Кемел парасат иесі
Жетегімізге жаңа ілескен XXI ғасыр – саясаттағы қарама-қарсылықтар ғасыры. Әсіресе, бұл төңіректе әлемдегі алпауыт аталатын державалар бір-біріне қырғи қабақ танытып, түймесін түртіп қалса монданақтай жер шарын күл-талқан ететін ядролық қаруларымен сес көрсетісіп, жан алып, жан беріскен шақта әрі жас, әрі тәуелсіздікке жаңа ғана қолы жеткен Қазақстан, оның Көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаев жер бетіндегі зұлымдық атаулыға ізгілік пен имандылықты қарсы қойды.
Атом қаруын шектеуге Үндеу тастады. Әлемде тұңғыш болып ядролық қарудан бас тартты. Сонау 1991 жылдың 29 тамызы – жер бетіндегі атом полигондарынан бас тартудың мәре күні. Тағы да Қазақстан, оның бейбітсүйгіш Елбасы бүкіл дүние жүзі елдеріне үлгі көрсетті. Полигон зардаптарынан қасірет шеккен адамдардың зары мен өксігін, шері мен шеменін әлем жұртына жария етті. Бұл – жер бетіндегі тіршілік атаулыға атом зауалы соңғы нүкте қоятын ақтық ғасыр емес, ізгілік үстемдік етер шаттық ғасыры болуға тиіс екендігін әлем қауымдастығына жеткізді. Бар қызығын бейбіт таңнан күтіп отырған жер шарының ізгілікті ниет еткен күллі елі имандылық үні саңқылдаған Еуразия кіндігіндегі Қазақстанға жалт қарады.
— Семей ядролық сынақ полигонының жабылуы – барша қазақстандық үшін тарихи оқиға. Біз жарылыстарды тоқтатып қана қоймай, әлемнің ядролық өміріне өзгерістер әкелдік, — деген еді сонда Нұрсұлтан Әбішұлы. Ақиқаты – осы. Бүгінгі таңда әлемнің көптеген елдері ядролық қарудан бас тартып жатса, олар Қазақстан басшысына қарыздар. Міне, Қазақстанның әлемге танылуының бір парасы осындай.
Қазақстанның Біріккен Ұлттар Ұйымына кіруі – үлкен оқиға. Тынысымыз да, өрісіміз де кеңейді, жұмысымыз да, барыс-келісіміз де көбейді. Біздер бүгінгі күні сол әлемдік ұйымдағы 193 елдің 151-імен саяси-экономикалық байланысқа түсіп жатсақ, онда да Тәуелсіздік пен оның авторы Назарбаев сынды тұлғаның терең қолтаңбасы бар. Кеңестік Қазақстанның шетелмен сауда-саттығы ең мықтағанда Моңғолиядан қой-ешкі, тоқты-торпақ айдап келумен шектелетін. Егемендік еңсемізді тіктетті, тіземіз бен бүгілген беліміз жазылды. Басыр болған көзіміз ашылды. Қазақстанның Әнұраны әлем сахналарында ойнала бастады. Осының бәрі — Елбасының терең ойлылығының, кемел парасатының арқасында жүзеге асты. Ел-ерімен, ер-еңбегімен танылатын осынау алмағайып заманда көш бастау оңай емес. Олай болса, Тұңғыш Президент күні — барша қазақстандық үшін ерекше жарқын мейрам!
Илья ЖАҚАНОВ,
Қазақстан және Қырғызстан Республикаларының мәдениет қайраткері, Қазақстанның «Парасат», Қырғызстанның «Дәнекер» ордендерінің иегері.