Жарнама
Жаңалықтар

Келісім формуласы

Осыдан отыз жыл бұрын тәуелсіз Қазақстан тарихында тың құрылым дүниеге келді. Бұл ұйымның құрылуы Қазақстанның көпэтникалық қоғамындағы әртүрлі ұлттар мен мәдениеттер арасында ынтымақтастық пен бірлікті қамтамасыз етуге бағытталған қадамдардың бірі болды.

Қазақстан халқы Ассамблеясының жұмысы елдегі бірлік пен тұрақтылықты сақтауға бағытталған еді. Осынау уақыт ішінде Ассамблеяның рөлі мен маңызы артып, оның іс-шаралары мен жобалары еліміздің әлеуметтік-саяси өмірінде айтарлықтай орын алды. Еліміздегі 130-дан астам ұлт өкілдерін бір мақсат, бір мүддеге тоғыстырған біртұтас халыққа айналдырды. Келісім формуласы саналатын бірегей институттан қазір әлем үлгі алуда. Облыстық «Қоғамдық келісім» КММ басшысы Ләззат Жылқышиевамен бүгінгі сұхбатта Ассамблеяның тарихы, оның ел экономикасы мен мәдениетіне қосқан үлесі, сондай-ақ қоғамдық келісімді сақтау мен халықтар арасындағы түсіністікті арттыру бағытындағы болашақ жоспарлар талқыланады.

– Ләззат Кеңесқызы, Қазақстан халқы Ассамблеясы мен этносаралық татулық мәселесі әрқашан маңызды болып келген. Қазақстанның көпэтносты қоғамында береке мен бірлікті сақтаудың маңызы қандай деп ойлайсыз?

– Әрине, Қазақстанның көпэтносты қоғамы үшін береке мен бірлік – елдің тұрақтылығы мен дамуының негізі. Қазақстанда 130-дан астам этнос өкілдері өмір сүріп жатыр. Әрбір этнос өз тарихын, мәдениетін, дәстүрін сақтай отырып, Қазақстанның дамуына үлес қосып келеді. Бұл – бірегей құбылыс. Әсіресе, қазақ халқының тарихи құндылықтары мен қонақжайлылығы бұл процеске ерекше ықпал етеді.

– Атырау облысы осы көпэтносты қоғамның үлгісі. Мұнда көптеген ұлт өкілдері татулықта өмір сүреді. Бұл бірлік пен ынтымақтың арқасында мүмкін болып отыр…

– Атырау облысы – шынында көпұлтты қоғамның тамаша үлгісі. Мұнда түрлі этностардың өкілдері бір шаңырақ астында өмір сүріп, бір-бірін толықтырып келеді. Бұл бәрінен бұрын, халықтың тарихи жады мен мәдениеттерді құрметтеуіне, сонымен қатар Қазақстан халқы Ассамблеясының атқаратын маңызды рөлінің арқасында жүзеге асып отыр. Бұл жерде этносаралық келісімді сақтау үшін көптеген шара ұйымдастырылуда, оның ішінде мәдени іс-шаралар, діни және ұлттық мерекелер, қайырымдылық акциялары бар.

– Басқа ешбір елде мұндай институт жоқ қой. Бұл идея елімізге не берді?

1995 жылдың 1-наурызында тәуелсіз еліміздің тарихында «Қазақстан халқы Ассамблеясы» атты жаңа институт пайда болды. Сол бір кезең, яғни, тоқсаныншы жылдар егемендігін енді алған ел үшін оңай кезең емес еді. Мемлекетімізді аяғынан тік тұрғызу үшін қыруар күш қажет болды. Мақсат – жаңа мемлекеттің, алдымен экономикасын көтеру болғаны белгілі. Бірақ бұл мақсатқа бірліксіз, ынтымақсыз қол жеткізу мүмкін еместігін әу баста айқындап алды. Осы орайда бастаманың мән-маңызын ұғынған еліміздің аймақтары идеяны іліп әкетті.

2007 жылы Конституцияға өзгерістер енгізілген уақытта Ассамблея конституциялық мәртебе алып, оның мүшелері Парламент Мәжілісіне сайланатын болды. Осындай саясаттың нәтижесінде елдегі ұлттар бір идеяға бірігіп, 130-дан астам ұлт пен ұлыс бірлікте өмір сүруде. Өзіңіз айтқандай, өзге мемлекеттерде мұндай институт жоқ.

Рас, кезінде «Қазақстан – көпұлтты мемлекет, ол бір ел бола алмайды, ұлттар жан-жаққа тартып, мемлекет тарап кетеді» деген пікірлер болды. Алайда дұрыс жүргізілген саясаттың нәтижесінде бұл пікірлер жоққа шықты. Бүгінде бізде барлық ұлттар мен ұлыстарды біріктіретін идея қалыптасты.

– Биыл Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылғанына 30 жыл. Қазақстанның әлеуметтік өмірінде айрықша орын алатын бұл қоғамдық институттың атаулы датасын атап өту жоспарымен бөліссеңіз?

– Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқы Ассамблеясының «Бірлік. Жасампаздық. Өрлеу» атты ХХХІІІ сессиясында Үкімет Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығын атап өтуге арналған іс-шаралар жоспарын әзірлейтінін айтқан болатын. Қазір нақты іс-шаралар жоспары бекітілді. Облыстық әкімдік тарапынан да бірқатар шаралар әзірленіп, бекітілді. Мысалы 1-наурыз «Алғыс айту» күніне орай, Достық үйінде облыс әкімінің қатысуымен салтанатты шара ұйымдастырылады деп жоспарлануда.

 Одан бөлек, Махамбет ауданы, Бейбарыс ауылындағы «Тхониль-Атырау» кәріс этномәдени бірлестігінің бастамасымен орнатылған «Қазақ халқына мың алғыс!» монументіне гүлшоқтарын қою және Ассамблеяның аналар кеңесі Алғыс айту күні дүниеге келген нәрестелер мен олардың аналарын құттықтап, облыстық перинаталдық орталыққа барады деп жоспарлануда. Облыстық әкімдіктің бастамасымен Исатай–Махамбет алаңында ұйымдастырылатын «Наурызнама» мерекелік онкүндігінде үлкен концерттік бағдарлама жоспарлануда. Одан өзге де көптеген ірі көлемді іс-шаралар бар.

Сонымен қатар Президент: «Мемлекеттік органдар, саяси партиялар, қоғамдық ұйымдар, ғылым және мәдениет қайраткерлері, қоғам өкілдері қатысатын осы іс-шараның бәрі іскерлік сипатта болуға тиіс. Жоспарда біздің «Бірлігіміз – әралуандықта» деген басты қағидамызды паш ететін іс-шаралар мен әлеуметтік сипаттағы жобалардың барлығы өзара үйлесім табуы керек» деген болатын. Қазір біз қолға алған шаралардың барлығы да осы бағытқа негізделген.

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев сессияда ғой деймін, «Береке-бірлікті сақтау елдігіміз үшін аса маңызды» деген еді…

– Бұл сөздің мәні өте терең. Осы орайда тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында құрылған Қазақстан халқы Ассамблеясының мемлекетіміздің қоғамдық келісімі мен жалпыұлттық бірлігін нығайтуға зор үлес қосып келе жатқанын айтуымыз керек.

Өткен жылы Президенттің төрағалығымен өткен Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХХІІІ сессиясында қоғамды ұйыстыратын іргелі бастамалар жайы баяндалып, Ассамблеяны әлеуметтік тұтастық пен отаншылдықты дәріптейтін институт ретінде нығайту міндеті жүктелді.

Этносаралық қатынастарды қамтамасыз ету саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыруда облыстық ішкі саясат басқармасының «Қоғамдық келісім» КММ-і де жүйелі қызмет атқарып келеді. Мекеме Атырау облысы Қазақстан халқы Ассамблеясының қызметін қамтамасыз етеді. Сондай-ақ этномәдени және басқа да қоғамдық бірлестіктер мен ұйымдардың, Ассамблеяның жұмыстарына қолдау көрсетеді. Мекеме құрылған күннен бастап көптеген халықаралық, республикалық, облыстық іс-шараны ұйымдастырды. Атырау облысы ҚХА этномәдени бірлестіктермен, ғылыми-сараптамалық тобы, ақсақалдар кеңесі, аналар кеңесі, журналистер клубы, ақпараттық түсіндіру тобы, саяси партиялармен жұмыс, «Жомарт жан» орталығы және ассамблея жастарымен бірлескен жұмыстар жүргізуде. 

Бүгінде өңірде 18 этномәдени бірлестік бар. Облыс орталығындағы Достық үйі – осы этнос өкілдерінің ортақ үйі, мәдени ошағы. 2024 жылы Атыраудағы Достық үйінің ашылғанына 10 жыл толды. Бұл өңір тынысындағы айрықша оқиға деп есептеймін. Өйткені қазіргі геосаяси жағдайда елдегі тұрақтылық пен ұлттар арасындағы ынтымақтастық, достық қарым-қатынасты сақтау аса маңызды.

Бірлік – бұл бірлесіп жұмыс істеп, ортақ мақсатқа ұмтылу ғана емес, сонымен қатар әртүрлі этностар мен мәдениеттердің өзара құрметі мен сыйластығы. Мемлекет басшысының айтқанындай, ұлттың бірлігі болмаса, біз ешқашан өз мақсатымызға жете алмаймыз. Атырау облысы мысалында бұл сөздер өте орынды. Мұнда барлық этнос өкілдері бір мақсатқа ұйып, бейбіт өмір сүріп келеді. Әлемнің кейбір елдеріндегі тұрақсыздық тудырып отырған алауыздыққа жол бермеу, ондай оқиғалардың біздің әрбірімізге сабақ болуы керектігі, экономикалық даму, тұрақты өмір тек бейбітшілік пен келісімнің арқасында ғана болатын құндылықтар екендігін жиі айтатынын өзіңіз де білесіз.

 – Атырау облысындағы этномәдени бірлестіктердің арасында қайсысы ерекше көзге түседі? Қандай жобалары ерекше назар аударады?

– Қиын кезеңде қазақ еліне жер аударылып, бүгінде осы елде тамыр жайған өзге ұлт өкілдерінің жергілікті жұртқа деген алғысы зор. Өткен ғасырдың басында Қиыр Шығыстан Қазақстанға күштеп депортацияланған кәрістердің бір тобы Атырау облысына қоныстанған еді. Олардың алғаш табан тіреген орны – Махамбет ауданындағы Бейбарыс ауылы. Сол мекенге осыдан бірнеше жыл бұрын «Тхониль» корей этно-мәдени бірлестігі «Қазақ халқына мың алғыс!» монументін орнатты.

Осы ретте аймақтағы этномәдени бірлестіктердің белсенді жұмысына да назар аударғым келеді. «Туған жер» жобасы аясында «Орыс, славян, казактар бірлестігі» қауымдастығының өңірлік филиалы өлке тарихының материалдарын жинау бойынша жұмыстарын жүргізуде. Сонымен қатар, «Былина» орыс этномәдени бірлестігі жанындағы халық кітапханасы мен халық театрының жұмысын бастағалы бірнеше жыл өтсе, қазір қазақ тілін үйрету курсы да жүйелі түрде жұмыс жасап тұр. «Светоч-Атырау» славян бірлестігі «Зеркало» минатюрлік-музыкалық театрын ашты. Татарлардың «Татулық», грузиндердің «Иверия», армяндардың «Таврос», украиндардың «Довира» этномәдени бірлестіктері республикалық, халықаралық сахнада Атырау облысының атынан өнер көрсететін шығармашылық ұжымдарымен танымал. Бизнес саласында өлкенің дамуына «Видергебурт» неміс бірлестігі мен әзербайжандық «Новруз» өз үлесін қосуда. Шешендер мен ингуштардың «Вайнах», өзбектердің «Ынтымақ» бірлестіктері секілді ұйымдар қоғамдық жұмыстарға белсенді атсалысады. 

– Болашақта этносаралық келісім мен бірлік еліміздің дамуына қалай әсер етуі мүмкін?

– Біріншіден, елге қосып жатқан үлесі туралы айтып өткеніміз жөн болар. Жалпы өңірдегі этномәдени бірлестік төрағалары мен мүшелерінің өз кәсіптері мен әртүрлі бизнестері бар. Бұл жергілікті бюджетті қалыптастыруға ықпал етіп қана қоймай, ел экономикасының дамуына да үлес қосуда. Одан бөлек өткен жылы елімізге түскен ауыр сынақтардың бірі – көктемгі су тасқыны кезінде де біздің этномәдени бірлестіктеріміздің ауызбірлігі байқалды.

Бұл ретте біз «Жомарт жан» орталығының қызметі туралы айтып өтуіміз керек. Республика көлемінде өз жұмысын бастаған орталықтың негізгі миссиясы қайырымдылық шараларын жасау. Атырау облысы ҚХА «Жомарт жан» орталығы былтыр 60-қа жуық түрлі шара өткізіп, 3000-нан астам адамға 31 млн. теңгеден астам көмек көрсетті.

Этносаралық келісім мен бірлік болашақта еліміздің дамуына үлкен ықпал етеді. Тек бірлікте ғана біз экономикалық, мәдени, саяси салаларда тұрақтылыққа қол жеткізе аламыз. Қазақстан халқы Ассамблеясы өз жұмысын жалғастырып, әрбір азаматтың өз елінің болашағына деген жауапкершілігін арттыра алады. Бірлікте болсақ, біз барлық қиындықтарды жеңе аламыз.

Сұхбаттасқан Рита ӨТЕУҒАЛИ

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button