Жарнама
Жаңалықтар

Кейбір жеке мектептер жабылудың аз-ақ алдында тұр

Мемлекеттік тапсырыспен жұмыс істейтін жеке мектептерді қаржыландыру кешіктірілуде. Қазіргі таңда кемінде 80 млрд. теңгеге жуық қаражат жетіспейді.

Бұл туралы Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов Telegram-дағы арнасында хабарлады.

— Бірнеше жыл бұрын Қазақстанда жекеменшік мектептердің саны небәрі 25-30 ғана болатын. Бүгінгі күні олардың саны 800-ден асты. Бұл — Білім және ғылым министрлігінің (Оқу-ағарту министрлігі — ред.) мемлекеттік тапсырыс пен жан басына қаржыландыруды енгізген мақсатты саясатының нәтижесі. Осылайша, жеке мектептер желісі тез дамып, мемлекет мектептердегі үш ауысымдылық мәселесін, әсіресе оңтүстік өңірлер мен ірі қалаларда, шешуге мүмкіндік алды. Жүздеген мың жаңа оқушы орны құрылып, жүздеген мемлекеттік мектептер үш ауысымдылықтан құтылды. Мұны жоққа шығару мүмкін емес, — дейді депутат.

Оның айтуынша, жеке мектептерге әртүрлі көзқарас болуы мүмкін. Алайда мектептер арасында альтернатива мен бәсекелестіктің болуы жалпы жүйе үшін пайдалы.

— Қазір жеке мектептердің дамуы алаңдаушылық тудырып отыр. Көптеген мектептер, әсіресе ата-аналардан қосымша қаражат алмай, тек мемлекеттік тапсырыс есебінен жұмыс істейтіндері банкрот болудың аз-ақ алдында тұр. Неліктен? Өйткені мемлекеттік қаржыландыру үлкен кешігулермен түседі. Бұл тек есеп беру құжаттарындағы сандар емес — бұл мұғалімдердің жалақысы, коммуналдық қызметтер, салықтар. Оның үстіне, көптеген мектептер 2023 және 2024 жылдарға арналған қаржыландыруды әлі күнге дейін толығымен алмады. Бұл мәселе жекеменшік мектептердің жұмыскерлерімен болған кездесуде ашық көтерілді, өйткені тұрақты қаржыландырусыз мектептердің қалыпты жұмыс істеуі мүмкін емес. Биыл жағдай одан әрі нашарлауы ықтимал, — дейді Асхат Аймағамбетов.

Депутаттың айтуынша, жеке мектептерді қаржыландыру республикалық бюджеттен жергілікті бюджетке берілген. Алайда барлық әкімдік бұл өзгерістер туралы біліп, тиісті қаржыландыруды толығымен бөлмеген.

— Қазіргі таңда кемінде 80 млрд. теңгеге жуық қаражат жетіспейді. Жақын арада бұл мәселе шешіліп, мектептердің үздіксіз қаржыландырылуы қамтамасыз етіледі деп үміттенемін, — деп түйді сөзін Мәжіліс депутаты.

Дереккөз: KAZINFORM

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button