Атырауда аймақтық қазынашылар спартакиадасы өтті
Atr.kz/ 17 сәуір, 2019 жыл. Биыл Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Қазынашылық комитетіне 25 жыл. Осы мерейлі датаға орай Атырау спорт кешенінде Батыс өңірі қазынашыларының спартакиада ойындары өтіп, екі күнге созылған осы жарыста Батыс Қазақстан, Ақтөбе, Маңғыстау және Атырау облыстарының қазынашылары спорттың үстел теннисі, шағын футбол және волейбол түрлері бойынша өзара үздіктерді анықтады.
Жарыс қорытындысында үстел теннисі бойынша өткен жарыста Ақтөбе және Батыс Қазақстан облыстарының ойыншылары ақтықтық сынға шығып, тартысқа толы ойында ақтөбеліктердің мерейі үстем болды. Жүлделі үшінші орынға атыраулық қазынашылар ие болды.
Волейболдан өткен жарыс та қызықты өтіп, бұл бәсекеде де Ақтөбе командасы үздік шықты. Финалда олар атыраулық топты қапы қалдырды. Ал, қола медаль оралдықтардың еншісінде кетті.
Қазынашыларды қызыққа кенелткен шағын футбол жарысының финалында маңғыстаулықтар мен ақтөбеліктер кездесіп, Каспий жағалауынан келген команда жеңіс жалауын желбіретті. Жеңіс тұғырындағы жүлделі үшінші орынға атыраулық команда жайғасты.
Спорттың осы үш түрі бойынша жалпыкомандалық есепте Ақтөбе облысының қазынашылары жеңіске жетіп, жерлестеріміз екінші сатыдан көрінді. Үшінші орын Маңғыстау командасына бұйырды.
Мұратбек ЖАҢАБАЙ