«Қазақстан таланттары» конкурсында атыраулық өнерпаздар топ жарды
Atr.kz/ 27 наурыз, 2019 жыл. Ақтау қаласында өткен халықаралық «Қазақстан таланттары» атты конкурста Атырау қаласындағы Оқушылар орталығының бишілер тобы жүлдемен оралды.
Әлемнің бірқатар елінен қатысушылар бақ сынаған өнер байқауында атыраулық үш-жеті жас аралығындағы «Арман-ай», бес-сегіз жастағы өнерпаздардан құралған «Әсем-ай», сегіз-он екі жастағыларды қамтитын «Еркетай» би ансамбльдері бірінші орынды жеңіп алды. Олар «Қуаныш» атты қазақ биі, «Ладошка», «Ягодка малина» билерін нақышына келтіре орындап, көпшілікті сүйсіндірді. Ал, жеке дара өнер көрсеткен Ақбілек Қамысбекова «Айгөлек» биімен екінші орынға ие болды.
Кішкентай өнерпаздардың бұған дейінгі жеткен жетістіктері де аз емес. «Биыл Алматы қаласында ұйымдастырылған «Бейбітшілік әлемі», «Күн шуағы» атты республикалық, халықаралық конкурстарға қатысып, бас жүлдемен оралдық. Біздің бишілер қалалық, облыстық деңгейде өткен сайыстарда да талай мәрте топ жарып жүр. Бұл ретте осы өнер жолын таңдап келген кішкентай өнерпаздарға бидің құдіретін ұғындырып, таланттылардың қанатын қатайту бағытындағы жұмыстар жалғаса береді» деді оқушылар орталығының би үйірмесінің жетекшісі Жанат Тілеуғалиқызы.
Алтыншаш ҚҰРМАШЕВА.