Кей тұрғындар «коронавирус жоқ» деген жалған ақпаратқа сенеді
Аtr.kz/11 маусым, 2020 жыл. Атырау облысының әкімі Махамбет Досмұхамбетов Covid-19 індетіне байланысты аймақтағы эпидемиологиялық ахуал жөнінде кеңес өткізіп, инфекцияның қаупін түсіндіру жұмыстарын тоқтатпауды тапсырды.
Қазір облыста қауіпті індетті жұқтырғандар саны 1272 адамға жетті. Оның 1022-сі — Теңіз кен орнында, ал 200-і — қала мен аудандарда тіркелген. Атырау облысының бас мемлекеттік санитар дәрігері Амантай Жұмағалиевтың мәліметінше, карантин енгізілген аудан және ауыл тұрғындары барынша сақ болуы керек. Өйткені, көп адам әлеуметтік желіде тараған «коронавирус жоқ» деген жалған ақпаратқа сенеді. Бұл аздай маска режимі мен арақашықтықты сақтамайды. Сондықтан, той-томалақ, қонаққа бару, сондай-ақ өзге де адам көп жиналатын шаралардан бас тартқан жөн.
«Әр адам бірінші кезекте өзінің сақтығын ойлауы керек. Одан соң туысқандары мен жақындарының денсаулығы үшін де абай болуы тиіс. Айналадағы адамдармен мүмкіндігінше арақашықтықты сақтау қажет»,- деді Амантай Жұмағалиев.
Ал, облыс әкімінің орынбасары Бақытгүл Хаменованың айтуынша, коронавирус індеті басталмай тұрып-ақ аймақта ауқымды дайындық жұмыстары мен алдын алу шаралары жүргізілген. Соның нәтижесінде қауіпті дерттің жаппай таралуына жол берілмеді.
«Өңірде Covid-2019 инфекциясы тіркелген кезде 130 кереуеттік инфекциялық стационар болса, қазір 595-ке, бастапқыда 1900 орынға есептелген карантиндік стационардағы орын 2328-ге жетті. Ал, 200 керуеттік провизорлық стационарды 263-ке дейін көбейттік. Бүгінгі күні инфекциялық стационардан — 773 науқас, провизорлық орталықтан — 429, сондай-ақ, карантиндік стационардан — 2255 науқас емделіп шықты»,- деді облыс әкімінің орынбасары Бақытгүл Хаменова.
Облыс әкімі Махамбет Досмұхамбетов аудан әкімдеріне сақтық шараларын күшейтуді тапсырды. Әсіресе, инфекцияның таралуына жол берілмеуі қажет. Ең бастысы, халыққа коронавирустың қаупі туралы түсіндіру жұмыстарын тоқтатпауды жүктеді. Бұған дейін Атырауда саябақтар мен алаңға баруға тыйым салынып, Ақкөл ауылы карантинге жабылғанын хабарлаған едік.
«ҚазАқпарат»