ХАЛЫҚҚА ҚЫЗМЕТ – МЕРЕЙЛІ МІНДЕТ ТАНЫСЫҢЫЗ: АТЫРАУДЫҢ ЖЫЛ ҮЗДІКТЕРІ!
Әлеуметтік-экономикалық салада жыл қорытындыларын шығарып, неден ұттық, неден ұтылдық деп табыстарымыз бен кемшін тұстарымызды безбенге салу, дараларын дәріптеп, үздіктерін ұлықтау сияқты қалыптасқан дәстүр жалғасын тапты. Бұдан бұрын хабарланғанындай, Атырау қалалық әкімдігі ұйымдастырған «Жыл адамы – 2015» байқауы қорытындысына арналған салтанатты шара Құрманғазы атындағы мәдениет сарайында өткен болатын.
Жалпы, он үш аталым бойынша әр саланың үздіктері анықталды. Тартысты бәсекеде оза шауып, бәйге алғандар кімдер?
Төкен Танаұлы Жұмағұлов, «Атырау қаласының Құрметті азаматы»
Аймаққа кеңінен танымал Төкен Танаұлы Жұмағұлов – «ТНС групп» концерні заңды тұлғалар бірлестігі директорлар кеңесінің төрағасы, еліміздің тәуелсіздік алған алғашқы жылдарында кәсіпкерлікті терең меңгеріп, өңірдің дамуына өлшеусіз үлес қосып келе жатқан тұлға.
Инвестиция тарту, жұмыс орындарын ашу, қоғамдағы саяси-әлеуметтік өзгерістердің бел ортасында көрінуі – бұл саланың дамуының дәлелді көріністері. Корпорация құрамына кіретін қаланың халық тығыз қоныстанған Вокзал маңы ықшамауданында орналасқан «Дина» базары он мыңдай адамды жұмыспен қамтып, қаладағы сауда орындарын азық-түлікпен қамтамасыз ететін басты көздерінің бірі.
Атырауда өтіп жатқан халықаралық, республикалық үлкен шаралардың белсенді қолдаушысы, ат спортын насихаттауда өткізіліп жүрген аламан бәйгелердің үздіксіз демеушісі ретінде дүйім жұртқа танылған Төкен Танаұлының өңірінде «Құрмет», «Парасат», Тәуелсіз елдер достастығының «Достық жұлдызы» ордендері мен бірнеше медаль жарқырайды.
Жаңа жыл қарсаңында Төкен Жұмағұловқа «Атырау қаласының Құрметті азаматы» атағы берілді.
«Жыл адамы – 2015» Қайрат Құлымұлы ОРАЗБАЕВ, «Атырау мұнай өңдеу зауыты» ЖШС бас директоры
1963 жылы Атырау облысында дүниеге келген ол 1987 жылы Қазанның Химия- технологиясы институтын «Мұнай өңдеудің химиялық технологиясы» мамандығы бойынша тәмамдаған. 2010 жылы Мұнай-газ саласы бизнесінің институтын сырттай аяқтаған.
Өзінің еңбек жолын 1979 жылы «Маңғыстаумұнайгазбарлау» кешенді экспедициясында оператор болып бастап, кейін мұнай-газ басқармасында слесарь, Гурьев мұнай өңдеу зауытында оператор болып жұмысын жалғастырды. Он жылдай зауытта №1 цехтың қондырғы, ауысым және №4 цех басшысы, өндірістік бөлім басшысының орынбасары қызметтерін атқарған.
1996-2002 жылдар аралығында ҚР Мұнай және газ өнеркәсібі министрлігінде, «ҚазМұнайГаз» Ұлттық компаниясында жауапты қызметтерде, ал, 2001-2012 жылдары Атырау мұнай өңдеу зауытында басшылық қызметте болды.
Қайрат Құлымұлының тікелей басшылығымен 2008 жылдан бері сапалы мұнай өнімдерін шығару жөнінен елеулі жетістіктерге қол жеткізілді, ЭЛОУ-АВТ-3 қондырғысының және баяу кокстеу вакуумды блогінің қондырғысын қайта жабдықтау өте сәтті жүзеге асырылды. Сондай-ақ, 2003-2006 жылдары зауытта бірінші жаңғырту мен «Ароматтандырылған көмірсутегі өндірісінің кешені құрылысы» және «Мұнайды терең өңдеу кешені құрылысы» сынды үш жобаға басшылық жасады және жетекшілік етуді бүгінгі күнге дейін жалғастыруда. «Құрмет» орденінің иегері.
«Жыл тәрбиешісі» Райхан Ғимранқызы ИМАШЕВА, №1 мектепке дейінгі авторлық гимназиясының тәрбиешісі
Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің шет тілі факультетін тәмамдаған Райхан еңбек жолын «Caspian Training group» мекемесінде менеджер болып бастаған. Кейін №12 «Үміт» балалар бақшасына тәрбиеші болып орналасты, сонда жүріп «Үш тілді оқыту» бағдарламасының авторлық құқығын алған. Ал, 2011 жылдан бері №1 мектепке дейінгі авторлық гимназиясында арнайы үш тілде оқытылатын топта тәрбиеші болып жұмыс істейді. Бүлдіршіндерге Отанды сүю, үлкенді құрметтеу, өзара достық қарым-қатынасты қалыптастыру, үш тілді меңгерту бағытындағы жұмыстары үшін Райхан еңбегі үздік авторлық бағдарламалар арасында үшінші орынға ие болды.
«Үздік мемлекеттік қызметкер» Үміт Мұхамбетқызы ЕСЕНҒАЛИЕВА, Кеңөзек ауылдық округі әкімінің көмекшісі
Гурьев педагогикалық институтының «Бастауыш сыныптар педагогикасы мен методикасы» бөлімін тәмамдаған Үміт Мұхамбетқызы осыдан 32 жыл бұрын еңбек жолын туған ауылындағы орта мектепте ұстаздықтан бастады. Араға үш жыл салып, Кеңөзек селолық кеңесі атқару комитетінің жауапты хатшысы қызметіне алынды. Кейін ауылдық округ әкімі аппаратының бас маманы, бөлім басшысы, округ әкімінің орынбасары қызметтерін де абыройлы атқарды.
Мемлекеттік қызметтегі өз ісіне жауапкершілікпен, тиянақтылықпен қарайтын ол бірнеше рет марапаттауларға ие болған.
«Жыл полицейі» Марат Құрақбайұлы ҚҰБАЕВ, қалалық ІІБ жол-патрульдік полиция батальоны командирінің орынбасары
Еңбек жолын 1994 жылы Атырау қалалық ішкі істер бөлімінің мемлекеттік автоинспекциясының жол қозғалысын ұйымдастыру бөлімшесінің инженері лауазымынан бастады. Ол талай мәрте жолда жүру ережесін бұзған, адамдар өміріне қауіп төндірген жүргізушілерді тәртіпке шақырып, апаттардың алдын алуды қамтамасыз етті. Өз қызметін ойдағыдай атқарғаны үшін басшылық тарапынан бірнеше рет мадақталып, марапаттар алған Марат Құрақбайұлы – жас жол сақшыларының тәлімгер-ұстазы.
«Жыл кәсіпкері» Нүфтолла Ғаббасұлы ҚҰЛБАСОВ, «Асыл агро» шаруа қожалығының Директоры
Соңғы жиырма жылдан бері мал өсіру, егін егуді кәсібіне айналдырған шаруагер өңірде алғашқылардың бірі болып мал соятын ірі кәсіпорын ашты. Заман талабына сай мал сою цехы күні бүгінге дейін жұмыс істейді. Мұнда отыз адам жұмыспен қамтылған. Өткен жылы заманауи технологияға сай шұжық шығаратын, ет консервілейтін кәсіпорын іске қосылды. Индер, Қызылқоға аудандарында ірі мал бордақылайтын алаңдары бар. Қожалық асыл тұқымды қазақтың ақбас сиырын өсіреді, Жарсуат ауылдық округінде егін егеді, өнімдерін халыққа сатады. Ораза айт, Құрбан айт мерекелерінде қарттар үйіне, жетім балалар үйінде тәрбиеленушілерге көмек көрсетіп отырады.
«Жыл құрылысшысы» Қуат Әдиетұлы ШАЛМҰҚАН, «Арыс – 2020» ЖШС-нің директоры.
Отыз екі жылдық еңбек өтілінде Қуат Әдиетұлы – өзінің біліктілігімен, құрылыс саласындағы іскерлік, ұйымдастырушылық қабілетімен танылған азамат. Бүгінде өзі басқарып отырған ұжымның игі істер атқаруына барынша жағдай жасалған. Қалада сапалы да сәнді, көрікті ғимараттар тұрғызып, ажарын айшықтауға сүбелі үлестерін қосып жүрген ол ұжымымен біраз жетістіктерге жетті. Қуат Әдиетұлы қала құрылысын жүргізу және оның қыр-сырларын түсінуді толықтай меңгерді.
«Әлеуметтік саланың жыл қызметкері» Нұрлы Тауфихқызы ХАБИЕВА, қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы
Әлеуметтік көмек түрлерін жетілдіру мақсатында біршама жұмыстар атқарып, мекеменің жағдайының жақсаруына өз үлесін қосып келеді. Бөлімнің жұмысын жоспарлап, халықтың еңбек ету құқын жүзеге асыру, зейнеткерлерді, мүгедектерді, көп балалы аналарды және басқа да тұрғындардың әлеуметтік жағынан қорғау жұмыстарын ұтымды ұйымдастырады. Тұрғындарды жеке мәселелері бойынша қабылдап, түйінді мәселелерін шешуде күш салады.
«Жыл спортшысы» Әнуар Берікұлы САРИЕВ, Халықаралық дәрежедегі спорт шебері
Әнуар он жылдан бері дзюдо күресімен шұғылданып келеді. Өзінің шеберлігі мен таланты арқасында самбодан жастар мен жасөспірімдер арасында өткен Қазақстан чемпионатының төрт дүркін жеңімпазы атанды. Дзюдо күресінен өткен Халықаралық турнирде жеңіске жеткен Әнуар 2012 жылы жол апатынан көз жарақатын алды. Бірақ, дзюдо күресінен мүмкіндігі шектеулі жандар арасындағы байрақты бәсекелерден шет қалған емес. 2014 жылы АҚШ-та өткен Әлем чемпионатында екінші, Кореяның Инчхон қаласында өткен Азия біріншілігінде жетінші, былтыр Венгриядағы Әлем кубогы үшін күресте бесінші, Сеулде өткен Бүкіләлемдік ойындардың үшінші орын иегері атанды.
«Ауыл шаруашылығы саласының жыл қызметкері» Енисей Феликсович ЮН, «АтырауАгроФеликс» ЖШС-нің директоры
Өзбекстаннан қоныс аударып, Жайық бойына келген Енисей 1998 жылдан бері Махамбет ауданында егін шаруашылығын кәсіп қылған. Алғашқыда «Асхат» шаруа қожалығында егінші, кейін бригадирлікке ауысты. Ал, 2013 жылы Алматыдан жоғары агрономдық білім алып келген ол қазір жерінен өнген көкөніс өнімдерін ұқсатып, түрлі көкөніс салаттарын дайындайды. Тұтынушылар дастарханына жөнелтілетін өнімдеріне сұраныс жоғары, бағасы да қолжетімді.
«Жыл мұғалімі» Татьяна Александровна БОЧКОВА, №30 мектеп-гимназиясының орыс тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі
1992 жылы Атырау педагогикалық институтын бітірген Татьяна ұстаздық қызметінің соңғы он бір жылын қаладағы №30 мектеп-гимназияда өткізіп келеді. Өз шәкірттеріне Пушкиннің, Лермонтов пен Толстойдің тілін оқып-үйретуде мол тәжірибе жинақтады. Кәсіби шеберлігін шыңдаумен, біліктілігін ұштаумен ұдайы айналысатын жоғары санаттағы мұғалім облыстық педагогикалық оқуларда әлденеше рет бірінші орынға ие болды. Ұлағатты ұстаздан тәлім алған біраз шәкірттері де оның жолын қуып, қала мектептерінде абыройлы еңбек етуде.
«Жыл журналисі» Любовь Михайловна МОНАСТЫРСКАЯ, облыстық «Прикаспийская коммуна» газетінің тілшісі
1944 жылы 16 қарашада Ульяновск облысының Инза қаласында дүниеге келген. Қырық жылдай ғұмырын облыстық «Прикаспийская коммуна» газетінде журналистикаға арнады. Қатардағы тілшіден басылым редакторлығына дейінгі жолдан өтті. Ұзақ жылғы қажырлы еңбегі үшін бірнеше рет марапаттарға ие болды, байқаулардың лауреаты атанды. Өлкеміздің тарихи тұлғаларын, Ұлы Отан соғысы жылдарындағы жерлестер ерліктерін, ұлттар арасындағы достықты қаламына арқау еткен әріптесіміз жас қаламгерлерді тәрбиелеуде де біраз тер төгіп келеді.
«Жыл дәрігері» Марат Нұрышұлы ҚОНЫСОВ, Атырау облыстық кардиологиялық орталығының бас дәрігері
Ақтөбе мемлекеттік медициналық институтының емдеу бөлімін бітірген Марат Нұрышұлы алғашқыда Балықшы орталық аудандық ауруханасында, кейін қалалық аурухананың жедел жәрдем бөлімінде дәрігер-хирург қызметін атқарды.Кәсібіне шын берілген талантты дәрігердің басты ерекшелігі – өзі таңдаған сүйікті мамандығы мен ұйымдастырушылық қабілетін ғылыми жұмыспен ұштастыра білуінде. Ол 1995 жылы «Өңештің бұлтықтарын хирургиялық емдеудің нәтижелерін жақсарту жолдары» тақырыбында кандидаттық, ал, 2004 жылы «Қолқаның созылмалы бітеулерін хирургиялық жолмен емдеу» тақырыбында докторлық диссертациясын ойдағыдай қорғады.
Талай жанның өмірін ажалдан құтқарған жоғары дәрежелі дәрігер-хирург М.Қонысов – ҚР Денсаулық сақтау ісінің үздігі, «Алтын дәрігер» медалінің иегері, алпыстан астам ғылыми жұмыстардың авторы.
«Жылдың мәдениет қызметкері» Жаннат Ғазизқызы НАСИРОВА, Жұмыскер ауылдық кітапхана филиалының меңгерушісі
Орта мектепті бітірген соң Балықшы аудандық орталықтандырылған кітапхананың кітап өңдеу бөліміне жұмысқа орналасқан Жаннат кейін Ақтөбе мәдени-ағарту училищесінің кітапхана ісі бөліміндегі оқуын жақсы аяқтайды. 1984 жылдан бастап кітапхана филиалында мамандығы бойынша жұмыс істеді. Қазіргі уақытта Жұмыскер селолық кітапханасында кітапхана меңгерушісі. Ол өз оқырмандарын көбейтуге, мәдениетті қызмет көрсетуге, кітап қорын жаңа әдебиеттермен молайту, оқырман сұранысын қанағаттандыруға үнемі жұмыстанады.
«Коммуналдық саланың жыл қызметкері» Сәбит ҚҰСПАНОВ, «Эра» ЖШС-нің директоры
Қаланың коммуналдық саласы қызметінде қырық жылдай еңбек етіп келе жатқан ол – туған қаласының санитарлық тазалығына, көріктендірілуі мен көгалдандырылуына, тұрғын үй жайын жақсартып, әлеуметтік мәселелердің оңды шешілуіне бейжай қарай алмайтын жан.
Инженер-экономист мамандығы бойынша жоғары білім алған Сәбит Құспанов он бес жылдан бері құрылыс жұмыстарымен айналысатын «Эра» ЖШС-ін басқарады. Қызметкерлерінен сапалы да өнімді еңбекті талап ететін білікті де іскер басшының өмірлік ұстанымы – халыққа адал қызмет ету.