Кельндегі сағыныштың көз жасы…
Бағзы күндерден бұлжымайтын көп қағиданың бірі – өнерде шекараның жоқтығы… Шын өнерпаз, шынайы өнер туындысы тілдің, ұлттың, дін мен ділдің өзгелігіне қарамастан, барша адамзат жүрегіне жол тапса керек. Өйткені, өнер атаулы ізгілікті ғана баян етіп, жұмыр жердің бетінде бейбітшіліктің ақ қанат құсына айналып кеткелі қашан… Жуырда осындай мазмұнды миссияны өңірдің маңдайына басқан үлкен өнер ордасы, республикадағы ең іргелі һәм ескі театрлардың бірі Махамбет атындағы академиялық қазақ драма театры орындап қайтты.
Махамбет театры сапарлап барған Кельн қаласы Германиядағы қазақтардың ең көп қоныстанған жері болып саналады. Германия Федеративтік Республикасының Солтүстік Рейн-Вестфалия жерінде орналасқан қала Кельн әкімшілік округіне бағынады. Линденталь ауданының құрамына енеді. Рейн өзенінің жағалауына орналасқан миллионнан астам тұрғыны бар сұлу шаһардың тарихы да аса бай. Рождество мерекесіне қызу дайындалып жатқан қала мерекелік көңіл-күйге елтіп тұр екен. Қаланың басты көрнекілігі – алғашқы іргетасының қаланғанына екі мың жылдан астам уақыт болған әйгілі Кельн соборы. Құрылыс әлі күнге дейін тоқтамаған собор мұнарасы биіктігі жөнінен әлемде үшінші орынға ие. Готикалық стильдің керемет үлгісіне айналып отырған католиктер шіркеуі күллі дүние туристерінің сүйікті өнер ескерткіштерінің бірі болса керек. Сұлулығы мен сұстылығы ғажайып ескерткішке мистикалық ұлылық сыйлап тұрғандай. Себебі, оны жай ғана өнер туындысы деп тану мүмкін емес, ол жаныңа таңғалыспен қатар, аз-кем қорқыныш сезімін сыйлайтынын айта кету керек…
Германия сапарына арнайы алып барған Ш.Айтматовтың «Мәңгүрт» драмасы –Махамбет театрына бірнеше өнер фестивалінде олжа салған дүние. Қойылымның режиссері Гүлназ Қамысбаева мен суретшісі Тимур Қоесов – жас та болса, болашағынан үлкен үміт күттіретін креативті мамандар. Жалпы, «Мәңгүрт» драмасының бір ерекшелігі, спектакль бастан-аяқ сахнада отырған «Сармад» этно-фольклорлық тобының (жетекшісі Б.Ақтаев) жанды сүйемелдеуімен әрленген. Бұл – республика театрлары арасында жаңалық болып танылып, соңғы кезде өзге театрлар сахнасында да тәжірибеге енгізіліп жүр. «Адамзаттың Айтматовы» атанған ұлы жазушының әйгілі «Боранды бекетінің» негізінде қойылған драма үлкен адами құндылықтарды қозғайды.
Жер жаралағалы бітпейтін ең ұлы соғыс жарық пен қараңғының, яғни зұлымдық пен махаббаттың майданы болса керек. «Найман ана» туралы көне дала аңызында суреттелген адам баласының миы жетпейтін сұмдық зорлық-зомбылық, түйсіктің көрсоқырлығы және оған жетелейтін факторлар туралы қаншама шығармалар жазылды екен?.. Мүмкін, санына ешкім жете алмас… Бірақ, соның барлығы ұрпақ келешегі үшін қорқыныштан туса керек…
Едіге роліндегі Бақытжан Өтеғалиев, Қазанғаптың ұлы Сәбитжанды сомдаған Нұрбек Съезхан, жуан-жуандардың жантүршігерлік азабына ұшыраған Найман ананың ұлы роліндегі Бекет Зинуллин, сондай-ақ, осы қойылымдағы үлкенді-кішілі рольдерде ойнаған барша әртіс шынайылығымен, шеберлігімен көрерменнің ілтипатына бөленді. Қойылымдағы хореографиялық композиция (хореограф А.Есенғалиева) тақырып мазмұнын ашуда ерекше реңк берген сәтті шешімдердің бірі болды.
Ықылым заманнан бері адамзат санасын мекендеген үрейдің аты не? Жалпы, біз неден қорқамыз? Өлімнен бе? Жоқшылықтан ба? «Мәңгүрт» драмасын тамашалаған көрермен еріксіз осы сұрақтарға жауап іздейді. Жаһандану процесі алдында ұлттық құндылығыңды, терең тамырыңды қалай сақтап қалуға болатындығы туралы зиялылардың басын қатырған мәңгілік сұрақ та – осы. Отан деген алып ұғымды қастер тұту әуелі айналаңды, отыңның басын сүюден басталатыны, ізгілік атаулының барлығы ананың махаббатынан бастау алатыны, перзенттік парыздың ең ұлы биігі Отаныңның алдындағы парыз екендігі осы шығарманы көріп отырғанда тағы да есіңе түседі. Айтматов айтқан аңыздардағы жуан-жуандардың қорлығы ХХ ғасырда қызыл империя саясатымен астарласып кеткен жоқ па?! Тұтас ұлтты көшбасшы зиялы ұлдарынан, тілінен, дінінен айыру саясаты, бар халықты сұр түсті жадағай тобырға айналдыру ойыны жетпіс жыл алып механизмнің көмегімен жүзеге асты. Демек, бұл мәңгі бітпейтін майдан екен ғой… «Мәңгүрт» драмасындағы режиссердің шеберлік шешімі осы шындықты барынша көрсетуге тырысты.
Еуропа төріне бет түзеген өнер керуенін облыс әкімінің орынбасары Нұрсәуле Сайлауова, облыстық Мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Саламат Сабыр және театр директоры Берік Жәменов бастап барды. Millowitsch Volkstheater залына жиналған қандас бауырларды бір сағаттың үстінде үлкен ләззатқа бөлеген шығарманың ауыр ойға шомдырғаны да рас. Тағдыр талайымен, замана желімен ауа көшіп, шет жайлаған кельндік көрерменнің түгелі дерлік Түркия және Германия елінде дүние есігін ашқан. Алайда, атамекенге деген сағыныш әрқайсысының жүрегінде орныққаны рас. Бұл –адам тілімен түсіндіріп бере алмас құдірет шығар…
Кельнде «Қазақ мәдениет қоғамы» жұмыс істейді. Оның төрағасы Шуайып Ерол екі жыл бұрын Еуропа қазақтарының құрылтайы осы қалада өткендігін айтып өтті. Ал, Айгүл атты сұлу қыз Махамбет театрының көктемдегі Алматы гастроліне барып, «Мәңгүртті» тамашалағанын, енді Кельн қаласында тұратын анасын алып келгендігін мақтанышпен жеткізді. Спектакльге өзге де қалалардан бауырларымыз келгенін, Швейцария астанасы Берннен, іргелес шағын қалалардан келген көрермендер барын, жер шалғайлығына байланысты жете алмай, сәлем жолдаған өзге де туысқандардың ықылас-пейілінен олардың атамекеннің бір бөлшегі көшіп келгендей алабұртқан махаббатына тәнті болдық. Бір ғажабы, Еуропаның қақ төрінде тұрып жатқан қандастарымыздың ұлттық болмысын тек сырт пішінде ғана емес, тілі мен дәстүрінде де сақтап отырғандығы мен барынша қарапайымдылығы болды. Осыны көргенде өзінің тарихи Отанында тілі шүлдірлеп, тірі мәңгүртке айналған кейбір қаракөздеріміз еріксіз ойға оралады.
Қойылым аяқталғаннан соң сахнаға шыққан делегация басшысы Нұрсәуле Сайлауова Кельндік қазақтарға елдің ыстық сәлемін жеткізді. Елбасымыздың «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласының бір тармағы да мыңжылдық тарихымызды әлемге паш ету екендігін, қазақ елінің әрқашанда өзінің ұлттық мақтаныштарына адалдығын атап өтті. Шамалыдан соң залда отырған қандастарымыз сахна төріне көтеріліп, атамекенге деген сағынышын театр әртістерімен қосылып әнмен жеткізді. Көзінен жас парлаған ақ жаулықты кейуаналардың кейбірі делегация басшыларынан жиі келіп тұруын өтініп жатты. Олар өз немерелерінің ана тілін ұмытпағандығын, тарихи Отанынан тамыры ажырамағанын арман ететінін жасырған жоқ.
Ал, театр буфетінде қонақтарға кофе ұсынып тұрған теңізші киіміндегі ақжарқын неміс осы театрдың директоры болып шықты. Ол «Мәңгүрт» қойылымының декорациясы, музыкалық көркемдігі мен режиссер шешімінің сәттілігіне таңданысын жасыра алмады. Милович театры деп аталатын бұл өнер ордасы атадан балаға мирас болып келе жатқан бірнеше ғасырлық тарихы бар театр екен. Жалпы, даму үдерісінде алда шыққан елдерде әр театрдың қалыптасқан өз көрермені бар екені белгілі. Махамбет атындағы академиялық театрда да осы игі дәстүр орнығып келеді. Театрдың бас залынан бөлек кіші залы, Жастар театры көрерменін талғампаздыққа тәрбиелеуге жұмыстануда. Белгілі өнер қайраткері, «Құрмет» орденінің иегері, театр директоры Берік Қилекешұлы өткен жылдың Атырау театры үшін аса жемісті болғанын айтады. Жыл басында академиялық атағын алған айтулы өнер ұжымы сексен жылдық мерейлі жасына жетті.
Екі күнге созылған гастрольдік сапар аяқталған соң Еуропаның жасыл ормандары мен иінтірескен қызылды-жасылды ғимараттарын артқа тастап, атыраулықтар мінген әуе кемесі Отанға, қазақтың ұшы-қиырсыз сайын сахарасына кері оралды. Әртүрлі ой, сан қилы әсерге шомған өнерпаздар жалғыз ақиқатты мойындады. Бұл – адам санасының терең түкпіріне орналасқан жалғыз кие – Отан. Атамекенге деген сағыныш ғасырлардың өлшеміне симайтын, дүниенің иран бағы ауыстыра алмайтын ұлы аңсар. Ұлы дала перзенттері мұны ойынан бір күн де шығарған емес. Ұлттың коды дегеніміз сол шығар…
Әлия ДӘУЛЕТБАЕВА