2018 жылы Қазақстанда 300 электромобиль құрастырылады

1 7 Жаңалықтар

Келесі жылы Қазақстанда құрастырылатын «JAC» маркалы 300 электромобиль тұтынушыларға жол тартады деп күтілуде. Жағымды жаңалықты Елордада өткен «Қазақстанның өнеркәсіптік саясаты: еңбек өнімділігін арттыру арқылы кәсіпорындардың бәсекеге қабілеттілігін арттыру» атты форумда отандық автоөндірушілердің өкілі Сергей Могилатов жеткізді.

1

Өзара серіктестіктің арқасында «JAC» модельді электромобильдер сериясын Қазақстанда шығару қолға алынып отыр. Көп ұзамай сертификаттау жұмыстары да басталады.

2

«Егер электромобильдердің нақты осы моделін шығаруға қатысты айтар болсақ, алғашқы партия алдағы жылы шығарылмақ. Олардың саны шамамен 300-ге жуықтайды деп жоспарлануда. Ал, ауқымды түрде шығаруды 2019 жылға қарай жүзеге асыруды ойлап отырмыз. Алайда, аталған көліктердің бағасы шамамен қанша болатынын әзірге айта алмаймыз. Яғни, сертификаттау жұмыстары толық аяқталмайынша, құны қанша болатыны белгісіз. Сертификаттың соңғы бағаға әсері ететіні белгілі. Әйтеуір, бір анығы, Қазақстанда құрастырылған электромобильдердің бағасы қарапайым автокөліктерден қымбат болмайды»,-дейді ол.

3

Қалай десек те, бұл – жаңа технологияның еліміздегі алғашқы қадамы. Осы орайда, көптің көкейінде «мұндай көліктердің элеткр қуаты таусылып қалмай ма?» деген сұрақ туындайтыны белгілі. Сондықтан, ең алдымен, электрлік инфрақұрылымды жолға қойып алу керек.

«Қарапайым жанар-жағармай құю бекетінде 3-5 минут аралығында көлікке бензин құйып аламыз. Ал, түнімен қуаттанатын электромобильдер тәулік бойы жүре беретіндей жағдай туғызу қажет. Сонымен бірге, жақын бекетте 10 минуттың ішінде қуат көзін 80 пайызға толтырып алатындай мүмкіндікті де қарастырған жөн. Әр электромобильде екі порт бар. Оның бірі көлікті тұтынушылардың өздері, екіншісі бекеттен қуаттандыруға арналған»,-дейді қазақстандық автоөндіруші.

Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз