Жарнама
Жаңалықтар

Кенді өңірдің келешегі кемел облыс әкімі Нұрлан Ноғаев Индер ауданында болды

 

 

 

 Облыс әкімі Нұрлан Асқарұлы Ноғаев екі күндік жұмыс сапарымен Индер ауданында болды. Облыс басшысы ауданның бірқатар өнеркәсіп, әлеуметтік нысандарын аралап, жұртшылықпен, кәсіпкерлермен кездесіп, актив жиналысына қатынасты.

Субсидияға сұраныс та, ұсыныс та қажет

  Аймақ басшысы ауданға сапарын Көктоғай округіндегі ауыл шаруашылығы құрылымдарының жұмыстарымен танысудан бастады. Ең әуелі ет-сүт бағытындағы шаруашылықты дамыту және шұбат, айран, қымыз өндіру үшін 2014 жылы мамырда «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы бойынша ашылған «Алға-1» шаруа қожалығына келді. Қожалыққа арнайы бағдарламаға сай жарық пен газ тартылған. Іргеден «Ақсай» каналы ағып жатыр. Мұның өзі қожалық иелігіндегі 800 га жерге көкөніс, картоп өсіруге қолайлы жағдай екені сөзсіз. Шаруашылық басшысы А.Шалқаров қонақтарды жұмыс барысымен таныстырып, бүгінде қолда бар 168 жылқы мен 102 бас түйенің сауылатын орны мен олардан алынған өнімді арнайы тауарлық қалыпқа келтіретін технологиялық жүйені көрсетті. Оның айтуынша, бүгінде мұнда 30 бие мен 30 аруана сауылып, өнімі өткізіліп жатыр екен. Танысу барысында облыс әкімінің аудандағы мал арасында түрлі қауіпті дерттердің алдын алу жұмыстары бойынша қойылған сауалына аудандық ветеринария бөлімінің басшысы Сатыбалды Оразғалиев жауап берді. Бұдан әрі саланың бүгіні мен ертеңі жайындағы әңгіме арнайы тігілген ақшаңқан үйде жалғасын тапты. Алдымен облыс әкімі Социалистік Еңбек Ері, Атырау облысының Құрметті азаматы Сақан Дәулетқалиев бастаған еңбек ардагерлерімен амандасып, игі тілектерін тыңдады. Аудан әкімі Серік Арыстан өңірдегі ауыл шаруашылығы саласын дамытуға арналған «Агробизнес – 2020» бағдарламасы бойынша атқарылып жатқан сан қилы жұмыстар мен алдағы міндеттерді арнайы қойылған көрме-көрсеткіштерді пайдалана тұрып баяндады. «Сыбаға», «Алтын асық», «Құлан» несиелеу бағдарламаларының іскерлікпен іске асырылып жатқандығына тоқталды. Аудан әкімінің орынбасары Қайрат Нұрлыбаев ауыл шауашылығын дамытуға байланысты соңғы жылдары алынған несиелердің қайтарылымы жайын баян етті. «Нұрет» шаруа қожалығының төрағасы Мұрат Ильяс өзі басқаратын құрылым мал басын асылдандыру бағытын ұстанғанын, соның арқасында алғашқы кездері ірі сабақты шөп дайындағаны үшін субсидия алып келгендігін, бірақ соңғы жылдары оның тек 26 пайызын ғана алғанын айтты. Осы тұрғыдан көмек сұрады. Ол аудан көлемінде мал азығын дайындаудың үлкен қиындықпен жүретіндігін, көбіне-көп Батыс Қазақстан облысы жерінен жемшөп дайындауға тура келетінін де ашып айтты. Сондықтан да, мемлекеттік қолдаудың болашақта өзіне өте қажеттігін жасырмады. Ал, осы округтегі «Шаңырақты» шаруа қожалығының төрағасы Амантай Қабдол әріптестері атынан «судың бағасын бұрынғы 80/20 пайыздық деңгейде қалдырса, шаруа адамдарына өнікті еңбек етуіне, әрі саланың дамуына қолайлы, бағаның көтеріліп кетпеуіне септігін тигізер еді» деген көптің тілегін жеткізді. Қойылған сұрақтарға байланысты облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы С.Рысқалиевтің пікірін тыңдап, әкім оған нақты тапсырмалар берді. Кеңесте Елтай округінен 1800 га жер алып, ісін бастамақшы болып отырған «ИсматГенералТрейдинг» компаниясы жобасының да таныстырылымы болып өтті. Облыс әкімі ауданда мал басын көбейтіп, одан алынатын өнімді өңірге ғана емес, шет елдерге өткізу үшін, ең алдымен, жергілікті жердегі ветеринариялық талаптарға тиянақты болуы керектігін атап көрсетті. Асылдандыру, мемлекеттік қолдауға қол жеткізу, субсидияға қатысты туындайтын жайларға да осы тұрғыдан мұқият назар аударуға шақырды. Мемлекет тарапынан берілетін субсидияға әдеттегіше сұраныстар берумен қатар, жергілікті жердегі ерекшеліктерге сай кәсіпкерлер мен сала мамандарының ұсыныстары да керектігін айтты. Облыс әкімі одан әрі округке қарасты «Слава» шаруа қожалығының егіндік алқабында, Өрлік ауылындағы Х.Өмірғалиевтің мал сою цехында болды, Есболдағы «Әдемі үй» саяжайы жұмысымен де танысты.

Құрылыс сапасы – басты назарда

  Әлеуметтік саладағы ең маңызды жұмыстар – мектептер пен балабақшалар, емхана, мәдениет ошақтарын күрделі және жай жөндеулерден сапалы өткізіп, өз мерзімдерінде іске қосу. Осы ретте облыс әкімі округтегі Б.Нысанбаев атындағы орта мектепте, емхана, бұрынғы интернат ғимараттарында болып, «Жұмыспен қамту – 2020 жол картасы» бағдарламасы бойынша күрделі жөндеу жұмыстары жүріп жатқан Көктоғайдағы «Гүлдәурен» балабақшасына барды. Мұндағы жұмыспен «ҚұрылысТаймКонтракт» ЖШС айналысуда, ал Өрліктегі Қ.Абақанов атындағы орта мектепті «БатысСтройСервис» ЖШС күрделі жөндеуден өткізуде. Сапар барысында облыс басшысы атқарылып жатқан жөндеу жұмыстарының барысымен танысты. Есболдағы ескі ғимаратта орналасқан Кулагино орта мектебінің жайымен де танысып, осындағы ұлттық гимназия жанындағы жаңадан салынып, іске қосылған интернатқа бас сұқты. Дүйсенбі күні Жайықтың Бұқар бетіндегі Құрылыс ауылында КТК демеушілігімен жұмысы 2014 жылдан басталған М.Мөңкеұлы атындағы орта мектептің құрылысын да аралап, іс басындағы адамдармен сөйлесті. Мұндай жұмыстар Жарсуат ауылындағы мәдениет үйінде де жүріп жатқан-ды. Облыс басшысы жергілікті жұмыссыздар есебінен жөндеу жұмыстарына тартылған адамдармен сөйлесті. Олар өз еңбекақыларының аздығын айтты. Облыс басшысы бұл тілекті сол арада құрылыс жұмыстарын жүргізіп жатқан компания өкілінің қаперіне берді. Жалпы Көктоғайдағы құрылысқа – 8, Өрліктегі мектепте – 30, ал, Жарсуатта 7 жергілікті адам жұмысқа тартылып отыр екен. Бұл бағытта тапсырыс беруші облыстық құрылыс басқармасының басшысы Тілек Мақуовқа тиісті бақылау жұмыстарын да жүйелі іске асырып отыруды тапсырды. Мұндай талаптар Есболдағы – 300, аудан орталығындағы 400 орындық мәдениет үйлерінің құрылыстарын жүргізіп жатқан мердігерлер «РайымбекСтройСервис» ЖШС мен «Атырау РемстройМонтаж» ЖШС құрылыстары бойынша да қойылды. Облыс басшысы Елтай округіндегі «Жас өркен» лагерінде болып, балалардың жазғы демалысының жайымен танысып, ата-аналар мен тәрбиешілермен сөйлесті. Екінші кезекте демалып жатқан оқушыларға жақсы көтеріңкі көңіл-күй тілеп, олардың қызықты шараларына қатынасты.

Байлық та игерілсін, халық та ұмыт қалмасын!

  Жұмыс сапары барысында облыс әкімі Индербор кентін сан жылдар бойына ауыз сумен қамтитын тазалау қондырғысын аралап көрді. Жергілікті басшылардың қондырғы жұмысын ұйымдастыруы және болашағы туралы жоспарларын тыңдады. Алдымен жаңадан құрылған «Индер-Су» КҚМК басшысы Шалқар Алмұрзиевке біраз сұрақтар қойылды. Жас басшы қысты күндері толық жетіп тұрған таза ауыз судың жаз шыға жетпеуі кент тұрғындарының бақшаларын суарудан болып тұрғандығын алға тартты. Бұл бағыттағы қолға алып жатқан шараларды баяндап, жуықта тұтыну тарифінің де қайта қаралғандығын жеткізді. Бұл мәселе жөнінде аудан әкімі С.Арыстан кентті жазғы су желісімен толық қамту және ескі қондырғыны жаңғыртуға қажеттілік туындап отырғандығын, сондықтан оған қаржы қарастыру жөніндегі ойларын айтты. Бұл жайға облыс әкімі алаңдаушылық білдіріп, жобаны дайындауға қаржы бөлуге тапсырма берді. Бөдене округіндегі Жайық жағасының құлауы тұрғындар мен басшылықты мазалағанына бірнеше жылдардың жүзі болды. Осындағы тұрғын үйдің иесі басқа үйге көшіріліп, орны сүріліп тасталған. Дегенмен, жағаға жақын орналасқан тағы бір нысанның іргесі сөгіле бастапты. Бұл маңдағы ескі зираттар да осындай жайды бастан кешіп тұр… Облыс басшысының ауданға сапары Дендер күмбезінің мол байлығын игеріп, халық игілігіне жаратып жатқан өңірдегі бірден-бір іргелі инвестор «ИСИ-Гипс-Индер» ЖШС қарасты зауытта жалғасты. Кәсіпорынның негізгі өнімі – гипсокартонды дайындаудың технологиялық тізбегін көріп, серіктестік басшысының орынбасары Т.Бердешевтің бұл жұмыстарды ұйымдастырудағы пікірін тыңдады. Әкім одан өндірістік жұмысқа жергілікті адамдардың тартылуы, олардың еңбекақысының жайы, дайын өнімнің өтуі, бизнестің әлеуметтік серіктестік жобасына сай іске асыруға қосып жатқан үлесі туралы сұрап білді. Кәсіпорында негізі штат бойынша 106 адам еңбек етіп, олардың еңбекақысы 80-90 мың теңге көлемінде екендігі мәлім болды. Бизнестің әлеуметтік серіктестігі бойынша жергілікті әкімдікпен арадағы байланыс туралы аудан басшысы Серік Арыстан сөз етті. Сонымен қатар, облыс әкімі Дендер қазба байлығының ашық табиғат аясындағы көрмесі Димаш төбеде болып, «ТҰЗ» ЖШС жұмысының мән-жайымен де танысты.

Бірлескен жұмыс берекелі

 kendyonir3Аудан белсенділері мен ардагерлері, кәсіпкерлер мен қоғамдық ұйымдар басшылары мен өкілдері қатынасқан актив жиналысын облыс әкімі Нұрлан Ноғаевтың өзі ашып, жұмысын жүргізіп отырды. Ол алдымен ауданның табиғи-географиялық орналасуының артықшылықтарына тоқталды. Жайық өзені жағасында мал мен егін шаруашылығын қатар дамытудың мүмкіндіктерінің мол екендігі, сондай-ақ табиғи байлық көздері, күре жолдардың қиылысында орналасуының, әсіресе орта және шағын кәсіпкерлікті дамытуға қолайлылығына ерекше мән берді. Екі күн бойына ауданның барлық елді мекендері мен әлеуметтік нысандарды аралаған облыс басшысы өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы барысында атқарылып жатқан жұмыстарға оң бағасын берді. Әр елді мекенде жолдар салынып, мектеп пен балабақша, ауруханалар, емханалар іске қосылғаны осы бірліктің арқасында мүмкін болғанын атап айтты.

— Бұл кездесудің басты мақсаты – өздеріңіздің ұсыныс-тілек, талаптарыңызды тыңдап, маңызды жағдайларды зерделеп, ортақ пікірге келу. Әрине, іске асыру тек біржақты емес, сіздердің үлкен көмек, қолдауларыңыз арқылы жүретінін де ұмытпаңыздар. Сол үшін де қоғамдастық, мәслихат депутаттары, ардагерлер алқасы жұмыс істейді, — деп көпшілікті ашық әңгімеге шақырды. Аудан басшылығының Елбасы қойған міндеттер мен Үкіметтік бағдарламаларды орындау барысында халықпен тығыз бірлікте жұмыс жасап отырғандығын атап көрсете келе, ең алдымен жаңадан іске қосылған Атырау-Индер жолын ерекше ұқыпты пайдалану қажеттігіне көпшіліктің назарын аударды. Бұл жолдың жүк көтеру шегі 8 тонна болғанына қарамастан, өзі келген 1 сағаттың ішінде 5-6 машинаның топырақты 25 тоннадан да артық тиеп бара жатқанын көргенін мысалға алды. Жүргізушілердің қолында нақты жүк құжаттарының да, түбіртектерінің де болмағанын сынға алды.

— Бұл – Жайықтың тек осы Бұқар бетінде тұратын қос ауданға қарасты 44 мың тұрғынның ортақ игілігі, болашаққа артқан үміті. Осыншама қомақты қаржыға салынған бұл жолды күндікше табысқа малданып, ұқыпсыз пайдалансақ, әрі кеткенде 5-6 жылда бұрынғы қалпына келеді. Оны қыруар қаржы бөліп, қайта салу өте қиын болмақ. Жергілікті полиция мен көлік бақылау инспекциясына талапты күшейту міндеті қойылды. Соған қарамастан ауыр жүк көліктерінің бұл бетпен қозғалысы тыйылмауда. Негізі халықаралық жүк көліктері бұл талаптарды бұзбайды, не де болса, бұған жол беретін жергілікті жүргізушілер мен карьерлердің иелері екені анық. Бүгінде Мақат-Атырау, Миялы-Индер жолы салынуда. Атырау-Астрахан жолы күрделі жөнделеді. Сондықтан да аз-мұз уақытша түскен табысқа малданбай, «жігіттер, сіздер заңсыздыққа жол беріп отырсыздар» деп тоқтау салыңыздар. Бұл моральдық-этикалық әдепке де байланысты, — деді облыс басшысы. Ол карьерлердің нақты иелерін анықтау бойынша жұмыс жүргізуді тапсырды. Болашақта бұл бетте де арнайы жүк көліктерін тексеретін орын жасақталатынын ескертті. — Әр ауыл да жұмыссыздар бар, алайда, кәсіпкерлер, шаруа қожалықтары өздеріне жұмыс қолының жетпеушілігін үнемі айтып келеді. Оны осы сапар барысында да естідім. Ендігі жерде жергілікті билік осы екі тараптың мүдделерін бір арнада тоғыстыру жұмыстарымен айналысуы тиіс. «Құдай ауыз берді, үкімет өлтірмейді» деген кеңестік ескі түсініктен арылатын күн жетті. Оны әкімдіктің бөлімдері мен басшы мамандары басшылыққа алып, халықпен түсінік жұмыстарын кең көлемде жүргізсін. Қолданыстағы «Агробизнес – 2020» бағдарламасының талаптарын түсінбейтіндердің барлығы байқалды. Оларда қандай басымдық бар немесе артықшылығы неде, соны жеткілікті жерде түсіндіру басты міндетке айналсын, — деген Нұрлан Асқарұлы активке қатынасушыларға өздерін мазалаған сұрақтарын қоюға шақырды. Аудандық қоғамдастық кеңесті басқаратын «Атырау-Жарық» АҚ Индер бөлімшесінің басшысы Асқар Үмітқалиев ауданның елді мекендерінде жұмыс істеп келген жазғы су құбырларының әбден ескеріп, пайдаланудан шығып жатқанын, сондықтан оны ауыстыруға қаржымен көмектесуді, сондай-ақ Аққала мен Ынтымақ ауылдарының 3 шақырымдық кірме жолдарын жөндеуге көмектесуді сұрады. Облыс әкімі бұл мәселелермен таныс екендігін, ендігі жерде жазғы құбырларды ауыстырудың нақты жоба-жоспарын жасақтауды ұсыныс етті. Сонан соң ғана барып, ол жоба зерттеліп, зерделеніп, нақты шарасы алынатын болды. Дегенмен, индерліктердің тазартылған ауыз сумен бау-бақша суаратын жайымен келіспейтіндігін, «бұл – тиімділікпен үйлеспейтін құбылыс» деді. Сондықтан да, бұл бағытта «судың да сұрауы бар» екенін еске салып, бұдан былай тиімді жұмсаудың барлық шарасы алынады» деген сенімін білдірді. Ал, екінші сұрақ бойынша да жоба жасақталып жатқаны белгілі болды. Жеке кәсіпкер Мұрат Қарабалин өзіне тиесілі карьерге қашықтығына, жолдың болмауына байланысты тұтынушылар аз келетіндігін, сондықтан жүк өлшейтін қондырғы алудың тиімсіздігін сөз ете келіп, ауданда артық жүк тиейтін карьерлердің жоқ еместігін де жасырмады. Сондай-ақ, кәсіпкер Ш.Уәлиханов атындағы орта мектепке баратын жолға тротуар салу ұсынысын бұрыннан да көтеріп келе жатқанын қаперге берді. Бұл мәселе бойынша аудан әкімі С.Арыстан жауап беріп, 153 млн. теңгелік жоба жасақталып, конкурс өтіп жатқандығын, бұл істің биыл аяқталатындығынан хабардар етті. Сондай-ақ, бұл кәсіпкердің өткен жылдары АИСТ компаниясымен келісімге келіп, жұмыс істегенін де жеткізді. Облыстағы табиғат қорғау комитетінің аудандағы инспекторы Марат Мұқанов қоқыс алаңдарын қоршау, сұрыптап өртеу жұмыстары жайын қозғады. Бұл тақырып та жалпы облыс бойынша өткір тұрғандығын айтқан Нұрлан Асқарұлы қоқыс алаңдарын кәсіпкерлік ортаға шығарудың мүмкіндіктерін қарастыруды тапсырды. Тұрғындардың қоқысты тастауға келгендегі жауапкершілігіне байланысты да көп жайлардың күнделікті тұрмыста орын алып жатқандығына тоқталды. Есбол ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Өтеғұл Жалғасбаев облыс әкімінің ауданға келіп, оның экономикасы мен әлеуметтік жағдайымен жіті танысқанына ризашылық білдіріп, ақ батасын берді.

Сүйеу ХАЛЫҚОВ.

 

 

 

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button