Қазақстанда жасалған көліктер экспортқа шығарылып жатыр
Atr.kz/18 қыркүйек, 2019 жыл. Қазақстанда жыл басынан бері 28 611 көлік құрастырылып, оның 1 320-ы экспортқа шығарылды.
Отандық өндірістегі автокөліктерге деген сұраныс дағдарысқа дейінгі көрсеткіштерге жетіп отыр. Осы жылдың қаңтары мен тамыз айларының аралығында автоөндірушілер 28 611 дана техника (+46,9%) шығарған. «Машина жасау саласы елдің индустриялық-инновациялық дамуының басым бағыты болып қалуда. Өндіріс көлемі бір жарым есе өсіп, өсім қарқыны жыл соңына қарай кемінде 40 мың автокөлік шығаруға мүмкіндік бергелі отыр. Сонымен қатар, биыл біздің болжамымыз бойынша, еліміздің автомобиль нарығы 78 мың жеңіл және коммерциялық техникаға дейін өседі», – дейді Қазақстан автобизнес қауымдастығының вице-президенті Анар Мақашева.
Қазақстан автобизнес қауымдастығы ұсынған мәліметке сүйенсек, Қазақстанда жыл басынан бері 25 586 жеңіл автокөлік (+40,5%), 1 658 ауыр жүк көлігі (+142,4%), 780 автобус, 540 тіркеме мен жартылай тіркеме (+90,8%), 47 дана өзге де мамандандырылған техника өндірілген. 8 айдың қорытындысы бойынша, Қостанайдағы «СарыарқаАвтоӨндіріс» кәсіпорыны көш бастап, 13 092 дана көрсеткішпен жеңіл, жүк автокөлік пен автобус шығаруды екі есе ұлғайтты.
Өскемендегі «Азия Авто» кәсіпорнында 13 107 авто (+14%) құрастырылды. Семейдегі «Семаз» компаниясы 774 жүк көлігі мен автобусты, Көкшетаудағы «КАМАЗ Инжиниринг» 494 жүк көлігін, «Hyundai Trans Auto» 180 бірлік коммерциялық техниканы, «Daewoo Bus Kazakhstan» 179 автобус шығарған.
Дереккөз: «ҚазАқпарат»