ҚАЗАҚТЫҢ ҚЫЗДАРЫ БАР АЙДАЙ СҰЛУ…
Шыны керек, қыздардың бәрі тыңғылықты дайындалып, ұлттық нақыштағы әдемі көйлектерін киіп шықты. «Кемшілік ханның қызында да болады» демекші, өзін таныстыру кезінде жаттап алған өлеңінің сөзін ұмытып қалғандар да, мақал-мәтелдің мәнін ашуда сәл ауытқыған, сайыскерлер де кездеспей қалмады. Ал, өз өнерлерін көрсетуде қыздардың сан қыры ашылды десе болады. Олардың бірі қолөнерден құралақан еместігін көрсетсе, енді бірі әдемі даусымен ән салып берді.
Болашақ мамандықтарының киім үлгісін көрсету сайысында қыздардың бірі мейірбике, екіншісі ұстаз, үшіншісі мұнайшы болып киініп, таңдаған мамандықтары жайында толық әрі терең түсіндіріп берді. Ал, болашақ эколог — Мақпал аэродизайнмен үстіне түрлі-түсті шарлардан көйлек киді. Рас, бұл көрініс әсерлі де әдемі шықты. Аздаған үзіліс кезінде ұлттық киімдегі қыздардың залдағы көрермендерге бауырсақ таратқандары да қазақы дәстүрімізді ашып, байқау мәнін әрлендіре түскендей болды.
Төрт жарым сағатқа созылған байқау қызықты өткендіктен көрермендер еш жалықпады. Әділқазылар алқасының төрайымы болған облыс әкімінің орынбасары Айгүл Әжіғалиева, алқа мүшелері облыс әкімі жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссия мен «Қазақстанның іскер әйелдері қауымдастығы» облыстық филиалының мүшелері — Мәдина Ғабдісәлімова, Нұржиян Абдолова, Злиха Дүйсекенова, Нұрлы Әйтиева, Бақыт Барсай, Гүлнар Мәмбетовалар жүлделі орындарды салтанатты жағдайда табыстау құрметіне ие болды. Сонымен байқау қорытындысымен қыздардың бір тобы «Бұрымды ару», «Өнерлі ару», «Парасатты ару», «Байсалды ару», «Инабатты ару», «Кішіпейіл ару», «Сымбатты да сұлу ару» марапаттарына ие болды. Бірінші орын — Үміт Өтекеева, екінші орын — Әлия Бисенова, үшінші орын Әсел Кенжәлиеваға бұйырды. Ал, бас жүлде Мәдина Нұрланованың қанжығасына байланды.
Алғашқы байқау осылайша өз мәресіне жетті. Жеңімпаз қыздар арнайы дипломдармен, бағалы сыйлықтармен марапатталды.