Ойыл өзені жойылып кете ме?…

whatsapp image 2021 09 22 at 18.19.19 Жаңалықтар

…Cу шегінді.

Жаға да көрді мұны.

Осы ма екен тағдырға көндігуі?..

Арғымақтай алтынжал арна қайда,

Асып-тасып жататын желді күні! – деп ақын жырлағандай, суалған Ойыл өзенінің жағдайы Ақтөбе облысындағы Мұғалжар, Темір, Ойыл, Қобда және Атырау облысының Қызылқоға аудандары халқының шымбайына батып отыр.

Бүгінде бұл өзен жағалаған жұрттың уайымына айналған. Кезінде өзен суының үстіне қойылған бірнеше көпір – енді ескі құрылыс нысаны ғана.

Ойыл оңалмай тұр

Ойыл өзені о бір заманда көне Хазар теңізіне барып құйған сулы да нулы, ірі өзендердің бірі болды. Бүгінде оны «Ақтөбе облысындағы Қандыағаш теміржол станциясының терістік-батысына қарай 50 шақырым жерден басталып, Тайсойған құмына кіре бере бірнеше тармаққа бөлініп, Дендер тауы тұсымен ағып өтіп, Жайық өзеніне дейінгі елдің тынысын ашқан, балығы тайдай тулаған, бақасы қойдай шулаған құтты мекен болды» дегенге ешкім сене де қоймас.

«Судың жолын құм бөгер…» демекші, арнасы кеңестік дәуірде бірнеше жерден бөгеліп, бүйір бұлақтарының көзін құм басқан. Жайылымдағы малы мен шабындығының шырайын келтіруді ойлаған өзеннің жоғары жағындағы ағайын өзі отырған қоныста судың мол болуы үшін бөгеттер тұрғызуды бұдан алпыс жылдай бұрын бастап кеткені рас. Содан бері жасанды бөгеттер мен сорғылардың әсерінен табиғи ағысын жоғалтқан өзеннің жағдайы мүшкіл халде.

Бұған былтыр газет бетінде біздің арнайы назар аударып, белгілі қайраткерлермен бірлескен түрде бастаған ісімізді табиғат жанашырлары мен қоғам белсенділері қолға алып, тиісті орындарға сауалдарын жолдап келеді. «Atyray`» қоғамдық-саяси газетінің «Ойыл-Қиыл-Жем-Сағыз» эко-логиялық жобасы аясында былтырдан бері проблемалық мақалалар топтамасы жарық көрді. Мәселеге тез бет бұрған Қызылқоға ауданының әкімдігі мен аудандық мәслихаттың депутаттары Ойыл өзенінің тасымау себебін анықтау және зерделеу мақсатында Ойыл жанашырларымен бірге экспедициялық топ құрып, бірнеше рет Ақтөбе облысының Ойыл, Темір, Мұғалжар, Қобда аудандарында болды. Көктемгі өр суының Атырау облысы аумағына толық келмеуіне иесіз бөгеттер мен заңсыз тосқауылдар кедергі келтіріп отырғанын анықтады.

«Ойыл-Қиыл-Жем-Сағыз» эко-логиялық жобасы арқылы көтерілген проблемаға республикалық дәрежеде алаңдаушылығын алғаш білдірген Парламент Мәжілісінің депутаты Дүйсенбай Тұрғанов еді. Мұны шешудің жолдарын қарастыруды сұрап, Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Асқар Маминге депутаттық сауал жолдаған еді. Мәселенің маңызына айрықша назар аударып, Атырау және Ақтөбе облыстарының әкімдеріне, республика Бас Прокурорының атына да бұған ерекше көңіл бөлінуін сұрап хат жазды.

Соған қарамастан, мұның өз дәрежесінде шешілмей жатқанына орынды наразылығын білдіріп отырған табиғат жанашырлары өз бетімен тиісті іс-әрекеттерді қолға алды.

Бөгет бұзу жалғаса ма?

«Құдайдан келген апат болмаса, адам қолымен жасап отырған дүниені түзеуге болады ғой» дейді белсенділер. Расында да, белсенділер болмаса малына бітік жайылым, тәніне азық іздеген халықтың жағдайын ешкім ойламай ма екен?!

Табиғат жанашырларының тындырымды  ісін жоққа шығаруға әсте болмас. Әйтсе де, тамыз айында Атырау облысына республика Экология, геология және табиғи ресурстар вице-министрі Серік Қожаниязов бастаған жауапты құрылымдардың қызметкерлері жұмыс сапарымен келуіне де Парламент депутаттары Ғұмар Дүйсембаев, Дүйсенбай Тұрғанов, Сәлімжан Нақпаевтардың ықпалы зор болды.

Ақтөбе және Атырау облыстарының белсенділерімен кездескен министрлік өкілдеріне жергілікті тұрғындар Ойыл өзенінің төменгі ағысында су көлемінің мүлде азайып кеткенін, оған негізгі салаларда бөгеттің көптігі себеп болып отырғанын айтып тағы да дабыл көтерді. Бұған вице-министр Серік Салауатұлы халықтың қойып отырған талабы орынды екенін, екі облыстың әкімдігімен бірлескен жұмыс жасалатынын, заңсыз салынған бөгеттердің бұзылатынына жұртшылықты сендірген еді.

Биыл мамыр айында экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің өкілдері табиғат жанашырлары, Ақтөбедегі облыстық және аудандық әкімдіктер өкілдерімен бірге жүріп, Ойыл өзенінің Мұғалжар, Қобда, Темір және Ойыл аудандары аумағындағы бассейнінде барлығы 57 гидротехникалық құрылғының барын анықтаған болатын. Мұнша гидроқондырғының 8-і – республикалық, 3-еуі – коммуналдық меншікте, 34 иесіз бөгет, 5 көпір немесе көтерме жол және 7 бұлақ тазартуды қажет етеді екен.

Қызылқоға ауданындағы кездесуден кейін, министрлік өкілдері бастаған жауаптылар кездесу хаттамасында көрсетілген Ақтөбе облысындағы Шығырлықұмды өзені мен Шілікті сайындағы бөгеттерді аршып, тазалауды бастады. Көп ұзамай, жанашырлардың маздаған үміті сөнген шамдай жалп етті. Өйткені, бөгеттерді бұзу жұмыстары жалғаспай жатыр. Олардың алаңдайтыны –егер қалған бөгеттер желтоқсанға дейін бұзылмаса, келер көктемде өр суы Ойыл өзенінің төменгі арнасына тағы да жетпейді.

Оның үстіне қазір Ақтөбе облысында «Бұқа» плотинасын қоспағанда, 10 бөгетті заңдастыру жұмыстары жасалып жатыр. Бұл да өзекті мәселе. Өйткені, табиғи арнаны үйінді топырақпен қолдан күреп бітеу арқылы заңдастыру және оны су бөгеті түрінде коммуналдық меншікке өткізу – қолданыстағы заңнамаға қайшы әрекет.

Ата-бабамыз «Көтере алмасаң қосып арқала» деген сөзді осындайда айтса керек.

****

Бисенбай Нысанбаев, Ақтөбе облысы Ойыл ауданы Көптоғай ауылының тұрғыны:

– Қойшының баласы болғандықтан, жыл он екі ай Ойыл бойындағы тіршілік маған етене таныс. Ес білгеннен өзен жағалап қой бағып, балық аулап, суға түсетінбіз. Ол кезде өзен өте терең, кез-келген жерден суға түсу қауіпті еді. Балықтың түрі болды. Тастама қармақпен екі метрлік жайын алдық десем, ешкім сенбес. Ойылдағы құм басқан қазіргі арнасын көргенде, сол өзен маған теңіз сияқты елестейді.

Әрине, өзеннің бұлайша тартылуына жауын-шашынның қажетті мөлшерден аз болуы, бұлақ көздерінің ластануы, басқа да себептер бар. Дегенмен, одан да сорақы жайттарға көзіміз жетіп отыр. Ойыл өзенінің жанашырлары тізе қосып, дауыстары жеткен жерге дейін жанайқайын айтып, Үкімет пен тиісті ведомстволарға, жергілікті әкімдіктерге, Парламент депутаттарына хат жазып, кездесулерде айтып келеді. Бәрі тыңдаған, естіген болады. Бірақ іске келгенде шалағайлық басым.

Басты мәселе – өзен арнасының бөгеліп, кім болса соның иелік етуінде. Олар осы өзеннен нәр алып отырған төменгі сағасындағы ел-жұрттан өз мүдделерін  жоғары қойып отыр. Темір, Мұғалжар аудандарында өзенді бөгеп, күн көріп отырған бес-алты жеке қожалық иесі бар. Негізгі арна бөгеулі болғандықтан, көктемде өр суы өзенге құйылмайды. Өзенде ағын болмаған соң бұлақ көздері де бітеліп қалған. Қазір Қызылқоға, Ойыл, Темір аудандары аумағындағы өзен арналарында су жоқ.

Сондықтан, өзен арнасы және оған құятын сай-салалардағы бөгеттерді күз айында жедел бұзу керек. Алдымыз – қыс. Осыған қатысы бар барлық басшы азаматтар халық тілегіне құлақ асса екен. Ақтөбе облысы әкімдігінің көңіл бөлмей отырғанын көріп отырмыз. Шырылдап жатқан халықтың мұңын естімесе, мал ұстай алмаған халық көшіп тынады ғой. Бұрын 12000 гектар шабындық жерге шөп шығатын, қазір су болмағасын шөп те жоқ.

Есбол Мәуениязов, Ақтөбе облысы Темір ауданы Сарытоғай ауылының тұрғыны:

– Ойыл жанашырлары бұлақ көздерін ашу жөнінде бастама көтергенде, ауылдың жігіттерімен бірге бұлақ көзін аршып, өзеннің қамысын шаптық. Біз өзеннің жағдайы жылдан-жылға нашарлап бара жатқанын көріп отырмыз. Қызылқоға мен Ойыл аудандарында қалыпты өмір сүрудің өзі ауырлап барады. «Өзен жағалағанның өзегі талмас» деп бабаларымыз керемет айтқан. Енді талған өзекті немен жалғар екенбіз?..

Былтырдан бері қызылқоғалықтар мен ойылдықтар Ойыл өзенінің экологиялық жағдайын, оның пайда болу себебін дәлелдеп, жұртшылыққа жария етті. Темір ауданында ең алғаш Ойыл жанашырларын қолдаған сарытоғайлықтар күндіз-түні бұлақ аршып, қамыс шауып тер төкті. Жұмыстарды жандандыруға әлі де дайын.

Бірақ экологиялық апат ұлғайып барады. Бастау бұлағы көп, жауын-шашын мол түскен Ойыл соңғы рет осыдан алты жыл бұрын тасыды. Сонда айнала нуға оранып, суы мөлдіреп, қайраңнан аппақ топырағы көрініп жататын. Балық шоршып, ақ сазандар бұлқынып жүзетін. Ауыл іргесінен, шамамен екі жарым-үш шақырымдай жерден аққан өзеннің бойындағы екі сарқыраманың дауысы тымық күндері гүрілдеп естіліп жататын…

Қазір бәрі басқаша. Балалық шағымыздың естелігіндей қалың өскен тоғайдың орнын құм басып барады. Құмның түсі де сұрықсыз. Ауаның ылғалмен қалыпты қанықпауынан жер құрғап, күнде шаңды дауыл тұрады. Көні кепкен иесіз мал өзен табанын жайлап, бұлақ көзін таптайды, өзекті бүлдіреді. Бөгеттер, су қоймалары заң талаптарына сай емес. Тіпті, жазда Алтықарасуға жақын жердегі өзекте қырылған балықтың себебі зерттелуде.

Ең басты тақырып – заңсыз бөгеттерді ашу. Бұл Ойыл жанашырларының талабы!

Алмас ҚАБДОЛОВ

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз