Жарнама
ЖаңалықтарСаясатШаһар шырайы

Каспий конвенциясы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың асқақ беделінің, ерен еңбегінің нәтижесінде қабылданды

Ақтауда өткен Бесінші  саммитте Каспий конвенциясына қол қойылды. Бұған әрине, Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың саяси һәм асқақ беделінің, теңіздің құқықтық мәртебесін айқындау жолындағы ерен еңбегінің нәтижесінде қол жеткені даусыз. Сол себептен болар,  бұл саммитке  тек теңіз жағалауындағы елдер ғана емес, әлем көз тікті. Өйткені, бұл кезекті саммит емес еді. Жағалаудағы бес ел жиырма жылдан астам мерзімнен бері  теңіздің құқықтық мәртебесін айқындау үшін мемлекетаралық келіссөздерге қатысты.  Түркіменстан мен Иранда, Әзербайжан мен Ресейде төрт рет Каспий саммиті өтіп, конвенцияға қол қоюдың алғышарты жасалған болатын. 

Каспий конвенциясы – бес ел үшін маңызды құжат. Оны Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев «Каспийдің конституциясы» деп бағалады. Буырқанған асау толқындары Азия мен Еуропа құрлығындағы  бес елдің аумағын шайып жатқан көк теңіздің құқықтық мәртебесін айқындап берген осынау тарихи құжатты БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерриш қуаттап,  оған қол қойған мемлекеттер  президенттері  оң  пікірін білдірді.  Ал, сарапшылар  конвенцияның маңызы жайлы не дейді?

Президенттер

Антониу ГУТЕРРИШ,  БҰҰ Бас хатшысы:

–Бұл тарихи құжат халықаралық бейбітшілік пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін аса маңызды болып табылатын өңірлік ынтымақтастықтың маңыздылығын көрсетеді.

Владимир ПУТИН, Ресей Федерациясының Президенті:

–Бұл халықаралық келісім (Конвенция) біздің ортақ құндылығымыз болып отырған Каспийді пайдалану мен сақтау тұрғысында тыңғылықты, әрі көлемді ережелер мен міндеттемелер жиынтығын қамтып отыр. Осы арқылы Каспий бестігінің өзара іс-қимылы заманауи заңды негізге қол жеткізді. Ең бастысы, құжат теңіздің бейбіт мәртебесін қамтамасыз етуде. Бұл  стратегиялық құжат аясында бес елдің көптеген ведомстволарының ауқымды келіссөздері жүргізілді. Бұл ретте сарапшылық, әрі іскер топтар да назардан тыс қалмады. Каспий маңы елдері көшбасшыларының өзара түсіністігінің арқасында барлығының мүдделері ескерілген уағдаластыққа қол жеткіздік.

Алдымызда күрделі, әрі қызықты мақсаттар мен міндеттер тұр. Біз бұл мәселелерді дәйекті түрде шешуге ниеттіміз. Жалпы, елеулі жұмыстары үшін Қазақстан тарапына алғысымызды жеткіземіз.

Ильхам ӘЛИЕВ, Әзербайжан Республикасының Президенті:

–Каспийдің құқықтық мәртебесі туралы конвенцияға қол қою – тарихи маңыздылыққа ие. Бұл құжатты дайындаудың барлық кезеңінде Әзербайжан тарапы конструктивті түрде жұмыс істеп, өзге де Каспий маңы елдері секілді өзіміздің үлесімізді қостық. Сондықтан, бүгін аталған маңызды құжатқа қол қою үшін қолайлы жағдай жасалғанына әріптестеріме алғысымды айтамын. Негізі, осы конвенцияға дейін де Каспий тұрақтылық пен қауіпсіздіктің теңізі болды. Атап айтқанда, Каспийдегі қауіпсіздікке біздің қарым-қатынастарымыз кепілдік берді. Яғни, екіжақты, әрі көпжақты байланыстарды баршамыз достық негізде жүргіздік. Енді Каспийдегі қауіпсіздік біз қол қойған Конвенциямен айқындалады. Әрине, бұл өз кезегінде өзара тығыз іс-қимылдарға тиімді перспективаларды ашады. Сонымен қатар, экономикалық, әрі көліктік мәселелерді шешуге тың серпін беріледі.

Гурбангулы БЕРДІМҰХАМЕДОВ, Түркіменстан Республикасының Президенті:

– Бұл күн ғасырлар бойы қалыптасқан өзара қарым-қатынасымызға тың серпін беріп отыр. Саммит қорытындысына жоғары баға береміз, яғни баршамыз үшін маңызды құжатқа (Конвенцияға) қол қойылды. Бұл ауқымды жұмыстарға Каспий маңының барша елі белсенді қатысты. Осы орайда Конвенцияның ережелері тиімді орындалады деп сенемін.

Хасан РУХАНИ, Иран Ислам Республикасының Президенті:

–Біздің қатынастар достық негізде жалғасып жатыр. Сондықтан бұл қарым-қатынастарымыз уағдаластыққа қол жеткізудің басты факторы болды.

Зүлфия АМАНЖОЛОВА, ҚР Сыртқы істер министрлігінің Ерекше тапсырмалар жөніндегі елшісі:

–Біз  Каспийдің құқықтық мәртебесін реттеуді талап ететін су қоймасы ретінде бөлуге келістік. Қазақстанның ұстанымы Каспий теңізіне 1982 жылғы теңіз құқығы туралы БҰҰ Конвенциясының ашық теңіздерді бөліп және реттеу ережесін қолдануға негізделген. Ал, әзербайжандық тарап Каспий теңізін көл ретінде бөлуді ұсынды. Нәтижесіне назар аударсаңыз, Конвенцияда Каспий теңізінің түпкі бөлігі көл қағидаты бойынша, беткі жағы  бірқатар изомериямен теңіз заңының қағидасына сәйкес бөлінеді. Біз mutatis mutandis қағидасын ұстандық.

Санат КӨШКІНБАЕВ, ҚР Президенті жанындағы Стратегиялық зерттеулер институты директорының орынбасары, саясаттану ғылымының докторы:

–Қазақстан  үшін осы оқиға маңызды, өйткені, алдағы уақытта теңіз қайраңында мұнай-газ кен орындарын игеруге жаңа мүмкіндіктер ашылады. Екіншіден, көліктік тораптарға екпін қойылады, яғни Каспийдің транзиттік әлеуеті арқылы көршілес елдермен қарым-қатынас артады. Үшінші аспекті балық аулау мен экологияға негізделген. Бұл жерде ауқымды балық аулау аймағы бар екенін ескере отырып, осы орайда бес мемлекет бірыңғай экологиялық стандарттардың болуын қалайды. Себебі, өсімдіктер мен жануарлар әлемі үшін шекара деген түсінік болмағандықтан, біздің мақсат құрлықтың ортасындағы үлкен су қоймасын сақтап қалуға байланысты болып отыр. Сондықтан, экологиялық стандарттар бойынша бес мемлекет бірыңғай ұстанымда болғаны жөн. Бұл экологиялық тұрғыда барлық елге алға қарай бірге қадам жасауға жол ашады. Құқықтық статус аясында осы тектес өзекті мәселелер шешіледі.

Анастасия РЕШЕТНЯК, Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтының аға ғылыми қызметкері:

–Өзара талқылап, келісуді қажет ететін көптеген өзгешеліктер болды. Бұл тұрғыда Қазақстанның позициясы БҰҰ-ның 1982 жылғы халықаралық теңіз құқығы жөніндегі Конвенциясының Каспий теңізінің ерекше мәртебесін көрсететін өзгешеліктерін пайдалануға негізделуімен тиімді болды. Каспий – ерекше теңіз, сондықтан, оған жалпылай қарауға болмайды. Қазақстан тараптардың позицияларын жақындастыру үшін көп жұмыс жасады. Конвенция жобасы әлемдік теңізге шыға алмайтын ішкі елдерге жол ашып береді. Мысалы, Иран арқылы Парсы шығанағына аттануға болады. Бұл транзиттік тұрғыдан алып қарағанда, жаңа мүмкіндіктер туатынын көрсетеді.

Бауыржан ТҰРЛЫБЕКОВ,  Ұлттық экономика министрлігі  Стратегиялық жоспарлау және талдау департаменті директорының орынбасары:

–Иран бағытының келешегі зор. Иран арқылы бұрын қолжетімсіз болған жолдар ашылды. Кішігірім тактикалық, санкциялық қарама-қайшылықтар бар. Дегенмен, аталмыш блок біз үшін ашылып келеді, алда Иранмен, Сербиямен және тағы да басқа елдермен еркін сауда туралы келісім жасасамыз. Ресей, Әзербайжан, Түркіменстанмен, ЕАЭО және ТМД аясында жұмыс жасап жатырмыз.

Гүлзат КӨБЕНОВА, ҚР Тұңғыш Президенті кітапханасы директорының орынбасары:

–Каспий маңы мемлекеттері басшыларының бұған дейінгі барлық саммиттері мен өтіп кеткен Сыртқы істер министрлерінің кеңесі, Арнайы жұмыс топтарының отырыстары барлық тараптардың түйісу нүктесін іздеуге шоғырланғанын көрсеткен еді. Сондықтан да келіссөздердің күрделілігіне қарамастан, өзара қолайлы шешімдер консенсусына қол жеткізілді. Толықтай алғанда, конструктивті сұхбат ахуалы мен жоғары сенім деңгейін атап өткен жөн. Энергия ресурстарын өндіру мен тасымалдаудан бастап, экология мен қауіпсіздік салаларындағы келісімге дейінгі ынтымақтастықтың жаңа мүмкіншіліктері ашылады.

Өңірлік деңгейде бұл тек қана Каспий маңы мемлекеттерін ғана емес, сонымен бірге Орталық Азия елдерін жақындастыра түсуге септігін тигізеді. Ал, жаһандық деңгейде әлемдік жетекші державалардың ұсыныстарын қоса алғанда, Каспий маңы мемлекеттерінің ұлттық даму бағдарламаларын түйіндестіруге мүмкіндік береді.

Жолдасбек КӨШЕРБАЙҰЛЫ.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button