Жарнама
Жаңалықтар

КЕМЕЛ КЕЛЕШЕК – КЕЛІСТІ ТӘРБИЕДЕН

Белгілі бір жетістіктерге қол жеткізген білімді азаматтардың тәжірибесімен бөлісіп, өскелең ұрпаққа үлгі ету мақсатындағы шараға «Қазақстан — 2050» жалпыұлттық қозғалысының Атырау облысы бойынша өкілі Нұржан Өтепбаев қатысып, «Зияткер ұрпақ» жобасының мақсаты және «Мәңгілік Ел» ұлттық идеясының маңыздылығын атап айтты.

— Елбасы айтқандай, оқуда немесе қызметте белгілі бір жетістіктерге қол жеткізген білімді азаматтарды жас жеткіншектермен кездестіріп, білім беру ісіне тартып, тәжірибесімен бөлісу – бұл өскелең ұрпақ үшін құнды дүние. Себебі, әр азаматта көшбасшылық қабілет, кәсіби бағдар қандайма бір тұлғаға еліктеудің арқасында қалыптасып жатады. Біздің облыста мұндай жандар аз емес, — деген Н.Өтепбаев жиналған оқушыларға бір топ зиялы азаматтармен қатар, 27 жасында Атырау қалалық мәслихатының депутаты атанған Б.Хаменованың бүгінге дейін атқарған өнегелі істерін үлгі етті.

Осы тұста айта кету керек, шара кейіпкері — Бақытгүл Хаменованың ел дамуында атқарып жатқан жұмысы ұшан-теңіз. Ол осы мектепті үздік аяқтап, Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінде қазақ тілі мен әдебиеті мамандығын меңгерді. Одан әрі Атырау облыстық телерадио компаниясында диктор, Атырау мұнай және газ институтында оқытушы, Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университеті жанындағы Элитарлық мектепте директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары қызметтерін атқарды. Еңбек ете жүріп, Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінде филология бөлімі бойынша аспирантурада білімін жалғастырды. Сондай-ақ, «Рахат — ТВ» телеарнасында тілшілік қызмет атқарды. Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің қазақ әдебиеті мен журналистика кафедрасында аға оқытушы болып жұмыс жасады. Сондай-ақ, ол Атырау мұнай және газ институтында мұнай-газ ісі мамандығы бойынша білім алды. «Филология ғылымдарының кандидаты» ғылыми дәрежесін алды. Бүгінде ол – Каспий өңірінің қазіргі замандағы колледжінде директор, Атырау қалалық мәслихатында депутат.

— Әр азамат өз арманын, асуларын бағындыру үшін ең алдымен сол жолда тер төге білуі керек. Алдыңнан қандай қиындық кездессе де, еш нәрсеге мойымай алға жылжығанда ғана мақсатыңа жетесің. Бүгінгідей Тәуелсіздік таңында сіздерге жан-жақты мүмкіндік жасалған. Елбасының сындарлы саясаты негізінде «оқимын, білемін, үйренемін» дегенге кеңінен жол ашық. Тіпті, бізге «Болашақ» бағдарламасы арқылы шет елден білім алу бақыты да бұйырды. Мұның бәрі – өскелең ұрпақтың қамы үшін жасалып жатқан дүниелер. Сондықтан да, сіздердің жан-жақты жетілулеріңізге толық мүмкіндік бар, — деді Б.Хаменова мектеп оқушыларымен кездесу кезінде.

Ы.Алтынсарин атындағы №11 орта мектеп директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары Роза Ақәділ бір кездегі өз шәкіртінің жетістіктерін мақтанышпен жеткізіп, оның бүгінгі  жұмысына сәттілік тіледі.

Жиын соңында халық қалаулысы Б.Хаменова тәлімді тәрбиеден ғана талантты ұрпақ өсетінін атап айтты. Оқушылар көкейде жүрген сауалдарын жолдап, еркін пікір алмасты.

Алтыншаш Құрмашева.

 

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button