«Кезексіз емхана» – қолжетімді!
Жыл аяғына дейін облыстық аурухана мен емханалар, тері-венерологиялық диспансер толық электрондық кезекпен қабылдау арқылы жұмыс жасайтын болады. «Кезексіз емхана» қағидасын енгізу арқылы, алдымен, амбулаториялық-емханалық ұйымдарға келушілердің уақыты үнемделеді, дәрігерлер қағазбастылықтан құтылады. Жалпы, екі жаққа да қолайлы жағдай туғызу мақсатында жасақталды. Бұл жөнінде облыстық қоғамдық кеңесте денсаулық сақтау басқармасының басшысы Аманбек Жұмыров баяндады. Жиында облыстағы денсаулық сақтау жүйесінің мән-жайы, санитарлық-эпидемиологиялық ахуал, фармацевтикалық қызмет көрсету мәселелері сөз болды.
Медицина саласы 111 дәрігерге толықты
Естеріңізде болса, өткен жылы облыста 144 дәрігер жетіспейтіні туралы айтылған еді. Бұл олқылықтың орны толтырылып, ағымдағы жылы облыстағы емдеу-сауықтыру мекемелері 111 маманмен толықты. Кадр жетіспеушілігі екі есеге азайып, қазіргі уақытта қажеттілік 75 дәрігерге төмендеді. Осы бағыттағы жұмыстар жүйелі жалғасатын болса, кадр жетіспеушілігі мәселесі біржола жойылады.
Өткен жылдан бері ана өлімінің бес фактісі орын алған. Осыған орай, қала, аудандардағы акушер-гинеколог дәрігерлердің біліктілігін арттыру – кезек күттірмейтін мәселе. Облыстың бас дәрігерінің айтуынша, мамандарды қайта оқыту бойынша жұмыстар жоспарланып отыр.
Қоғамдық кеңес төрағасы Мұрат Өтешов халық арасында облыстың денсаулық сақтау жүйесі туралы жүргізілген сауалнаманың қорытындысымен таныстырды.
Маршруттарға субсидия беріле ме?
Кеңес отырысында облыс бойынша 2017 – 2019 жылдары субсидиялауға жататын әлеуметтік мәні бар автомобиль қатынастары тізбелерін анықтау туралы да мәселе қаралды.
«Сіздер «Балықшы – Теміржол вокзалы» бағыты бойынша 55 миллион 700 мың теңге, «Нұрсая – Теміржол вокзалы» қатынасындағы тізбеге 76 миллон теңге қаражат сұрайсыздар. Соңғы екі мөлтекаудан арасы бір-біріне жақын, алайда, қарастырып отырған қаражат алдыңғысына қарағанда көп мөлшерде» деген қоғамдық кеңес төрағасы Мұрат Өтешов түсініктеме беруін талап етті. Атырау қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автокөлік жолдары бөлімінің басшысы Серікбай Қазиев мұны халық санының аз не көп шоғырлануымен түсіндірді.
Жиын барысында ұсыныстар да, сұрақтар да аз болмады. Облыстық қоғамдық кеңес төрағасы олардың бәрі ұсынымға енгізіліп, облыстық мәслихаттың сессиясына жолданатынын айтты.
Рита Өтеуғали