Келелі кездесу
Жуырда «Атырау облысы білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіптік одағы» қоғамдық бірлестігі Жылыой ауданы, Құлсары қаласындағы №5 мектепте жасөспірімдер арасындағы құқықбұзушылықтың алдын алу мәселесі бойынша кезекті ведомствоаралық мәжіліс өткізді.
Жиынға облыстық білім беру басқармасы басшысының міндетін атқарушы Света Аманшиева, «Атырау облысы білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіптік одағы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Қылышбай Сүндетұлы, аудан прокуратурасы, полиция бөлімі, аудандық білім бөлімінің қызметкерлері, мектеп директорлары қатысты.
Аудан прокуроры, аға әділет кеңесшісі Асхат Қасимов өз сөзінде мектеп оқушылары арасында құқықбұзушылықтың алдын алу, осы бойынша профилактикалық жұмысты күшейту, қылмыс жасауға бейім оқушыларды еш кедергісіз мектепішілік арнайы есепке алу және келеңсіздіктерді жасырмай, уақытылы құқық қорғау органдарына хабарлап отыру керектігін атап айтты. Ал облыстық білім беру басқармасы басшысының міндетін атқарушы Света Аманшиева ауданның білім беру мекеме басшыларына құқық қорғау органдарымен бірлесе отырып, мектеп оқушылары тарапынан қоғамдық тәртіптің сақталуына күш салу керектігіне тоқталды.
Жиында жасөспірімдер арасында құқықбұзушылық профилактикасының тиімділігі, балаларды мектепішілік және полиция бөлімінің есебіне қою, құқық бұзушылық жасаған жасөспірімдердің ата-аналарының жауапкершілігін шешу және т.б. мәселелер талқыланып, барлық мүдделі жақтардың қатысуымен жұмыс тобы құрылып, бірлескен іс-шаралар жоспары бекітілді.
Кездесу барысында күн тәртібіндегі мәселелер бойынша туындаған сұрақтарға нақты жауап беріліп, алдағы уақытта жастар арасындағы криминогендік жағдайды жақсарту мақсатында бекітілген жоспарға сәйкес шаралар атқарылатыны айтылды.
Өз тілшіміз