухани, қастерлі жерлеріміздің біртұтас желісі бұрын-соңды жасалған емес. Осы тұста екшеп айтар бір жайт, Атыраудағы киелі жерлердің негізгі бөлігі облыстағы тарихи-мәдени ескерткіштерінің тізіміне енген. Мысал ретінде айтатын болсақ, Жылыойдағы Ақмешіт, Құлшан ата, Шерліғұл, Қарашүңгіл, Ұшқан ата, Мақаттағы Оңай ата, Байбақты ата, Қызылқоғада Мәтен қожа және тағы басқалары. Сондықтан да, алдағы уақытта осындай киелі жерлердің тізімін анықтау мақсатында зерттеу жұмысын жүргізу жоспарланып отыр. Мұның өзі мәдени туризмді дамытумен қатар, өскелең ұрпақ жадында ұлттық сана-сезімнің одан әрі оянуына жол ашады деп санаймыз.