Каспий теңізінің Маңғыстау жағалауында итбалықтардың жаппай қырылуы тіркелді
Каспий теңізінің Маңғыстау жағалауында тағы да итбалықтардың жаппай қырылуы тіркелді. Мамандар келіп жеткенше олардың көбін көміп те тастапты. Қолға түскен кейбірін лабораториялық тексеру айтарлықтай нәтиже бермеді. Өйткені, оқиғаның болғанына біраз күн өтіп кеткен екен. Жалпы, осындай жайлар не себепті орын алып жүр? Енді соны саралап көрелікші.
Айдында да аштық бар
Жалпы, итбалықтардың жаппай қырғынға ұшырап, жағалауға шығып қалу деректері бұрын да болған. Талай тексеру жүргізілген. Кейбір сәттерде мұнай компанияларының кінәсі жоқтығы айтылып жатады. Өйткені, жануарлардың асқазанынан «қара алтын» қалдықтары немесе өзге де улы қоспалар табылмайды. Әйтсе де, бұдан теңізде жүргізіліп жатқан бұрғылау жұмыстарының айдын ахуалына еш әсері жоқтығы жөнінде қорытынды шығаруға болмайды. Себебі, осындай ауқымды шаралардың салдарынан итбалықтардың табиғи ортасына нұқсан келтірілді. Ал, мұндай жағдай неліктен қалыптасып отыр?
Алдымен, итбалықтардың жемі азайды. Олардың негізгі қорегі болып табылатын шабақтарды жаппай аулау салдарынан соңғыларына қазір мүлдем құрып кету қаупі төнді. Ғалымдардың пайымдауынша, қазір итбалықтар өте ұсақ балықтармен ғана қоректеніп жүр екен. Тіпті, кейде қарапайым құрттарды да қанағат тұтады. Содан соң итбалықта күш-қуат болар ма? Әсіресе, аналықтары күшіктеген соң әбден әлсіреп қалады.
Ал, судағы сансыз шабақтар қайда кетті? Біріншіден, оларды тағылықпен жаппай аулау орын алған. Теңіздегі басқа балықтарды ұстауға лимит болғанымен, бұлардың тобымен торға түсуіне тыйым жоқ. Екіншіден, олардың да табиғи ортасына қатер төнді. Бұрғылау жұмыстарының қарқын алуы, соның салдарынан залалды заттардың бөлінуі шабақтардың да тыныш тіршілігін бұзды.
Одан әрі, ғалымдар теңіздің суы ластанып келе жатқандығын айтады. Егер Каспий шындығында үлкен көл екендігін ескерсек, онда мұндай пікірмен де санасуға тура келеді. Аумағы қаншама ауқымды делінгенімен, сырттан құйылатын немесе ағып шығатын ірі су көзі жоқ. Теңізге құятын ірі өзендердің бірі Жайық десек, оның да мүшкіл күйі белгілі. Арнасы азайып, суы сарқылып жатыр. Мұндай үрдістің алдағы уақытта та жалғасатын түрі бар. Оның үстіне, тағы да айтамыз, теңіздегі бұрғылау жұмыстарынан қайткенде де зиянды қалдықтар бөлінеді. Ал, оның айдын төсіне теріс әсер ететіні кәміл.
Сонымен қатар, теңіз жануарлары да ауырады. Мәселен, Каспий итбалықтары 2000 және 2001 жылдары жаппай дертке шалдыққан-ды. Мұндай жағдай 1989 және 2002 жылдары Солтүстік теңізде де болыпты. Зерттеушілер мұны түрлі вируспен байланыстырғанымен, нақты себебін анықтай алмаған.
Сонымен, айдында да аштық бар. Итбалықтардың өздері де, олар қоректенетін ұсақ балықтар да теңіз түбінен бұрынғыдай тоя тамақ жей алмайды. Бұл олардың ағзасын бұзып, жаппай қырылуына соқтырады.
Тарылған табиғи орта
Бұдан біраз жыл бұрын теңіздің Қазақстан жағалауында қолға түскен жеті итбалыққа белгі салынып, айдынға қайта жіберілген. Олардың екеуі ересек, өзгесі жас екен. Содан соңғылары бірнеше шақырым суда жүзіп, 10-20 күннен кейін қайтып оралған. Бұл нені көрсетеді? Демек, Каспийдің біздің бөліктен басқасында итбалықтар мекендейтін орын да қалмағаны ғой. Әсіресе, Иран мен Әзербайжан жағалауы әбден ластанған. Ал, бұларда ондаған жыл бойы теңіз түбінен мұнай өндіріліп келеді. Демек, бұрғылау жұмыстары итбалықтардың қалыпты тіршілігіне кері әсерін тигізген.
Ендеше, олардың өмір сүруі үшін оңтайлы орынды қолдан жасауға бола ма? Мәселен, теңіздің бір бөлігін ойып алып, сол жерде итбалықтар мекенін орналастырса ше? Айдын бетінде бұған бейімделген аралдар аз емес. Ғалымдар мұндай мүмкіндікті те жоққа шығармайды. Рас, теңіз төсінде еркін жүзген итбалықтарды да, олар қоректенетін өзгелерін де торға қамағандай ұстап тұру қиын шығар. Бірақ, тығырыққа тірелгенде осындай қаракетке баруға да тура келеді.
Соңғы жылдарғы зерттеулер көрсетіп жүргеніндей, итбалықтардың жаппай қырылуына теңіз температурасының тым жылынып кетуі де себеп екен. Мұнда мұз құрсауы ауыр құрылуда. Жалпыға мәлім, итбалықтар мұзда туады. Бұл кішкене тіршілік иесінің иммунитет жүйесінің қалыптасуына оң әсер етеді. Міне, осындай жағдай болмағандықтан, итбалық күшіктері де жиі қырғынға ұшырайды.
Бұрынғы жылдары Атырауда ресейлік ғалымдардың қатысуымен ұйымдастырылған семинарда Солтүстік Каспий жобасы жүзеге асырылғанға дейін теңіздің қазақстандық жағалауын қанша итбалық мекендегенін сұраған едік. Өкінішке қарай, мұндай мәлімет жоқ екен. Демек, кезінде ешқандай зерттеу жұмыстары жүргізілмеген. Осының өзі айдынды мекендеген жануарлар тіршілігіне жете назар аударылмағандығын көрсетеді.
Оның үстіне, жұртшылық инвесторлар қаражатына жасалған зерттеу шараларына сенбейді. Өйткені, кім ақшасын төлесе, соның сөзін сөйлейді деп есептейді. Әрине, мұндай түйіннің де тамыры тереңде. Себебі, қаржысын шығарған компания өзіне тиімді нәтиже болғанын қалайды. Мұндайда ғалымдардың ар алдындағы адалдығына, қара қылды қақ жаратын турашылдығына иек артуға тура келеді. Әйтпесе, жұмбақ жай шешуі табылмай, сол күйінде қалады.
Сонымен, табиғи ортасы тарылған итбалықтар қайда барады? Қазір олар үшін оңтайлы саналған Каспийдің қазақстандық бөлігінде де мұнай алынып жатыр. Мұнда өнім көлемі алдағы жылдары қазіргіден де еселеп артады.
Сонда теңіз жануарлары қай жағалауды паналамақ? Тұқымымен құрып кетер ме екен? Әлде ағысқа қарсы жүзіп, Жайықпен жоғары шыға ма? Қайткенде де, тығырыққа тірелген тәрізді.
Түйін: Сонымен, тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні қандай? Ол – итбалықтар санының тоқтаусыз кемуі. Ғалымдардың айтуынша, соңғы 10-15 жылда тұрақты түрде үш пайызға азайып келе жатыр екен. Бұған дейін де халықаралық табиғат ұйымы осы теңіз жануарларын қорғалуға тиіс топқа жатқызған. Енді олардың мүлдем құрып кету қаупі алдында тұрғанын айтып дабыл қағуда.
Бұрынғы жүргізілген зерттеулер итбалықтардың табиғи ортасының да ластанғанын, қорегінің де кемігенін көрсетті. Қашаған кенішінде бұрғылау жұмыстары жаңа басталғанда жүзбелі «Сұңқар» қондырғысында болғанбыз. Кемедегі кісілерге таң қалып, қол созым жерде жүзіп жүрген бейкүнә су жануарларын көргенбіз. Қазір солар қайда екен? Байырғы мекенінен безіп кетті ме? Әлде әлдеқашан белгісіз дерттен опат болды ма? Сонда бұған кім кінәлі?
Меңдібай Сүмесінов