Кассада ЖОҚ… Қайда БАР?
Atr.kz/20 тамыз, 2019 жыл. Жылдың қай мезгілінде де, әсіресе, жаз айларында жолаушы пойыздарына билеттің тапшылығы, билетсіз жол жүретіндердің көбейіп кететіні жасырын емес. Бұл мәселені облыстық «Атырау» газеті ұдайы көтерумен келеді. Биылғы шілдеде жарық көрген «Билетің бар ма, жолаушы?» (№57. 26.07.2019 ж.) атты мақалада өзекті проблемаға көңіл бөлінді. Одан бері не өзгерді, газет көтерген мәселенің түйіні тарқатылды ма?
Билетсіз… 90 жолаушы
Атырау магистралды желі бөлімшесінің директоры Елеубай Сапаровтың айтуынша, жолаушылардың жол құжатынсыз вагондарға отыруы, жасанды билет тапшылығы, вагондар сапасының төмендігі бүгінгі күннің өзекті проблемаларының бірі болып қалуда. Мәселен, Атырау теміржол вокзалы жарты ғасырға жуық уақыт бұрын 500 орынға лайықталып тұрғызылған. Миграцияның ұлғаюына байланысты бүгінде бұл ғимарат жолаушы тасқынының астында қалғандай. Қазіргі уақытта вокзал арқылы тәулігіне мыңнан астам адам өтеді.
– «Жолаушылар тасымалы» АҚ Атырау телімінде 4 пойыз құрамасы бар. Олар Алматы, Нұр-Сұлтан, Ақтөбе және Маңғыстау бағыттарында жүреді. Атырау вокзалындағы 16 кассаның төртеуі осы телімге қарайды, оның екеуі тәулік бойы қызмет көрсетеді. Қалған 12-сі – коммерциялық кассалар. Билеттер онлайн режимде сатылады. Сондықтан, билетті жасырын ұстап қалу мүмкін емес. Бос орындар бақыланып, қадағаланып отырады. Бізде алыпсатарлыққа жол берілмейді, — дейді телім бастығы Әлмұқан Есқалиев.
Алайда, кассаға барсаң билет жоқ, пойызға мінсең бос орын тұрады. Көліктік бақылау инспекциясының маманы Жақсығали Іздебаевтың айтуынша, биылғы алты айда жүргізілген тексерулердің нәтижесінде билетсіз жүрген 90-ға жуық адам анықталған. Ал, елордаға қатынайтын «Тальго» жүрдек пойызы шығынды ақтамағандықтан тоқтатылыпты.
Қыста – салқын, жазда – ыстық
Жолаушылардың жиі көтеретін мәселесінің бірі – қыс айларында жолаушы вагондарының салқындығы. Осындай жағдай 2017 жылы «АтырауАстрахан» пойызында орын алған. Бұл көмірдің сапасыздығынан болыпты. Ал, ондай отынды кім ұсынды, қайдан алынды, неге қадағаланбаған?
Алайда, бұл жағы беймәлім күйінде қалған. Көлік
прокуроры Самат Қожанбердіұлының түсіндіруінше, мұндай фактілерді дер мезгілінде хабарлап, шарасын алып отыру керек. Мердігер мекеме өз міндетін орындамағаны немесе салғырт қарағаны үшін жауап беруі тиіс. Прокуратураға билет сатушы кассирлердің клиентпен дөрекі сөйлесетіні, сұрағына дұрыс жауап бермейтіні турасында да шағымдар түсіп жатады екен.
Желілік полиция бөлімінің бастығы Жанболат Есенбаевтың пікірінше, пойызда жолаушыларға қызмет көрсету деңгейінің төмен болуына вагондардың ескілігі, қайсыбірінің жарамдылық мерзімі асып, тозғандығы себепші көрінеді. Қазір қолданыста жүрген вагондардың пайдалануға берілгеніне 30-40 жыл болып, әбден ескірген.
Көпшілігінде салқындатқыш жоқ, терезе-желкөздері ашылмайды. Міне, осы себептен, жаздың ыстық айларында ауа тарылады, қолайсыздық туындайды.
Шығыны көп шара
Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, жыл ішінде болат жолдың бойымен сапарлайтын 18 млн. жолаушының тең жартысы жаз айларында жолға шығады. Яғни, адамдардың теміржол көлігімен ең көп жүретін кезеңі осы болса керек. Жылдың басқа мезгілдерінде жолаушы вагондарының жүктемесі 50%-дан аспайды екен. Қазір «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясының қарамағындағы жолаушы вагондарының саны 2 200-ді құрайды. Ал, жаз мезгіліндегі сұранысты қанағаттандыру үшін бұған қосымша 300-400 вагон қажет.
Ұлттық компанияның еншілес кәсіпорны – «Жолаушы тасымалы» АҚ-ның өкілі Данияр Айдархановтың айтуынша, маусымдық қажеттілікті өтеу үшін қосымша вагондар алып, қосалқы жылжымалы құрамды ұстау экономикалық тұрғыдан тиімсіз саналып отыр. Бұл орайда компанияға мемлекеттік қолдау лизингілік бағдарламалар түрінде ғана көрсетіледі. Сөйтіп, қолданыстағы паркті жаңа вагондармен алмастырып, толықтыруға болады. Әйтсе де, ескілерін есептен шығаруға кем дегенде он жыл уақыт керек.
Егер қосымша жылжымалы құрам жұмсалған қаражатын ақтамаса, қызмет көрсетуші кәсіпорынды қыруар шығынға батырады. Оның орнын толтыру билет құнын қымбаттату арқылы ғана жүзеге асырылады. Осы жерде жолаушы пойыздарының жаз айларында, яғни, жылдың төрттен бір бөлігінде ғана көбірек сұраныста болатынын ескерсек, билет бағасының төрт есеге дейін өсіп, шарықтап кетуі де заңды құбылыс сияқты. Салынған инвестиция осылай ғана қайтарымын береді.
Қысқасы, резерв паркін пайдалану – шығыны көп шаруа. Өткен жылдың күзінде қолданысқа енгізілген пойыздар қозғалысы динамикасын бақылаудың электронды жүйесі қай бағыттағы рейс жүктемесінің толық екенін, сұраныстың көп, ал, қайсысына мүлдем жоқ екенін алдын ала біліп, болжап отыруға мүмкіндік береді. Соның арқасында тәуліктеп бос тұрып қалатын вагондарды «ыстық нүктелерге», яғни жолаушы көп жүретін бағыттарға қарай ығыстыруға болатын сыңайлы. Сарапшы-мамандардың пайымдауынша, бұл сұранысты қанағаттандырып, жолаушыларды уақытылы әрі өз бағасына билеттендіру мәселесін шешуге әсерін тигізуі ықтимал.
«Мобиустың» мүмкіндігі шектеулі
Көлеңкелі билет бизнесі – жол жүру құжатының тапшылығын қолдан жасаудың қалыптасқан жолы. Білгеніміздей, бұл «кәсіппен» айналысатындар түрлі есімдерді пайдаланып, халықтың ең көп қатынайтын бағыттарына билеттерді алдын ала сатып алады екен. Кейін оны бір жарымекі, тіпті үш есе артық бәсіне билет таба алмай жүргендерге кері сатып жібереді. Осылайша, олар орташа есеппен алғанда күніне 150-200 мың теңгеге дейін «табыс» табады екен.
Осындай жолсыздықтардың жолын кесуге арналған «Мобиус» электронды жүйесінің өзі жолаушының жеке сәйкестендіру нөмірі базасына кіре алмағандықтан, қандай да бір қарекет қылуға дәрменсіз болып отырған тәрізді. Аталған жүйе қолданысқа биылғы шілдеден бастап енгізілген. Сондықтан, бұл 45 күн бұрын сатыла бастаған билеттердің қозғалысын (қашан, кімге, қай бағытқа, қаншаға сатылғанын) толықтай бақылай алмайды. Ал, «Күту бетшесі» жобасымен сатылған билет бойынша жолаушы саны толық рейстерге ғана өтінім беріліп, қолында билеті жоқ адам пойыз жүрер алдында ғана жол жүру құжатын тапсырған немесе кешігіп қалған жолаушының билетін сатып алу мүмкіндігін иеленеді.
Дәулетқали АРУЕВ