ХАЛЫҚАРАЛЫҚ БАЙЛАНЫССЫЗ БОЛМАЙДЫ

Каспий маңы университеттері ассоциациясы тарихы 1996 жылдан бастау алады. Астрахан мемлекеттік және мемлекеттік техникалық университеттері бастамасымен құрылған Халықаралық ұйым қарқынды жұмыс істеуде. Құрамында қазіргі кезде 47 жоғары оқу орны мен ғылыми орталықтар енген бұл ассоциация күннен-күнге өзінің өміршеңдігін көрсетіп отыр.

Біздің Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университеті 1996 жылдан бері Каспий маңы университеттері ассоциациясына мүше. Ассоциацияның аясында халықаралық байланыстарды дамыту бағытында нақты жұмыстар жүргізіліп отырады. Атап айтар болсақ, академиялық ұтқырлық бағдарламасы бойынша студенттер алмасылып, магистранттардың ғылыми тәжірибеден өтуі жақсы жолға қойылған. Өткен оқу жылы Ресей Федерациясы, Астрахан қаласындағы Астрахан мемлекеттік университетінен – 57, Астрахан мемлекеттік техникалық университетінен – 10, Элиста қаласындағы Қалмақ мемлекеттік университетінен 30 магистрант тәжірибеден өтсе, ал, биылғы 2013-2014 оқу жылының 19-28 мамыр аралығында академиялық күнтізбеге сәйкес Астрахан және Қалмақ мемлекеттік университеттерінен барлығы 122 магистрант шетелдік тағылымдамадан өтіп келді. Сонымен бірге, ассоциацияның мүшелері арасында бірлескен ғылыми форумдар өткізу, ғылым, мәдени орталықтар ашу, тәжірибе алмасу сияқты байланыс түрлері де дамып келеді.
Жақында осындай ауқымды шараның бірі Ресей Федерациясының Элиста қаласында өтті. Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университеті мен Қалмақ мемлекеттік университеті ұжымы бірігіп өткізген «Білім беру және әлеуметтік табиғи жүйедегі қауіпсіздік» мәселелеріне арналған халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияға университеттің бір топ ғалымы қатынасып қайтты. Конференцияда қазіргі жаһандану жағдайындағы ғылыми интеграция, қоршаған ортаға антропогендік ықпал, қауіпсіздік жүйесінің аймақтық аспектілері, төтенше және апатты жағдайлардағы инженерлік қауіпсіздік, мониторинг, сонымен қатар полиэтникалық жағдайдағы білім беру, білім алу қауіпсіздігі мәселелері сөз болды.
Конференция жұмысына қатынасқан университет ғалымдары Қалмақ Республикасында тұратын қандастарымыздың өкілдерімен кездесіп, Қалмақ мемлекеттік университетінде өткен оқу жылында ашылған «Қазақ ғылымы мен мәдениеті» орталығында болды. Ондағы кітапхана қорына Қазақстаннан әкелінген кітаптар тарту етілді. Қалмақ Республикасындағы қазақ диаспорасы «Жерлестер» деп аталады екен. Өзі 1994 жылы құрылыпты. Қазіргі күнде ол – ең белсенді, ең беделді деген ұлттық орталық. Бүгінде 5 мыңдай қандасымыз Юсти, Лаган, Яшкуль, Черноземель аудандарында жинақы орналасқан. Олар тарихи Отанымызбен белсенді байланыс орнатқан. Бастысы – тіліміз бен тарихымызды, салт-дәстүріміз бен жөн-жоралғыларды білу, үйрену, сақтау, екі ел арасындағы байланыстарды дамыту бағытында ынталы түрде жұмыс жүргізуде.

Жамиға ТАҢАТАРОВА,
Атырау мемлекеттік университетінің ғылыми және
халықаралық байланыстар жөніндегі проректоры.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз