Жарнама
Жаңалықтар

Келесі жылдан бастап мектептерде стоматология кабинеттері ашылады

Келер жылдан бастап еліміздің ірі деген мектептерінде стоматология кабинеттері ашылатын болды. Бұл туралы республика Оқу-ағарту министрлігінің баспасөз қызметі мәлімдеді, — деп хабарлайды kaz.inform.kz.

Баспасөз қызметінің мәліметтеріне қарағанда, Оқу-ағарту министрінің шақыруымен Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова елордалық білім беру мекемелерінің директорларымен кездесті. Мақсат — екі жақты ынтымақтастық мәселелерін талқылау және балалар мен жасөспірімдердің денсаулығын жақсартуға бағытталған бірлескен жобаларды іске асыру, білім беру ұйымдарында медициналық қызметті ұйымдастыру, инклюзивті кабинеттер, сондай-ақ педагогтердің денсаулығын сақтау, психологтардың біліктілігін арттыру мәселелері.

Ғани Бейсембаевтың айтуынша, Мемлекет басшысының тапсырмасымен өткен жылдан бастап бірінші рет 1,7 млн. оқушы үшін мектептерде тегін тамақтандыру ұйымдастырылды. Бұған дейін министрлік білім беру ұйымдарындағы балалардың тамақтану стандарттарын қайта қарау бойынша жұмыс жүргізген болатын. Ас мәзірін өңірлерде өндірілген отандық өнімдерді пайдалана отырып әзірлеу туралы норма енгізілді. Сонымен қатар, өңірлерде бракераждық комиссиялар құрылды, олардың құрамына ата-аналар, қоғам белсенділері, сондай-ақ мектеп әкімшілігі мен медицина қызметкерлері ене алады. Бракераждық комиссиялардың мониторингтік топтарының қызмет тәртібі туралы заңнамалық нормалар белгіленді.

«Балаларымыздың қауіпсіздігін қамтамасыз ету – білім беру процесінің әрбір қатысушысының алдында тұрған бірінші кезектегі маңызды міндет. Біз сауықтыру-педагогикалық бағытқа баса назар аудара отырып, «салауатты өмір салтын» ұстануымыз керек және сапалы тамақтануды ұйымдастыру керек. Әрбір мүдделі тараптың, әсіресе, кәсіпкерлердің өз жауапкершілігін сезінуі маңызды. Тамақтану мәдениетін қалыптастыруға, санитарлық, гигиеналық талаптардың сақталуына, дұрыс тамақтануды насихаттауға көңіл бөлінуі керек. Денсаулық сақтау министрлігімен бірлескен жұмыс бұл мақсаттарды жүзеге асыруда негізгі рөлге ие», — деп атап өтті Оқу-ағарту министрі.

Сонымен қатар министр санитарлық-эпидемиологиялық шаралар мен кейбір нормативті-құқықтық актілерді қайта қарау мәселесіне тоқталды. Денсаулық сақтау министрлігінің қолдауымен балалардың денсаулығын нығайту бойынша бірлескен жоба аясында келесі жылдан бастап ірі мектептерде стоматология кабинеттері ашылады.

Сондай-ақ сапалы тамақтануды ұйымдастыру үшін мектеп асханаларына санитарлық-эпидемиологиялық талаптардың сақталуына мониторинг жүргізілуде. Ол мектептегі тамақтану қауіпсіздігін қамтамасыз ету және бұрын орын алған келеңсіз жағдайларға жол бермеу шараларын күшейтуге бағытталған. Еліміз бойынша облыстық басқармалар мен аудандық білім бөлімдерінің жанынан барлығы 222 ведомствоаралық сараптамалық топ құрылды.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button