ТӨЛЕМАҚЫҒА ҚОСЫМША НЕГЕ ҚОСЫЛАДЫ?

Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты Сәрсенбай Еңсегенов қазақстандықтардың «Қазақтелеком» АҚ қызметі үшін балама төлемақы төлеу мүмкіндігі мәселесін шешуге кіріскен болатын. Оның депутаттық сауалы  бойынша ҚР инвестициялар және даму министрлігі байланыс қызметін көрсету ережелеріне тиісінше өзгерістер әзірледі. Барлығын ретімен айтсақ...

 Делдалдан туған дау

Біз Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты Сәрсенбай Еңсегеновке қазақстандықтарға бұрынғыдай – телекоммуникациялар қызметі үшін балама ақы төлеу жүйесін қайтаруға көмектесуін сұраған едік. Атыраулықтардың көпшілігі бұдан былай телекоммуникация қызметі үшін алдын ала ақы төлей алмайтыны жөніндегі жаңалықты ауыр қабылдады. Мәселенің мәнісі, 2015 жылдың 1 мамырынан бастап «Қазақтелеком» АҚ ұсынатын қызметтер ақысын терминалдар арқылы комиссиясыз төлеу мүмкін болмады. Бастапқыда тұтынушының төлемақысын өңдегені үшін төлемақы сомасының 3 пайызын ала бастаған, бір айдан кейін ол 2 пайызға азайды. Бұл қаражат неге тұрғындардың қалтасынан төленуі тиіс еді?!

Редакцияға мамыр айынан бері тұрғындардан телекоммуникация қызметі үшін комиссиялық төлем алынатыны жөнінде арыз-шағымдар келіп түсуде. Адамдарды, біріншіден, неге мұндай өзгерістердің орын алғаны, екіншіден, қосымша алымсыз қалай төлеуге болатыны қызықтырған еді. Жұртшылықтың түсінбеуінің бір себебі, кезінде  терминал арқылы ақша төлеудің жарнамаланған жүйесін көпшілік барлық жағынан тиімді, әрі қолайлы деп қолдаған болатын.

Маусым айында біздің ресми сауалымызға жауап берген Атырау облыстық телекоммуникациялар дирекциясының директоры Ерсайын Дүйсемәлиев төлемақы қабылдау «Қазақтелеком» АҚ қызметінің негізгі түрі болып табылмайтынын жеткізген, сол себепті, төлемақылар тараптағы ұйымдардың аутсорсингіне берілген. Төлемақыны өңдеу үшін комиссия көлемін жеткізушілер «Қазақтелеком» АҚ қатысуынсыз шешеді.

– Комиссиялық жинақ мәселесі бойынша «OrionPro» ЖШС төлемақы жүйесі иелеріне 8-727-228-05-80 телефоны арқылы хабарласу керек. 2015 жылдың 8 маусымынан бастап аталған ЖШС комиссия көлемін үштен екі пайызға азайтты, – деді Е.Дүйсемәлиев. – Бұған қосымша телекоммуникация қызметін «Қазақтелеком» АҚ сервистік желісі пункттерінен алуға болатын «Төлем» ортақ картасы арқылы комиссия қосымшасынсыз төлеуге мүмкіндік бар екенін хабарлаймыз. Телекоммуникация қызметін комиссиясыз төлеуге мүмкіндік беретін тағы бір алаң – «Қазақтелеком» АҚ порталы – www.telecom.kz. Аталған төлемақы карталары порталда сақталмайды – төлемақылар тараптағы төлемақы шлюздері арқылы жүргізіледі.

Тағы белгілі болғаны, барлық екінші деңгейдегі банктердің карталарын тұтынушылар үшін телекоммуникация қызметін акцептсіз төлеу түрі бар. Аталған сервиске қосылу үшін банкке тиісінше арыз жазу керек, одан кейін телекоммуникация қызметі үшін төлемақы автоматты түрде белгіленген мерзімде тұтынушының көрсетуі негізінде ұсталатын болады. Бұл әдіс төлемақы нүктелерінде кезекте тұру қажеттігін жойып, уақыт пен қаражатты үнемдейді. Акцептсіз тәсілді таңдау арқылы, Е.Дүйсемәлиев түсіндіргендей, абоненттер көрсетілген қызмет ақысын төлеу мерзімі бұзылып, соның салдарынан, қарызы жиналып немесе қызметін үзіп тастаудан сақтана алады. Қызметке қосылу шартын екінші деңгейдегі банктерден анықтау керек, дегенмен, қызметтің тегін болмайтыны, әрине, түсінікті.

Бір қарағанда, жаңа өзгерістер қызмет көрсету аясы кеңейетіндіктен тұтынушылар игілігі үшін жасалғандай көрінеді.  Шындығында  солай  ма? Талдап көрелік… 

Ауадан ақша жасау ма?

Әдетте, барлығы да салыстырған кезде көрінеді. Егер «Қазақтелеком» АҚ-ында төлемақы қабылдау негізгі қызмет түрі болып табылмаса, тұтынушыларға газ, су, жылу, электр энергиясын жеткізетін басқа мекемелердің осылай әрекет етуге құқығы бар ма? Келісерсіз, олар да маңыздылығы кем түспейтін әлеуметтік қызметтер көрсетпей ме? Алайда, соған қарамастан, олардың абоненттері тиімді жағдайда қалып отыр, қазіргі күні олар төлемақы қабылдау пункттерінде комиссия қосымшасынсыз төлей алады. Иә, бұл үшін кейде кезекке тұру керек, кейде ол жер алыс, бірақ, нарықтық экономика бізге сыйға тартқан ТАҢДАУ құқығы дегеніміз осы. Басқа жағдайлардың бәрінде адамдар өздерін тал түсте тонап жатыр деп ойлайды.

Осындай ойлар «Төлем» ортақ картасын АЛУДЫ немесе телекоммуникация қызметі үшін «Қазақтелеком» АҚ порталы арқылы комиссиясыз төлеуді ұсынған кезде де біздің басымызға келеді. Бірақ, мұндай карталар аудандарда ғана жүзеге асады, қала сыртында – жоқ. Портал арқылы да барлығы бірдей төлей алмайды. Интернетке кіру мүмкіндігі жоқ адамдар (ондайлар аз емес, түрлі себептерден, жай ғана жасы ұлғайып, компьютерді меңгермегендіктен болуы да мүмкін), әлбетте,  телекоммуникация қызметін комиссиясыз төлеу мүмкіндігін жүзеге асыратын алаңдарға шыға алмайды.

«Қазақтелеком» абонеттерінің төламақысын жинаумен айналысатын «OrionPro» компаниясының өзі жайлы не білеміз? Бәрін білетін ғаламтор бетін ақтарып та ол жайында ештеңе таппадық. Атырау облыстық телекоммуникация дирекциясы көрсеткен телефон арқылы Алматыға қоңырау шалдық. Оператордан компанияны қашан және кімнің құрғаны, ЖШС сайты жайлы ақпаратты әзер дегенде алдық. Жас жігіт «OrionPro»-ның 2015 жылғы ақпанда құрылғанын, әзірге сайттың жоқ екенін ғана айтқан болатын. 

Баламаның байыбына  барсақ…

Біз Парламент Сенатының депутаты Сәрсенбай Еңсегеновке сауалмен шыққанбыз. Сәрсенбай Құрманұлы тиісінше мекемелерге қажетті сауалдарды жолдап, дереу қозғау салды. Қазан айының 29-ында Қазақстан Республикасы Парламенті Сенаты экономикалық саясат, инновациялық даму және кәсіпкерлік комитетінің хатшысы С.Еңсегеновке Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму вице-министрі С.Сәрсеновтен жауап келді. Министрліктің ресми жауабында: «Аталған мәселені шешу үшін, Министрлікпен Қазақстан Республикасы инвестициялар және даму министрінің міндетін атқарушының 2015 жылғы 24 ақпандағы №171 бұйрығымен бекітілген байланыс қызметтерін көрсету қағидаларына, байланыс қызметтері үшін төлемдерді байланыс операторларының кеңселерінде және/немесе абоненттік бөлімшелерінде комиссиясыз қабылдауды міндеттейтін түзетулер әзірленді.

Айтылған түзетулер, қазіргі уақытта Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының қарауында жатқан «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне ақпараттандыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының заң жобасы күшіне енген соң қабылданатын болады, сонан соң халыққа байланыс қызметтері үшін төлемдерді «Қазақтелеком» АҚ абоненттік бөлімшелерінде комиссиясыз төлеуге мүмкіндік болады» делінген.

Белгілі болғандай, ҚР Парламенті Сенатында заң жобасы қаралып жатыр, қарашаның соңына дейін байланыс қызметін көрсету ережелерінде өзгерістер күтілуде. Демек, жақсы жаңалықтар күтеміз де!

Светлана  НОВАК,

Құралай ҚУАТОВА.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз